Елордада І республикалық педагогтер съезі өтті. Келелі жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысты. Сондай-ақ маңызды іс-шараға еліміздің әр өңірінен 700-ден аса педагог жиналды. Алқалы басқосуда білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер мен оның тиімді шешімдері айтылып, үздік педагогтер марапатталды.
5 мың педагог жетіспейді
Республикалық педагогтер съезін ашқан Президент әуелі білім беру саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
– Бүгін, шын мәнінде, өте маңызды жиын. Себебі ұстаз – ең алдымен, қадірлі маман. Ал ұстаз болу – қастерлі міндет. Бүгінде еліміздің болашағы жарқын болып, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүр. Жалпы, кім-кімнің де жақсы адам, мықты маман болуы ұстазына байланысты. Ахмет Байтұрсынұлы “Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек” деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Менің бастамаммен 2019 жылы “Педагог мәртебесі туралы” заң қабылданды. Кейінгі төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. “Болашақ” бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, ең алдымен білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, жаңа дәуірде мектептің жағдайы мемлекеттің дамуына тікелей ықпал етеді. Ал мектептің қандай болмағы ұстазға байланысты. Бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналды. Сондықтан бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет. Заманауи технологияның көмегімен білім беру жүйесін жедел әрі тиімді жаңғыртуға болады. “Білім саласын ең үздік халықаралық стандарттарға сай дамыту керек. Мұғалімдердің қажырлы еңбегі және оқушылардың дарыны мен талабы нақты жемісін беріп келеді. Өрендеріміз ширек ғасырда әлемнің ең беделді пән олимпиадаларынан 12 мыңға жуық медаль иеленді. Бұл – Израиль, Түркия, Канада сияқты білім сапасы жоғары мемлекеттермен шамалас көрсеткіш. Осының бәрі – педагогтердің табанды еңбектенгенінің жемісі.
Түрлі қиындыққа қарамастан, міндетін адал атқарып келе жатқан барша ұстаздарға алғысын білдірген Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына қатысты бірқатар маңызды мәселеге тоқталды.
– Бірінші мәселе. Ұстаздардың біліктілігін арттыруымыз керек. Мағжан Жұмабайұлы “Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі” деген. Халқымыз келешектің кілті білімде екенін терең түсінген. Сол себепті ұстазды ерекше қадірлеген. Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды. Алайда қазір мектептерімізде мамандар тапшы. Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетіспейді. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып барады. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар. Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтарға қатысты бағдарламалардың басым бөлігі заман талабын ескермейтін бұрынғы әдістемелерге негізделген. Заманауи тәсілдер мен технологияны енгізе отырып, оқу бағдарламаларын қайта қарау, жаңғырту қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент атап өткендей, жоғары курс студенттерінің педагогикалық тәжірибесіне айрықша мән беріледі. Болашақ мұғалімдер нақты білім беру үдерісіне барынша терең бойлау үшін жоғары оқу орындары мектептермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі керек. Жыл сайын елімізде магистр дәрежесін алған біліктілігі жоғары педагогтердің қатары артып келеді. Қазіргі таңда олардың саны 21 мыңнан асты. Олар – білім беру ісіне озық әдістерді енгізе алатын кәсіби мамандар. Жаңа типтегі білім беру ұйымдарының болашақ басшыларының негізгі құрамы осындай мамандардан жасақталады.
– Жалпы, педагогтердің біліктілігін бағалау және арттыру жүйесін жаңғырту қажет. Сонымен қатар салалық министрлік біліктілік талаптарын жиі өзгерту арқылы оқытушыларға қысым жасауды тоқтатуы керек. Ойына не келсе, соны істейтін шенеуніктердің жүгенсіздігіне тосқауыл қойған жөн. Мұғалімдер тыныш, тұрақты және алаңсыз жұмыс істеуге құқылы. Педагог кадрлардың 60 пайызға жуығы өңірлік жоғары оқу орындарында даярланады. Сондықтан өңірлер деңгейінде жас мұғалімдерді қолдаудың маңызы зор. Әкімдер педагогтерді даярлау және жұмысқа орналастыру үшін қолайлы жағдай жасауы керек, – деді Президент.
Мектеп ең қауіпсіз орынға айналуға тиіс
– Екінші мәселе, балаларымыз заманға сай озық білім алуы қажет. Қазір еңбек нарығы өте жылдам өзгеріп отыр. Көптеген салаға жасанды интеллект еніп жатыр. Бұл үдеріс жылдан-жылға қарқын ала беретіні сөзсіз. Бүгін жоғары сұранысқа ие мамандық ертең қажет болмай қалуы мүмкін. Ғалымдар 2050 жылға қарай қазіргі кәсіптердің жартысына жуығын цифрлық және техникалық жүйелер алмастырады деген болжам айтады. Сондықтан азаматтарымыз жаңа заманға қажетті дағдыларды үйренуі керек. Бұл – өте маңызды міндет. Бұрын “алған дипломың өмір бойы азық болады” деген түсінік бар еді. Енді оның орнын “Өмір бойы оқы және үйрен” деген қағида басуы керек. Қазір жұмыс берушілер үшін, ең бастысы, диплом немесе сертификат емес. Олар іздене білетін, жаңа талапқа икемделе алатын, тәртіпті әрі ұқыпты жас мамандарды бағалайды. Яғни қызметкердің қолындағы қағазға емес, қарым-қабілетіне мән береді. Сондықтан әр азамат үздіксіз оқуы керек. Осындай білімге құштарлықты баланың бойына мектептен бастап сіңіру қажет. Яғни балаларымыз білікті маман болсын десек, ең алдымен, орта білім сапалы болуы керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші мәселе ретінде мектептегі орын тапшылығын жоюға тоқталды. Адам капиталы – ең басты байлық. Халқымыздың саны 20 миллионға жуықтап қалды. Елімізде жыл сайын 400 мыңнан аса бала дүниеге келеді. Демек, мектепке баратын бүлдіршіндер саны артады. Оқушылардың да жалпы саны екі есе көбейеді. Алдағы үш жылда 1 миллионнан астам жеткіншек студент атанады. Бұл – әрине, қуантарлық жайт. Алайда демографияның өсу қарқыны білім беру жүйесіне үлкен салмақ түсіреді. Қазірдің өзінде мектеп тапшылығы ең өзекті мәселенің бірі болып тұр. Тәуелсіздік жылдарында елімізде 2300-ге жуық мектеп салынды. Соның нәтижесінде төрт ауысыммен оқытудан арылдық. Дегенмен “үш ауысыммен” оқу жүйесі әлі күнге дейін сақталған. Көптеген мектептің техникалық жабдығы ескірген. Осы мәселенің бәрін жоспарлы түрде шешу қажет.
– Менің бастамаммен елімізде “Жайлы мектеп” жобасы жүзеге асырылып жатыр. Екі жылдың ішінде барлық аймақта, соның ішінде ауылдық жерлерде жүздеген білім ордасы салынады. Соның нәтижесінде үш ауысыммен оқытудан біржола құтыламыз. Жақында ғана мен еліміздің кәсіпкерлерімен кездесу барысында қайырымдылық ретінде облыстарда, қалаларда мектеп салу керектігі туралы мәселені қозғадым. Бұл – азаматтық жауапкершілік деген сөз. Сондықтан кәсіпкерлеріміз осы жұмысқа белсенді түрде кіріседі деп ойлаймын. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылғандардың заңсыз тапқан табысы мектеп салуға жұмсалып жатыр. Қазірдің өзінде 13 мектеп салынды. Жыл соңына дейін тағы да 33 мектеп бой көтереді. Жаңа мектептердегі білім беру деңгейі жоғары болуы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл – Президент мән берген төртінші мәселе. Мектепте балалар өздерін қай жағынан да жайлы сезінуі керек. Бөгде адамдарды мектепке кіргізуге болмайды. Сондықтан білім ошақтарының бәріне дабыл қағу, бейнебақылау жүйесі орнатылады. Жақында Астана мектептерінің бірінде оқыс оқиға болды. Оқушы ауыр жарақат алды. Бұл жағдай білім ошақтарында қауіпсіздік талаптары толық сақталмайтынын көрсетіп отыр. Әсіресе көп жыл бұрын салынған ескі мектептер талапқа сай емес. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, мектептердің қауіпсіздігін толық тексеруі керек. Сондай-ақ жаңа мектептердің жобасын жасағанда бұл мәселе мұқият ескерілуге тиіс.
Президент атап өткендей, оқушылардың бір-біріне әлімжеттік, тіпті, зорлық көрсетуі тыйылмай отыр. Соның кесірінен олар өз-өзіне қол жұмсауға дейін барып жатыр. Буллинг балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына және олардың жан дүниесіне орны толмас зиянын тигізеді, даму үдерісіне кері әсер етеді. Балалардың әлеуметтік ортадан шеттеп қалуына, ой-санасының бұзылуына әкеп соқтырады. Мемлекет баланың құқығы мен қауіпсіздігінің қорғалуын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ буллингке біржола тосқауыл қоюы қажет.
– Кейінгі уақытта маған зорлық-зомбылық көрген балалардың ата-аналарынан өтініштер келіп түсіп жатыр. Жасөспірімдердің қылмыстық психологиясы мен кейбір мұғалімдердің немқұрайлығының құрбаны болған балалардың жай-күйі жүректі ауыртады. Мен Президент әкімшілігіне қылмыс жасағандарды заң жүзінде жазалау үшін осындай жағдайлардың бәрін айрықша бақылауға алуды тапсырдым. Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура балалардың қауіпсіздігіне қатысты өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруға тиіс. Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен мұндай жағдайлардың бәрін тіркеп, маған баяндауы қажет. Қатаң шара қолданамыз. Мектептерде зорлық-зомбылық жасаушыларды басқа жолмен тоқтату мүмкін емес. Білім ошақтарында қылмыстық психологияның таралуы секілді келеңсіздікті түбірімен жою керек. Сондықтан осы жиынға Ішкі істер министрі мен Бас прокурордың бірінші орынбасарларын арнайы шақырдым. Тапсырманың орындалуын талап етеміз. Мен кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасаған адамдардың жазасын қатаңдатуды тапсырдым. Бұл бастама жақын арада жүзеге асады. Барша ата-анаға айтарым: балаларыңыздың зорлық-зомбылық жасауына, қоғамдық тәртіпті бұзуына жол бермеңіздер. Әсіресе оларды мұғалімдердің алдында қорғамаңыздар. Баланың бетінен қақпаймын деп, оның теріс қылықтарына көз жұма қараудың соңы келешекте қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін, – деді Президент.
Білім сапасындағы теңсіздік жойылады
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тағы бір маңызды міндет – қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жою. Ауыл балаларының білім алу мүмкіндігі шектеулі екені баршаға мәлім. Бұған қажетті құрал-жабдықтың және білікті педагогтердің тапшылығы себеп болып отыр. Ауылдағы білім ошақтарының тең жартысы – шағын мектептер. Онда барлық пәннің мұғалімі бола бермейді. Бір сыныпта әртүрлі жастағы балалар оқиды. Мұның бәрі – жылдар бойы қордаланған түйткілдер. Оның көбі жұрттың жаппай қалаға көшуіне байланысты туындады.
– Ауыл мектептерін зияткерлік, сондай-ақ қоғамдық орталық ретінде дамыту маңызды. Ауыл мектебі жергілікті жұртты ортақ іске жұмылдырады. Осы орайда кәсіпкерлер қауымына да зор міндет жүктеледі. Қазір мемлекет пен бизнестің серіктестігі арқылы ауыл мектебін жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Осы тәсілмен үш жылдың ішінде кем дегенде мың ауыл мектебін керек-жарақпен толық жабдықтау қажет. Ауыл мектептерінің кітапханаларын дамыту мәселесіне баса мән берген жөн. Кітапханада қажетті кітаптың бәрі болуы керек. Яғни әдебиет қала және ауыл оқушыларына бірдей қолжетімді болуға тиіс. Балаларға тең мүмкіндік беру үшін білім сапасын барлық аймақта бірдей жақсарту керек. Отбасы жағдайына, өскен ортасына қарамастан, барлық баланың сапалы білім алуға қақы бар, – деді Президент.
– Білім беру үдерісін цифрландыру қарқынын жеделдету маңызды. Шын мәнінде, Қазақстанда әлемнің беделді оқу орындарымен бәсекелесе алатын мықты мектептер бар. Бірақ ондай білім ошақтарында балаларымыздың жүзден бір бөлігі ғана оқиды. Ал цифрлық шешімдер озық педагогикалық тәжірибені тез әрі тиімді түрде кеңінен таратуға мүмкіндік береді. Сол арқылы, тіпті, шалғай аудандардағы оқушыларды еліміздің және әлемнің үздік ұстаздарының материалдарымен және сабақтарымен қамтамасыз етуге болады. Сондықтан еліміздегі барлық ауыл мектебіне жылдамдығы жоғары интернетті қолжетімді ету мәселесін шешу аса маңызды. Бұл – Үкіметтің алдындағы шұғыл міндет. Ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету – Цифрлық даму министрлігіне де, облыс әкімдеріне де жүктелетін жауапкершілік. Алты айдан кейін берілген тапсырманың орындалуын тексеремін, – деді Президент.
Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, жалпы, білім беру жүйесін мүлде жаңа деңгейге шығару үшін ауқымды цифрлық трансформация жұмыстарын жүргізу керек. Ең алдымен, 2027 жылға дейін интернет желісі әлі тартылмаған мектептердің бәрін жылдамдығы жоғары интернетке қосу қажет. Бұл ретте олардың әрқайсысында жергілікті желі орнатылуға тиіс. Бұл өзекті мәселені шешуге “Қолжетімді интернет” ұлттық жобасы септігін тигізеді. Сонымен қатар барлық мектеп оқушысына сапалы оқыту контенті бар озық цифрлық платформалардың, соның ішінде электронды оқулықтардың қол жетімділігін қамтамасыз ету маңызды. Бұл ретте барлық материал салалық сараптамадан мұқият өткізілуі керек.
– Осы орайда мен қайырымдылықпен айналысатын азаматтарды, ең алдымен, ауыл мектептеріне көмектесуге шақырамын. Мұғалімдерді негізгі цифрлық құралдарды қолдана білуге үйрету маңызды. Әрбір ұстаз тек өз пәнін жетік біліп қана қоймай, кең мүмкіндіктерге жол ашатын заманауи технологияларды да меңгеруге тиіс. Оқу үдерісінде цифрлық шешімдерді қолдану қалыпты жағдайға айналды. Қашықтан оқыту жүйесін белсенді түрде енгізу қажет. Дәстүрлі және онлайн форматтарды ұштастыру балалардың ақпаратты өз бетінше іздеу дағдысын дамытып, мектептегі ортаға бейімделу мүмкіндіктерін сақтауға ықпал етеді. Қашықтан оқыту көптеген елде сәтті қолданылып келеді. Пандемия кезінде бізде де осындай тәжірибе болды. Онлайн оқыту жүйесін одан әрі дамыту үшін тиісті құқықтық негіз қалауымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, оқушыларға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беру де маңызды. Мемлекеттің тірегі – адал азаматтар. Елімізде осы қағидаға негізделген жаңа қоғамдық этика орнығуға тиіс. Мектеп ізгілік қағидаларын, адамзатқа ортақ құндылықтарды балалардың бойына сіңіретін орталыққа айналуы керек. Жас ұрпақ әділ, адал, үнемшіл, еңбекқор, білімпаз, отаншыл әрі жанашыр болуға ұмтылғаны абзал. Ұлттың жаңа сапасы дегеніміз – осы. Тәрбие ісінде ұлттық педагогика бастауларын да назардан шығармаған жөн. Балаларымыздың бойына қазақтың салт-дәстүрі мен құндылықтарын сіңіру аса маңызды. Халқымыз қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Қадір-қасиет, абырой, парыз секілді ұғымдарға атүсті қарамаған. Яғни төл мәдениетіміз де жастар тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Еңбекқорлықты дәріптеу үшін балаларды жастайынан еңбекке баулу қажет.
– Мен қоғамда жиі талқыланатын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек. Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз. Білім беру саласының алдында ауқымды міндет тұр. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру. Әрбір бала мектептен сапалы білім алып, жақсы адам, адал азамат болып шығуы керек. Бәріміз осы маңызды мақсат жолында табанды еңбек етуіміз қажет. Ұлы Абай “Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деген. Сіздер осы қастерлі миссияны әрдайым абыроймен атқарасыздар деп сенемін. Мемлекет ұстаздардың мәртебесі, беделі жоғары болуына әрдайым баса мән береді, – деп аяқтады сөзін Президент.
Үздік ұстаздарға құрмет
Мемлекет басшысы өз баяндамасынан кейін үздік жетістіктері және елге сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар мұғалімге “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” құрметті атағын берді. Аталған марапат еңбек ардагері Майра Мәмбетоваға (Алматы қаласы), Қожаберген жырау атындағы орта мектептің мұғалімі Айжан Қапезоваға (Петропавл қаласы), С.Әбдіжаппаров атындағы жалпы орта мектеп-интернатының мұғалімі Роза Салимоваға (Түркістан облысы), А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Сәбира Күлпейісоваға (Қарағанды қаласы), академик Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешенінің мұғалімі Сәбит Ибадуллинге (Павлодар облысы), Райымбек батыр атындағы №50 “Қазғарыш” мектеп-лицейінің мұғалімі Айгүл Ержановаға (Астана қаласы), Ақтөбе облыстық мамандандырылған “Білім-инновация” лицей-интернатының мұғалімі Баян Базарғалиеваға салтанатты түрде табысталды.
Өз кезегінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру саласын дамытуға бағытталған бірқатар жұмысқа тоқталды.
– Биыл алғаш рет педагогтердің кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күні 5 қазанға бекітілді. Бұл мереке ең асыл, жауапты әрі маңызды мамандық иелерін біріктіре түсері сөзсіз. Бүгінгі таңда еліміздегі мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру саласында 500 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Мемлекет басшысының қолдауымен 2019 жылы маңызды мәселелердің бірі – педагог мамандығына ерекше мәртебе беру туралы шешім қабылданды. Төрт жыл ішінде педагогтердің еңбекақысы екі есе өсті. Бүгінде 220 мыңдай мұғалімге тағайындалған санаттарына қарай 50 пайызға дейін үстемақы төленіп отыр. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда еңбек ететін 97 мың педагогтің жалақысы тағы 30 пайызға өсті. Сонымен қатар биыл алғаш рет 90 мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті, – деді министр.
Сала басшысының сөзіне сүйенсек, қазір мұғалімдерді аттестаттау үдерісі жетілдіріліп жатыр. Білім беру жүйесінің үздіксіз дамуы үшін барынша жағдай жасау керек. Әрбір ұстаздың еңбегі шәкірттерінің жетістігімен бағалануы керек. Бұл үшін мұғалімдерді ұлттық платформа негізінде аттестаттауды автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол объективті әрі ашық болуға тиіс. Педагогика және оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталды. Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі тек модератор мен сарапшыға ауысқан кезде ғана өз пәні бойынша бағаланады. Еліміздің үздік мұғалімдері “Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы” республикалық кадр резервіне қабылдана алады. Ал ең мықтылары “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелдік тағылымдамадан өтуге жіберіледі.
– Біз қазіргі мұғалім имиджін, халық дәріптейтін “ұстаздың орны – төр” бейнесіне дейін қайта көтеріп, жаңғыртуға міндеттіміз. Осы мақсатта министрлік білім саласында 30 және одан да көп жыл еңбек еткен мұғалімдерді “Еңбек ардагері” медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады. Алғаш рет Республикалық педагогика қызметкерлерінің ардагерлер кеңесі құрылды. Мұндай кеңестер еліміздің әр аймағында құрылады. Осы жасалған шаралар сіздердің еңбектеріңізге, кәсіби шыңдалуларыңызға қолайлы жағдай туғызып, балаларымыздың білім сапасын арттыруына себеп болатынына бек сенімдімін. Бізге бүкіл қоғамның тәрбиелік миссиясы жүктелді. Біз, ұстаздар, еліміздің оң имиджін насихаттайтын, саналы да толерантты, заманауи ұрпақ қалыптастырудың қозғаушы күшіне айналуға тиіспіз. Мектеп – жай ғана оқу орны емес, ол балаларға өмірдің ең маңызды құндылықтарын сіңіретін орын. Олар жоғары мәдениетке, отансүйгіштікке, еңбексүйгіштікке сусындап, өз еліне ризашылығын түсіне білу керек. Бұл үшін біз, ұстаздар, санамызды өзгертіп, даналық пен тектілік, жақсылық пен шығармашылық адамына айналуымыз керек, – деді Ғ.Бейсембаев.
Президент пен жиналған жұртшылықтың алдында сөз алған бірнеше педагог мұғалім мамандығының маңызы мен білім беру саласындағы өзекті мәселелер туралы баяндады. Атап айтқанда, Павлодар қалалық А.Байтұрсынұлы атындағы инновациялық типтегі орта мектеп директорының орынбасары Әсет Серікбаев мұғалім болу мамандық қана емес, өмір сүру салты екенін жеткізсе, Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Қаратоғай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Фариза Мұқан: “Ауылдық жердегі мектеп – ауылдағы ең басты әлеуметтік орта”, – дейді. Ал А.Сейдімбек атындағы Астана қалалық №54 мектеп-лицейі директорының орынбасары Қайрат Мұқашев “Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы” кадрлық резерві жобасының маңызына тоқталса, Көкшетау қаласындағы Ж.Мусин атындағы Қазақ педагогикалық колледжінің оқытушысы Анастасия Кравченко ұстаз мәртебесі еліміздегі әр мұғалімнің кәсіби шеберлігіне байланысты екенін айтты.
(“Egemen Qazaqstan”,
6 қазан 2023 жыл).