Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры 25-ші маусымының шымылдығын ашты. Осыған орай театр өнерпаздары өнер ордасына келген көрермендерді әуезді саз, әсем әнмен қарсы алып, өлең оқып, би биледі. Жұртшылықпен сағынысып қауышқан актерлерге облысымыздың құрметті азаматы Болат Сағындықов батасын беріп, ардагер-ұстаз Қымбат Исманова ақ тілегін арнап, шашу шашты. Кейіннен меймандар театр актерлерімен әңгімелесіп, мәдениет ордасының тарихына қатысты сұрақтарға жауап бергендер қазан айында өздері қалаған қойылымды тегін тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Бұл кеште жергілікті «Әлқисса» ансабльі мен дәстүрлі әнші Ғалымжан Нұрпейісов те өнер көрсетті.
Жаңа маусымның ашылуына орай көрермендер назарына ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың әңгімесі негізінде сахналанған «Шолпанның күнәсі» қойылымы ұсынылды. Ең алғаш тұсауы 2018 жылы кесілген туынды талай додаларды қызылжарлықтардың абыройын асқақтатып, өнер ошағының қоржынына олжа салған. Туынды балалы болмауды тілеп, кейін тол тілегі үшін өкініп, басын тауға да, тасқа да соққан Шолпанның басынан өтетін қилы оқиғаларды баян етеді. Қойылымның сюжеті де, сахналануы да ерекше. Басты рөлді Грузияда өткен фестивальда «Үздік әйел актриса» атанған Арай Насырова сомдады.
Драманың негізгі өзегі отбасы жарасымын, ошақ қасының жылуын баянды етіп, артында із жалғайтын ұрпақ қалдыру дейтін ізгілікті көру маңдайына бұйырмаған бақытсыз әйелдің тұрлаусыз тағдырына құрылған. Сахнадағы оқиғалар негізінен бас кейіпкерлер Шолпан мен Сәрсенбайдың арасындағы сүйіспеншілік, сыйластық, бала сүю бақытын аңсап үміттену, тығырықтан шығар жол іздеп адасу, бір-бірінен түңілу, ақыр соңы ақ отаудың шаңырағын ортасына түсіріп, өмірден баз кешу секілді көріністер арқылы өрбиді.
Драмадағы басты айтылар ой түйіні – «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген халық даналығына келіп тіреледі. Өзі жақсы көріп қосылған Сәрсенбайға деген соқыр сүйіспеншілікке арбалған Шолпан қызығы мол тәтті күндерін қимай, Алладан «Бала бере көрме! Бала Сәрсенбай екеуміздің арамыздағы сүйіспеншілікті солдырады. Үй ішінің шырқын кетіреді. Маған бала емес, Сәрсенбай ғана керек» деп тілейді.
«Сөз жоқ, Сәрсенбай – белсіз. Сондықтан бала жоқ. Бала жоқ болған соң мен бақытсызбын. Мен бақытсыз болғанда Сәрсенбай бақытты ма? Оның жүрегі жанбай ма? Өзінің екі өмірді улаушы екенін ойлап, оның жүрегі жанбай ма? Сөз жоқ, мен бақытсыз болсам, Сәрсенбай да бақытсыз. Ендеше осы батып бара жатқан өмір кемесін бақыт жарына кім сүйреп шығара алады?» деген ойдың арбауында қалған шарасыз Шолпан ақыры Әзімбайдың құшағына құлайды.
Кеш соңында жұртшылыққа театр ұжымына жаңадан қосылған өнерпаздар таныстырылды. Бұрын көрерменге актер ретінде танылған Думан Адыкенов енді режиссерлік қызметті атқарады. Сонымен қатар ұжым қатарыны Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы, Көкшетаудағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі және жергілікті Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжін тамамдаған жас түлектердің қосылғаны белгілі болды. Театр ұжымын жаңа маусыммен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов құттықтап, жастарға ақ жол тіледі.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.