ҚҰРЫЛЫС САПАСЫ – ЖІТІ НАЗАРДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жексенбі күні облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов облыс орталығында салынып жатқан нысандарды аралап, тұрғын үйлердің құрылысы мен абаттандыру жұмыстарының аяқталу барысын тексерді. Петропавл көшелерін жөндеу және саябақтарды салу жұмыстарымен де танысты.  «Жас өркен» және «Береке» шағынаудандарында жаңа емханалардың құрылысы аяқталуға жақын. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында «Орман» шағынауданында жаңа мектептің құрылысы басталды.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов  алдымен «Жас өркен»  шағынауданына барды. Мұнда Порфирьев көшесіндегі жаңа үйлердің жанындағы аумақты  абаттандыру жұмыстары жүріп  жатыр.

Петропавл қаласының әкімі  Серік Мұхамедиевтің айтуынша,   осындай абаттандыру жұмысы  Крылов көшесінде де жүргізу жоспарланған. Маңайдағы тұрғындар  сазды-салпақта қиналмас үшін   ең құрығанда асфальттің бірінші қабатын  төсеу қажет. Жаңа үйлердің біразына  тұрғындар қоныстанғанымен,  бос тұрған үйлерде әлі жарық жоқ.  Мәселен,  144 пәтерлі баспанаға жарық осы аптада тартылады деді жауапты тұлғалар. Олардың айтуынша, үйдегі пәтерлердің иесі бар. Баспананың қолданысқа тапсыру сәтінің кешеуілдеуі мердігер “Мөлдір” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инженерлік желілерді дұрыс жүргізбеуіне байланысты туындап отыр. Осы ретте  облыс әкімі  Ғауез  Нұрмұхамбетов  қазір олардың жұмысты сапалы аяқтауын қадағалауды тапсырды.

Бұл шағынауданда   «Құрылыс Сервис СК» серіктестігі  де  көпқабатты үй салып жатыр. Баспана желтоқсан айында тапсырылуы тиіс. Облыс әкімі мердігерден құрылыс қарқынын сұрады. Серіктестік директорының орынбасары Бексұлтан Жүнісов   құрылыс алаңында 12 тас қалаушы жұмыс істеп жатқанын айтты.  Жұмыс жоспарға сәйкес жүргізілуде, бір айдан кейін үйдің қаңқасын көтеріп,  ішкі жұмыстарды бастамақ. «Есиль-Строй-Экспертиза» ЖШС-нің  сарапшысы Виктор Ерошенко құрылыс жобаға сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты.    

Аталған шағынауданда “Альфа-Север” серіктестігі 250 орындық емхана салып жатыр. Құрылысы 2021 жылы  басталған нысан өткен жылы тапсырылуы керек-ті. Бірақ тиісті материалдың кешігуіне байланысты мердігер  емхана сыртын уақытында қаптай алмаған. Нысан  осы айдың соңында қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр.

Бұл емханаға 25 мыңға жуық адам тіркеледі.  Бұл өзге емдеу мекемелеріндегі кезек санын азайтуға ықпал етеді. Қазір қаладағы  3 мемлекеттік емхананың  әрқайсысы 70 мың жуық адамға қызмет көрсетеді.

Бұдан кейін  өңір басшысы Горький көшесіндегі үйлердің құрылысымен танысты. Бұл көшенің бойында салынып жатқан  202 пәтерлі үй дайын. Сыпырып, жуу жұмыстары ғана қалды. 101 пәтерлі  үйде  әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Жұмылдырылған жұмысшы саны  – 60. «Единство» ЖШС директорының орынбасары Зульфия Халитованың айтуынша,  үй қазан айында  тапсырылады.  

Осы күні  өңір басшысы  Горький көшесіндегі  абаттандыру,Жұмабаев көшесін  қайта қалпына келтіру, Чкалов пен Ғ.Мүсірепов көшелеріндегі орташа жөндеу  жұмыстарыментанысты.

– Бір жылдың ішінде  инженерлік коммуникация, су құбырын, кәріз  желісін тартып,  үстінен асфальт төсеу дұрыс емес.   Сондықтан қала басшылығының  жолдың тек төменгі қабатын төсеу жайлы шешімі  құптарлық. Себебі келесі жылға дейін жер қыртысы қозғалады, опырылады.  Сол кезде пайда болатын  кедір-бұдырды есепке алып,  жөндеген  дұрыс, – деді  облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Облыс орталығының аумағындағы Мещан орманында да абаттандыру жұмысы қызу жүріп жатыр. Үш гектардан астам жерге шағын футбол алаңы, жаттығу құралдарына арналған жер және BMX-алаңқай болады. Сондай-ақ волейбол және баскетбол алаңдары, теннис корты мен балалар алаңқайлары салынады.  Спорттық алаңдарға қоса ашық амфитеатр да орнатылады. «Орман» шағынауданында «ASTI» серіктестігі “Жайлы мектеп” жобасы аясында 600 оқушыға арналған білім  ордасын  салып жатыр.

Бұдан кейін облыс әкімі “Береке” шағынауданындағы 100 пәтерлі 6 үйдің маңайын абаттандыру барысымен танысты.   Жалдамалы баспана құрылысы уақтылы аяқталмай, тапсырылуы созылып кеткен еді.  Қазіргі таңда инженерлік желі тарту жұмыстары, асфальт төсеу ісі бір ай көлемінде аяқталады. Аталған шағынауданда  салынып жатқан мешіт маңындағы саябақтың да құрылысы жүріп жатыр. Өрнектасы төселген, тынығу орнына терек, емен мен қылқан жапырақты  көшеттер  егіледі.

–Барлық нысандарда құрылыс сапасын бақылауды күшейтіп, жұмыстарды мерзімінде аяқтау қажет. Апта сайын құрылыс және жөндеудің барысын тексеріп тұратын боламын, –деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp