Елге сыйлы абзал ана

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқсан жас– екінің біріне бұйырмаған торқалы той. Кейде  пендешілікке бой ұрып, ұзақ жасаған адамдар жайында:  «Ешқандай бейнет көрмеген, ауырдың асты, жеңілдің үстімен, шалқып балқып өмір өткізген ғой», – деген сияқты қисық сөз  айтатын әдетіміз бар.  Әркімнің жүрген жолы өзіне аян. Еңсерген қиындығы да, көңілін жұбатқан  қуанышы да  олардың әжім басқан жүзінде, тарамыс тартқан қолынанақ көрінеді. Сондықтан  төрте отырған  қарттарымыз қашан да қадірлі.

Бүгінгі таңда тоқсанға толып отырған Мәриям Естекқызының өміріне көз жүгіртсек, ары мен абыройына  кір келтірмеген асыл ана.   Сонау  1955 жылы Жамбыл ауданындағы  Амангелді ауылына келін болып түскенде  сол шаңыраққа құт болып бұйырды.  Түскен шаңырағы да ел ішіндегі, «би түсетін» үй болатын. Отан соғысында бір көзінен айырылып келген  қайынатасы Қасен ақсақал – темірдей тәртіптің, айтпас-айтқанынан қайтпастың адамы. Қайыненесі Қанипа әжеміз келе жатқанда сол көшенің келіндері көзіне түспеуге тырысушы еді.  Бейсауат кездесе қалғандарының ескерту алмағандары кем де кем болатын. Қайран абыздар-ай, сондағыларыңды кезінде бағалай алмаған екенбіз. Бүгінгі таңда дүйім елге жөн айтпақ түгіл, өз шаңырағыңа да билігің шамалы.

Міне осындай шаңыраққа келін болған  Мәриям апамыз  Қойшы әкемізбен отау құрады. Ал әкеміз ауылдың кітапханасында кітапханашы болып қызмет атқаратын. Ол уақытта елдердің кәрі жасы түгел кітап оқитын. Шағын ғана ауылда радио торабы да жұмыс істеп тұратын.

Қазақ ауылындағы қарапайым қазақ келіннің ұлттық тәрбиемен өрілген   күнделікті өмірі көп адамның көзқарасын өзгерткені сөзсіз. Себебі ол кездері  қоғамда   оқыған қыз қазақы тәрбиеден жұрдай,  келіндік міндетін атқармайды, ата-енені сыйламайды деген көзқарас қалыптасқан еді. Міне осындай оғаш түсініктерді жоққа шығарған  келін –  осы Мәриям анамыз еді.  Ол Қызылжар қаласындағы мұғалімдер дайындайтын педучилищені 1954 жылы тамамдап, Аманкелді ауылындағы жеті жылдық мектепке мұғалім болып жұмыс істеді.  Мәриям Естекқызының  ұстаздық өмірі өнегелі,  әріптестері ортасында    абыройлы, беделі еді. Сондағы еңбек кітапшасында екі-ақ ауыз сөз жазылған.   жазылған  «Қабылданды»  және отыз жылдан соң зейнет жасына жетуіне орай «Босатылды»  деген жазу ғана бар. 

 Үйдегі шаруа мен мектептегі жұмысын қатар алып жүрген абзал ана    әдет-ғұрыптың барлығын бірін қалдырмай орындауға міндетті еді.  Сүрінуге болмайтын, сүрінсең сүйегіңе таңба болып қалатын, жүгі ауыр жауапкершілік. Түскен ортаңдағы барлық адамдарға өзіңше ат қою керек.  Үлкендері түгіл, кішілерінің де аттарын атауға тиым салынған болатын. Қазіргізаманда мұның барлығы ұмыт.  Сол кездегі туған-туысқанына қойған аттарды әлі күнге дейін ұмытпаған.

Қазақтың келіндері тұңғышына аяғы ауыр болып, іші біліне бастаған шақта ұялып, жұрт көзіне түсуден қашқақтап, білдірмеуге  тырысатын. Осындай ұяңдықпен жүріп өмірге үш ұл, бес қыз әкеліп, алтын  алқалы ана атанған.  Бала тәрбиесінде,  ұрмай соқпай ұрыспай, ақылмен, мейіріммен үйретуді Мәриям анамыздан бүкіл ауыл үлгі  ететін.

Қазіргі замандағыдай не керегіңнің бәрін дүкен сөрелерінде тізіліп тұрмайтын заманда тігіншілік, тоқымашылық өнерімен    ауылдың бәрін тәнті еткен. Әкем  Ғабдөлбәриге  бөрік, тымақ, шапан, көйлек тігіп әкеліп бергені есімде жаңғырып тұр. Өз отбасының  шаруасы  аз емес, оның үстіне  мектепте мұғалім. Соның өзінде  Мәриям Естекқызының  ауыл-аймаққа шарапаты  мол. 

Басындағы аппақ орамалын бір шешпеген  абзал ананың  алдындағы оқушыларынан бастап, ауылдағы ағайынға көрсеткен мейірімі, жақсылығы әлі есімізде. Осы уақыт ішінде бірде бір жанның көңіліне қаяу түсірмеген Мәриям Естекқызы қазір  мәпелеп өсірген  балаларының  ортасында  бақытты ғұмыр кешіп жатыр. 

                                                                              Жапар ҒАБДӨЛБӘРИҰЛЫ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp