Әр минут қымбат

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі  Ғауез Нұрмұхамбетов өңірді  аралаудағы алғашқы жұмыс сапарын Қызылжар ауданына қарасты «Қызылжар сүт» фермасынан бастады. 2020 жылы ашылған кешенде 1200 бас ірі қара бағылады, оның 600-ы–сауын сиыр. Жылына 6 мың тонна сүт өндіріледі.

Заманауи тауарлы-сүт фермасының директоры Олжас Бектасовтың айтуынша, жабдықтар Германиядан әкелінген. Әр  сиыр күніне орта есеппен 28 литр сүт береді. Өнім «Масло-Дел», «Eurasian Milk», «Молсервис» кәсіпорындарына жіберіледі. Қазір фермада 70-тен астам адам жұмыс істейді. Орташа жалақы 310 мың теңгеге жуық. Жыл соңына дейін сауынды сиырлар саны 720-ға дейін көбейтілмек.

Пилоттық жобаның  іске асырылуы жайлы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев  баяндады.  Бұл мақсат үшін  республикалық қазынадан  35 млрд теңге бөлініп, 35 жоба қаржыландырылған. 1400 жұмыс орны құрылған.  Бүгінде  106 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Оның 36-сы заманауи кешен саналады. Биыл 18 жоба қаржыландырылып, алтауы  жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

Өңір  басшысы Смирново кентіндегі  элеватор жұмысымен де танысты. Астық қабылдайтын кәсіпорынның сыйымдылығы – 100 мың тонна.

Ауданда  егілген дәнді дақылдардың  85 пайызы  жинап алынған. Гектар  шығымдылығы–14 центнер. Аудан аумағында орналасқан 5 элеватор  310 мың тонна астық қабылдай алады. 50 мың тонна ел ризығы Смирново элеваторына жеткізілген. Осында  Қызылжар, М.Жұмабаев, Есіл аудандарының астығы да тазаланып, кептіріледі.  Өнімнің ылғалдылығы, ақуыз бен глютен көрсеткіштері озық технология арқылы тексеріледі.

Ғауез Нұрмұхамбетов “Полтавское” серіктестігінің егіс алқаптарында астық жинау және жемшөп дайындау барысымен танысты. ЖШС директоры Елтай Зікірин екінші жыл қатарынан  бидайдың канадалық сұрыбы егілетінін, орташа түсімділік  15-16 центнерден кем емес екенін жеткізді.  Күзгі орақ науқаны қиындықпен жүріп жатқанын жасырмады. Шаруашылықтың жалпы егістік жері–15 мың гектар, оның 500 гектары–жүгері.

Өңір басшысы танап басында аграршылармен кездесіп, ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды. Диқандарды алаңдататыны– астық сатуға  белгіленген баға.

«Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы астық бағасын жуық арада жариялауы тиіс. Нарықты тұрақтандыруға және жоспарлауға мүмкіндік беретін шешім қабылданады деген сенімдеміз. Алда тұрған басты міндет маңдай термен өсірілген астықты шашаусыз жинап алу, өндірістік және әлеуметтік салалаларда қалыптасқан жақсы дәстүрлерді одан әрі жүзеге асыру болып табылады.  Озық тәжірибелерді дәйектілікпен жалғастыру бәріміздің қалай жұмыс істеуімізге байланысты болмақ»,–деген   облыс әкімі  Ғауез Нұрмұхамбетов дәнді дақылдардың 80 пайызы қамбаға түскенін, жауапты науқанды өз деңгейінде аяқтау үшін қолайлы күндерді мейлінше тиімді пайдалану қажеттігін еске салды.  

                                                                                                                

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp