Халықаралық қарттар күні қарсаңында облыс орталығында аға буын өкілдерінің басын қосқан кездесу өтті. Шараға ауданды, бастауыш ардагерлер ұйымдарының өкілдері, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып жүрген зейнеткерлер мен жастар қатысты.
-Облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен тәжірибеге енгізілген “Шын көңілден” мәдени-әлеуметтік жобасы өңірімізде кең қанат жайып, қолдау тапты. Бүгінгі шараның да мазмұны мен мәні бөлек. Осы кеште айтылатын жүрекжарды тілектеріміз, өнерпаздардың жан сергітер әндері өздеріңізге арналады. Бұл шараға облысымыздың ардагерлер қозғалысының алдыңғы шебінде жүрген ауылдық жерлердегі бастауыш ұйымдар мен аудандық кеңестердің белсенділері келіп отыр. Көптің көзіне түсе бермейтін, алайда әлеуметтік-тұрмыстық маңызы зор істердің белортасында жұріп, аға буынның ғибратты дәстүрін жалғастырған ел ардақтыларына Халықаралық қарттар күні аясында құрмет көрсетпекпіз. Біз ауылды жерлердегі белсенді ардагерлердің жүмысын ашып айта бермейміз. Облыстық ардагерлер кеңесінің ел деңгейінде жоғары бағаға ие болуына бастауыш, аудандық ардагерлер ұйымдары көп үлес қосты,- деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусінов.
Салтанатты шарада Мамлют ауданының құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Омаров, Шал ақын ауданының құрметті азаматы, Шал ақын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрар Оразалин, Ақжар ауданындағы Ащщыкөл ауылындағы бастауыш ұйым төрағасы Анапия Тұрсынов, Уәлиханов ауданындағы ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Сағынжан Садуақасов және өзге де белсенді жұмысымен көзге түскен азаматтарға құрмет көрсетілді.
Аудандардағы ардагерлер кеңестерінің ішінде Шал ақын ауданындағы кеңес жұмысы өңірге үлгі. Жыл басынан бері мұнда бірқатар игі бастамалар жұзеге асып, жұртшылықтың қолдауына ие болды. Шара барысында аталған аудандағы кеңес төрағасы Тұрар Оразалинге аудан басшылығы тарапынан сый беріліп, есімінің облыстық ардагерлер кеңесінің құрмет кітабына енгені жария болды. Жақсылық Ысқақов атындағы қордың арнайы сыйлығы да Тұрар Оразалинге табысталды. Ардақты азаматтың бар ғұмыры туған жері Шал ақын ауданында өтіп келеді. Ол осында интернат тәрбиешісі, мектеп директорының орынбасары, мектеп директоры, жұмысшылар комитетінің төрағасы, партия ұйымының хатшысы, аудандық газеттің редакторы болып қызмет еткен. Еңбекқор жан зейнетке шыққаннан кейін де шалақындықтардың ұсынысымен аудандық ардагерлер кеңесін басқарып келеді.
-Біздің жұмысымыздың басты мақсаты аға буынның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қарасып, мүдделерін қорғау. Бүгінде ауданда 3838 зейнеткер, 582 мүмкіндігі шектеулі қарт тұрады. Биыл 40 адам Аютас лагерінде демалуға мүмкіндік алды. Келе жатқан қарттар күніне де жоспарланған бірқатар шаралар бар. Одан бөлек дүниеден өткен ардагерлердің есімін жаңғыртуды ұмытпаймыз. Жуырда аудан орталығында даңқ мемориалы ашылды. Алдағы уақытта осындай ескерткіштерді әр ауылдық округте орнатуды жоспарлап отырмыз. Атақты Шал ақын, Ахметжан Нұртазин, Ермек Қонарбаевтардың мерейтойларын ұйымдастырдық. Мұның бәрі ауданда өткен облыстық ардагерлер кеңесінің көшпелі отырысында айтылып, жоғары бағаға ие болды,-дейді Тұрар Оразалин.
Осы күні шараға қатысқан құрметті меймандарға марапаттар беріліп, сый-сияпат табысталды. Өңіріміздің әр ауданының атынан келген жергілікті билік өкілдері де ардагерлерге сыйлықтарын беріп, игі тілектерін жаудырды. Жергілікті өнерпаздардың әсем әндері меймандарға ерекше көңіл күй сыйлап, кештің көркін келтіре түрті.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.