МАЛДЫ АСЫЛДАНДЫРУ – МАҢЫЗДЫ ШАРА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында нағыз дамыған ел  боламыз десек,  саяси реформалармен шектеліп қалмауымызды ескерте келіп, осы жұмысты  түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға тиімді ұштастыру міндеттерін қойды. Бүгінгідей  геосаяси ахуал ушығып тұрған сәтте экономиканың негізгі бағыттары бойынша орнықты даму  тұрақтылығымыздың  басты кепілі екені даусыз. Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды.  28 миллиард доллар тікелей шетел  инвестициясы тартылды. Сыртқы сауда-саттық 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы  қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады. Енді  жаhандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеріп,  технологиялық бәсеке қызған тұста  бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерге төтеп  беру өте қиын. Бұған  климаттың өзгеруін, азық-түлік қауіпсіздігі мен демографиялық тұрғыдан орнықты даму мәселелерін қоссақ, өзекті жайттардың аз емес екенін аңғарамыз. Осы себепті  Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұрымтал кезеңде зор экономикалық серпіліс тудыратын мүмкіндіктерді ұтымды қолдана отырып, еліміздің  біртіндеп жаңа  экономикалық үлгіге өту жолдарын, әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдардың өзегіне айналу қажеттігін айқындап берді.  Басты мақсат қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болып отыр.

   Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа  парадигмасының бір ұшығы  агроөнеркәсіп кешенінде  өте маңызды міндеттерді ұтқырлықпен үйлестіре білуге келіп тіреледі. Өкінішке қарай,  Мемлекет басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор болғанына қарамастан қолда бар мүмкіндіктер әлі толық іске асырылмай келеді. Басты талаптардың бірі– алдағы үш жыл ішінде  агроөнеркәсіптегі  өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу. Бұдан бөлек,  ет, сүт, астық өнімдерін тереңдетіп өңдеудің, өндірістік жылыжай  шаруашылықтарын өркендетудің мәні айрықша. Бұл жағынан алғанда, өңіріміздің әлеуеті өте жоғары. Жолдауда 100-ден астам ірі тауарлы-сүт фермалары салынып жатқан облысымыздың іс-тәжірибесі өзгелерге үлгі етілді. Өнім өткізу саясатына айрықша мән берілді. Қалай десек те,  жылдар бойы қалыптасқан  ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу өте маңызды. Бұл орайда,  жоғары технологияларға, озық инновациялық әдіс-тәсілдерге, заманауи ғылымға   сүйену арқылы ғана табысқа жете аларымыз анық.  Қазіргі таңда білім экономикасы,  еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту,  жасанды интеллект  жаhандық дамудың негізгі  факторларына айналып отырғаны жасырын емес. Алда 2025 жылға қарай  ішкі жалпы  өнімнің жыл сайынғы тұрақты өнімін 5 пайызға және одан да  жоғары деңгейге жеткізу, ол үшін шикізатқа байланған  менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру секілді ұлан-ғайыр міндеттер тұр. Президент негізгі  ресурсымыз – ауыл шаруашылығы саналатынын,  сондықтан ел ішінде ғана емес, шетелде де  сұранысқа ие  органикалық және экологиялық таза өнім өндіруге  зор мүмкіндіктер барын, ауыл шаруашылығы  өнімін экспорттау ісінде шикізатқа  негізделуден бас тарту керек екенін атап көрсетті.  Маңызды құжатта ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан қайта  жабдықтауды  қолдау  тәсілдерін мұқият қарауға  айрықша маңыз беріліп, елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету күн тәртібіне қойылды. Бұдан бөлек,  әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және жолдарды жөндеу арқылы ауылдардың  тұрмыс сапасын жақсарту әкімдерге жүктелді. Ғылым мен технология ғана емес, қоғамдық қатынастар да түбегейлі өзгеріп жатқан  кезеңде реформалық бағдарламалардың басқаша сипатқа ие болуы   батыл да жылдам әрекет ету, жүктелген тапсырмаларды  орындауға барлық күш-жігерді жұмылдыру – алдағы жұмыстың басты өлшемі.

Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты («СолтҚазМӨҒЗИ» ЖШС) ұжымының ғалымдары да  агроөнеркәсіп кешен тиімді аграрлық ғылымсыз алға баспайтынын жақсы түсінеді. Бұл орайда заманауи агротехнологиялар мен инновацияларға сүйенудің маңызы зор. Ұстанған мақсатымыз –нарықта сұранысқа ие  әрі бәсекеге қабілетті өнімдер өндіруге  және экспорттық әлеуетті арттыруға барынша ықпал жасау. Оған ішкі мүмкіндіктер де, ғылыми әлеует те  жеткілікті. 1962 жылы құрылған  «СолтҚазМӨҒЗИ» мекемесі  ауыл шаруашылығы саласында  ғылыми-знрттеу жұмыстарын дәйектілікпен жүргізе отырып, озық тәжірибелерді өндіріске енгізумен жүйелі түрде шұғылданып келеді. Ауыл шаруашылығы жануарларының селекциясы, мал азығын дайындау және азықтандыру бағытында  инновациялық шешімдер әзірлеуде,  өндірілетін мал шаруашылығы өнімінің көлемін, сапасын арттыруда қол жеткен табыстар аз емес. Мәселен, институт ғалымдары мен  мамандардың бірлескен жұмысының нәтижесінде «Алабота» асыл тұқымды мал зауытында   шөлейт, далалы табиғи жағдайда жақсы жерсіндірілген, жайылым талғамайтын, суыққа, ыстыққа төзімді, көнбіс қазақтың ақ бас сиырының мұқыл тұқымын шығару  ғылымдағы зор  жетістік, өнімділігі жоғары ірі қара малын генетикалық жағынан  жаңарту ретінде  бағаланды. Ол қазақтың ақбас сиырын ағылшындық герефорд аталық малымен будандастыру арқылы көпжылдық тәжірибе негізінде пайда болды. Ғылыми жетістіктердің біріне  Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы шаруашылықтарда қырдың қызыл сиыры тұқымының  сапалық тұрғыдан жақсаруын, ірі қара малдың төлін бордақылаудың,  сүт, жүн, қой етін өндірудің  инновациялық ресурс үнемдейтін технологияларының  қолданылуын  да айтуға болады. Сондай-ақ ғылыми әлеуетіміз  еліміздің теріскейінде мал азығын өндіруді жүргізу ісін жүйелеуге, мал табындарын өз есебінен толықтыруға, көкейкесті мәселелер бойынша тиісті орындарға   ғылыми ұсынымдар әзірлеуге, озық тәжірибелерді насихаттауға, ғылым жетістіктеріне билік пен инвесторлардың назарын аударуға,  ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуға  бағытталған.

            Мемлекет басшысы биыл өткен  Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында еліміздің ғылыми-техникалық саясатының басымдықтарын белгілеп берді.

             «Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі. Өкінішке қарай,  елімізде ұзақ жыл бойы оған баса назар аударылған жоқ. Соған байланысты шешімін таппай келе жатқан мәселелер аз емес. Тіпті бұл сала артта қалды деуге болады. Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек», – деген Президент көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болу мақсатын қойды. Жұмысты дұрыс үйлестіре алсақ, бұл шаруа қазақстандық ғалымдардың қолынан келері анық. Өйткені  ғылым саласындағы  оң өзгерістерді бастан кешіріп жатырмыз. Қаржыландыру біршама жақсарып, көлемі  артты. Ғылыми ұйымдар да жаңғырып, кәсіби мамандармен толыға түсті. Бірақ мұның бәрі жеткілікті деп айту ертерек. Әлі де тың серпін керек. Зоотехника ғылымын алсақ, көңіл көншітпейтін тұстар аз емес. Қазақстанның аграрлық жоғары оқу орындарында зоотехникалық факультеттер жоқ, Алматы, Семей зооветинстуттары жұмысын тоқтатты. Жоғары оқу орындарын қайта құру мен оңтайландыру осындай теріс көрініске соқтырды. Соның салдарынан сапасы жұртшылықты қанағаттандыра бермейтін азық-түлік өнімдерін көптеп өндіретін  ірі, мамандандырылған ауыл шаруашылығы құрылымдары қаптап кетті. Зоотехника бойынша оқу бағдарламалары (мал асылдандыру, селекция, генетика негіздер) мүлдем қысқартылып, оның орнын бакалавр басты. Көрші елдерде, керісінше, зоотехника мал шаруашылығы салаларын дамытудың  қозғаушы күші болып саналады, осы сала мамандары көптеп дайындалады, осылайша ауыл шаруашылығы жануарларының жаңа тұқымдарын, түрлерін шығару аймақтық үлкен сұранысқа ие. Сібір мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Сібір федералды округінің асыл тұқымды қызмет мамандарымен бірлесіп, жылына 5-7 мың литр сүт сауылатын қарала голштин тұқымын будандастырып шығарды. Симменталь тұқымы да Сібірдің қатал климатына тез жерсініп кетті. Қазақстандық селекционер–ғалымдар шаруашылық зоотехниктерімен тығыз ынтымақтаса отырып,  2009-2012 жылдары  жылына 4,5-5,5 мың литр сүт беретін сүтті мал  тұқымын («Ақ ырыс», «Сайрам», «Ертіс-Иртыш»)  шығарды. Оларды  келешекте отандық  қарала симменталь тұқымымен будандастыру арқылы  сапалық жағынан жақсарту белгіленгенімен, жобалар конкурстық комиссия тарапынан қолдау таппады. Себебі белгісіз. Мұндай келеңсіз жайт етті мал шаруашылығында да орын алған. Қазақтың ақбас тұқымы бойынша  соңғы селекциялық жетістік “Алабота” асылтұқымды мал зауытында жасалғанына тоқталған болатынбыз. Жақын және алыс шетелдерді елең еткізген жаңалық жергілікті билік назарынан тыс қалған сияқты. Арада 70 жыл өтсе де, ол дата ескерусіз қалып келе жатқаны өкінішті. Мүдделі мекеме ғана  бір монографиямен атап өтті. Селекциялық жаңалықтың авторлары  1950 жылы Сталиндік сыйлықпен марапатталғанының өзі неге тұрады?

      Бүгінде қазақтың ақбас сиыры үлкен сұранысқа ие екені қуантады. Сібірде  осы тұқым негізінде “Могойтуйский” етті малын Семей зоотехникалық институтының түлегі Б. Іңірбаев ойлап тапты. Голштин малының жаңа түрінің авторы да– осы оқу орнының түлегі,  ВАСХНИЛ академигі В. Гугля. Ол 17 жыл бойы Сібір мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын басқарды.  Қазір оған  Алматы зоотехникалық институтының түлегі, жерлесіміз А.Донченко жетекшілік етеді. Қазақстанның аграрлық жоғары оқу орындарында зоотехникалық факультеттерді қайтадан ашу проблемасын шешпей  шаруашылықтарды осы саланың білімді де білікті кадрларымен қамтамасыз ету түйінді мәселе күйінде қала бермек.

       Парламент талқылауына ұсынылған “Ғылым және ғылыми-техникалық саясат туралы” заң жобасында талантты жастарды ғылыми ортаға тарту туралы арнайы бап бар. Сібір ауыл шаруашылығы ғылым академиясы мектеп оқушыларын жастайынан  ғылымға тартудың бірнеше тәсіллерін қарастырған (бастауыш сыныптарда жаратылыстанушылар үйірмелеріне тарту, жоғары сыныптарда жаратылыстану ғылымдарын тереңдетіп оқытуға бейімдеу, “шағын ауыл шаруашылығы академияларын” құру, ғылыми зертханаларда ғылыми жұмыстарға қатыстыру, т.б.) Бізге де осы бағыттағы қадамдарды ширатып, заң нормалары арқылы рәсімдеген жөн секілді.

    Әрине мал асылдандыру саласындағы жетістіктерді жоққа шығарып, ауызды қу шөппен сүрте беруден аулақпыз. Ауыл шаруашылығы жануарларының тұқымдары бойынша палата құрылып, мал басын сұрыптау,  автоматтандырылған есепке алу жолға қойыла бастады. Бірақ бұл міндет мал иелерінің мойнына жүктелген.  Біздіңше,  мал тұқымын асылдандыру мен  селекциялық қызмет мемлекет тарапынан атқарылуы тиіс. Жыл сайын негізгі табындағы малдың 25-35 пайызы  жаңаланып отырмаса,  зоотехникалық талаптарға сай келеді деп айту қиын.

            Бүгінде сиыр еті мен сүтінің   70 пайыздан астамын фермерлік шаруашылықтар мен  үй шаруашылықтары өндіреді, оларда  мал басы 15-150-200 бас аралығында. Мұндай табындарда зоотехник, зооинженер ұстау өте қымбатқа түседі. Ал мәселені мал иелері өздігінен шеше алмайды, өйткені көбінің зоотехникалық мамандығы жоқ. Консалтингтік компаниялардың қызметіне жүгінсе, тағы да қалталары қағылады. Сондықтан шаруашылық құрылымдары жасанды ұрықтандыру негізінде селекцияны, асыл тұқымды істі жақсартудың, өсімді молайтудың негіздерін кәсіби түрде игергенше тиісті  ведомстволар көмек қолын созса, артық етпес еді.  Асыл тұқымды қызмет  те жанданып,  алға қарай дамуына игі әсер етері анық. Аграрлық колледждерде зоотехниктерді, жоғары оқу орындарында зооинженерлерді даярлау – уақыт талабы. Оларсыз зоотехника ғылымының жетістіктерін мал шаруашылығы саласына енгізу күрделі күйінде қала береді. Сондықтан мал тұқымын асылдандыру, зоотехникалық тұрғыдан бағалау, тиімді белгілеріне қарай таңдау, сұрыптау, төлді дұрыс өсіру, биологиялық және генетикалық жетістіктерге негіздеу малдың тұқымдық сапасын жақсартуға, өнімділігін арттыруға бағытталған шаралардың біртұтас жүйесі екенін ескермей болмайды. 

Аяз РАМАЗАНОВ,

Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі, Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу  институтының бас ғылыми қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp