УЕФА ТАЛАПТАРЫНА САЙ ЖӨНДЕЛУДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл қаласындағы құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысанды аралады. Өңір басшысы алдымен «Қарасай» стадионындағы қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.

Стадионда  өткен жылдың қазан айында ойын алаңының жабынын ауыстыру, оған жылыту қондырғыларын, автоматтандырылған суару жүйесін қою, матч-жарықтандыру, дизельді электр станциясын орнату жұмыстары басталған болатын. Осы мақсатқа 1 млрд. 282 млн.  теңге бөлінген. Жоба биыл қыркүйек айында аяқталуы тиіс еді. Алайда, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелеховтың айтуынша, стадионды  пайдалануға беру  үшін жөндеу жұмысын жалғастыру қажет.

«Стадионды қалыпқа келтірудің екінші кезеңінде трибунаны, ондағы орындықтарды ауыстыру, күнқағар орнату керек.  Еуропа футбол қауымдастықтары одағының  шарттарына сәйкес, стадиондағы орындықтардың 30 пайыздан астамы күнқағармен жабылуы қажет. . Сондай-ақ, жүгіру жолының тартан жабындысын ауыстыру маңызды», – деді Сергей Мелехов.

Ғауез Нұрмұхамбетов “Жастар”стадионына да барды. Биыл ғимараттың қасбеті күрделі жөнделіп, алаңның жасанды жабыны 117 млн. теңгеге ауыстырылған. Қазіргі уақытта мұнда “QYZYLJAR” футбол клубының жаттығулары мен ойындары өтеді.

Облыс әкімі Универсал және Кошевой көшелерін жалғайтын жаңа  автожол өткелінің құрылысымен  де танысты. Бұл өткел көліктің қаладан автожолға, кейін сол жерден «Петропавл – Астана» тас жолына шығуына мүмкіндік береді. Өткелдің құрылысына бөлінген қаржының  жалпы сомасы 5,358 млрд. теңге. Мұнда қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған.  Жаңа жол өткелі пайдалануға берілсе, қаладағы көлік ағыны жеңілдей түседі.

Петропавлдағы «Южный» шағынауданына жеке тұрғын үй салу үшін  кезекте тұрғандарға жер учаскелері берілуде.  Шағынауданда  жеке тұрғын үй құрылысына арналған инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Электрмен жабдықтау желілері орнатылып жатыр. Мердігер компания – “Электромонтаж” акционерлік қоғамы. Жұмысты атқаруға 2,6 млрд. теңге бөлінген. Жоспар бойынша бұл шаруа биыл аяқталуы тиіс. «Солнечный-2» шағынауданында да жұмыс қызған, мұнда электрмен жабдықтау жобасы аяқталуға жақын. Бұл мақсатқа 5,9 млрд. теңге бөлінген. Облыс әкімі жауапты ведомстволарға құрылыс барысын бақылауда ұстауды  тапсырды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp