Өңірімізге жұмыс сапарымен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров келіп, бірқатар агроқұрылымдардың басшыларымен кездесті, олардың көкейінде жүрген сауалдарына жауап берді. Биыл облысымыздағы егістік алқаптары орақ уақытында толассыз жауған жаңбырдан зардап шегіп, жаңа сұрыпты бидайдың сапасы біршама нашарлаған.
Министрдің сапары Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан басталды. Айдарбек Сейпілұлы облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовпен бірге «Ишим-Гарант» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің элеваторына барды. Астық қабылдау кәсіпорнының жұмыс кестесімен танысты. Бүгінде өңірдегі 317 астық кептіргіш күні-түні тоқтамай жұмыс істеп жатыр.
Бұдан кейін елордалық мейман осы аудандағы «АЗКО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабын аралап көрді. Министр өңір диқандары қолдаусыз қалмайтынын айтты.
Содан соң Айдарбек Сапаров Шал ақын ауданындағы «Стимул-23», Есіл ауданындағы «Рустикус» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің егіс алқаптарында болып, күзгі орақ науқанының барысымен танысты, агроқұрылым өкілдерімен әңгімелесті.
«Астықты өңір – Қызылжардағы шаруалардың жағдайы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бақылауында. Үкімет жауын-шашынның салдарын азайту үшін ұсынылған шараларды қолдады. Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға қосымша қаражат бөлу бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Өңірлерге арзан бағамен қосымша жанар-жағармай беріледі», – деді Айдарбек Сапаров.
Министр астықты кептіру үшін қосымша берілетін дизель отынының литрі 250 теңгеден аспайтынын айтты.
«Қазір астық нарығының жай-күйіне талдау жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша азық-түлік корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алудың әділ бағасын жариялайды. Компания тұқым қорын қалыптастыруды қамтамасыз етеді және нан өндіру үшін арзандатылған астықты жеткізу кестесін қайта қарайды», – деді министр.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, өңірге бидай кептіруге қосымша 19,7 мың тонна дизель отыны керек. Жанар-жағармайды жеті оператор жеткізетін болады. Қазіргі уақытта ведомство өтінімдер қабылдап жатыр.
Облыста, 22 қыркүйектегі жедел деректер бойынша 2 млн. гектардан астам немесе жалпы егіс алқабының 64,5 пайызы бастырылған. Әзірге әр гектардан өнімділік 10,5 центнерді құрап отыр.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».