«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мұғалім болу – қастерлі міндет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елордада І республикалық пед­агогтер съезі өтті. Келелі жиынға Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысты. Сондай-ақ ма­ңызды іс-шараға еліміздің әр өңі­рінен 700-ден аса педагог жиналды. Алқалы басқосуда білім беру жүйе­сіндегі өзекті мәселелер мен оның тиімді шешімдері айтылып, үздік пе­дагогтер марапатталды.

5 мың педагог жетіспейді

Республикалық педагогтер съе­зін ашқан Президент әуелі білім беру саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

– Бүгін, шын мәнінде, өте ма­ңызды жиын. Себебі ұстаз – ең алды­мен, қадірлі маман. Ал ұстаз болу – қастерлі міндет. Бүгінде еліміздің болашағы жарқын болып, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалім­дер қауымы аянбай еңбек етіп жүр. Жалпы, кім-кімнің де жақсы адам, мықты маман болуы ұстазына бай­ланысты. Ахмет Байтұрсынұлы “Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек” деген. Ұлт ұста­зының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағы­лымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Менің баста­маммен 2019 жылы “Педагог мәр­тебесі туралы” заң қабылданды. Кейінгі төрт жылда ұстаздардың жал­а­қысы 2 есе өсті. Жақында бала­бақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесі­не баса мән беріліп жатыр. “Бола­шақ” бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңда­ған жастарға қойылатын талап кү­шейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, ең алдымен білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз, – деді Мемлекет бас­шысы.

Президенттің айтуынша, жаңа дәуірде мектептің жағдайы мемле­кет­тің дамуына тікелей ықпал етеді. Ал мектептің қандай болмағы ұс­тазға байланысты. Бүгінде педаго­гика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналды. Сон­дықтан бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет. Заманауи техноло­гияның көмегімен білім беру жүйесін жедел әрі тиімді жаңғыртуға болады. “Білім саласын ең үздік халықаралық стандарттарға сай дамыту керек. Мұғалімдердің қажырлы еңбегі және оқушылардың дарыны мен талабы нақты жемісін беріп келеді. Өрен­деріміз ширек ғасырда әлемнің ең беделді пән олимпиадаларынан 12 мыңға жуық медаль иеленді. Бұл – Израиль, Түркия, Канада сияқты бі­лім сапасы жоғары мемлекеттермен шамалас көрсеткіш. Осының бәрі – педагогтердің табанды еңбектенгені­нің жемісі.

Түрлі қиындыққа қарамастан, міндетін адал атқарып келе жатқан барша ұстаздарға алғысын білдірген Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласы­на қатысты бірқатар маңызды мәсе­леге тоқталды.

– Бірінші мәселе. Ұстаздардың біліктілігін арттыруымыз керек. Мағ­жан Жұмабайұлы “Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі” деген. Халқымыз келешектің кілті білімде екенін терең түсінген. Сол себепті ұстазды ерекше қадірлеген. Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалып­тастыру үдерісіндегі ең ма­ңызды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды. Алайда қазір мектептерімізде ма­ман­дар тапшы. Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетіспейді. Бұл көр­сеткіш жылдан-жылға артып барады. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар. Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтарға қа­тыс­ты бағдарламалардың басым бө­лігі заман талабын ескермейтін бұ­рынғы әдістемелерге негізделген. Заманауи тәсілдер мен техно­ло­гияны енгізе отырып, оқу бағдар­ла­маларын қайта қарау, жаңғырту қа­жет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент атап өткендей, жоға­ры курс студенттерінің педаго­гикалық тәжірибесіне айрықша мән беріледі. Болашақ мұғалімдер нақты білім беру үдерісіне барынша терең бойлау үшін жоғары оқу орындары мектептермен тығыз қарым-қаты­наста жұмыс істеуі керек. Жыл сайын елімізде магистр дәрежесін алған біліктілігі жоғары педагогтердің қата­ры артып келеді. Қазіргі таңда олар­дың саны 21 мыңнан асты. Олар – білім беру ісіне озық әдістерді енгізе алатын кәсіби мамандар. Жаңа типтегі білім беру ұйымдарының бо­лашақ басшыларының негізгі құрамы осындай мамандардан жасақталады.

– Жалпы, педагогтердің білікті­лігін бағалау және арттыру жүйесін жаңғырту қажет. Сонымен қатар са­лалық министрлік біліктілік талап­тарын жиі өзгерту арқылы оқыту­шыларға қысым жасауды тоқтатуы керек. Ойына не келсе, соны істейтін шенеуніктердің жүгенсіздігіне тос­қауыл қойған жөн. Мұғалімдер ты­ныш, тұрақты және алаңсыз жұмыс істеуге құқылы. Педагог кадрлардың 60 пайызға жуығы өңірлік жоғары оқу орындарында даярланады. Сондықтан өңірлер деңгейінде жас мұға­лімдерді қолдаудың маңызы зор. Әкімдер педагогтерді даярлау және жұмысқа орналастыру үшін қолайлы жағдай жасауы керек, – деді Пре­зидент.

Мектеп ең қауіпсіз орынға айналуға тиіс

– Екінші мәселе, балаларымыз заманға сай озық білім алуы қажет. Қазір еңбек нарығы өте жылдам өзге­ріп отыр. Көптеген салаға жасанды интеллект еніп жатыр. Бұл үдеріс жыл­дан-жылға қарқын ала беретіні сөзсіз. Бүгін жоғары сұранысқа ие ма­мандық ертең қажет болмай қалуы мүмкін. Ғалымдар 2050 жылға қарай қазіргі кәсіптердің жартысына жуы­ғын цифрлық және техникалық жүйе­лер алмастырады деген болжам ай­тады. Сондықтан азаматтарымыз жаңа заманға қажетті дағдыларды үйренуі керек. Бұл – өте маңызды мін­дет. Бұрын “алған дипломың өмір бойы азық болады” деген түсінік бар еді. Енді оның орнын “Өмір бойы оқы және үйрен” деген қағида басуы ке­рек. Қазір жұмыс берушілер үшін, ең бастысы, диплом немесе сертифи­кат емес. Олар іздене білетін, жаңа талапқа икемделе алатын, тәртіпті әрі ұқыпты жас мамандарды баға­лайды. Яғни қызметкердің қолында­ғы қағазға емес, қарым-қабілетіне мән береді. Сондықтан әр азамат үз­дік­сіз оқуы керек. Осындай білімге құштарлықты баланың бойына мектеп­тен бастап сіңіру қажет. Яғни ба­лаларымыз білікті маман болсын де­сек, ең алдымен, орта білім сапалы болуы керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші мә­селе ретінде мектептегі орын тапшы­лығын жоюға тоқталды. Адам капи­талы – ең басты байлық. Халқымыз­дың саны 20 миллионға жуықтап қал­ды. Елімізде жыл сайын 400 мыңнан аса бала дүниеге келеді. Демек, мек­тепке баратын бүлдіршіндер саны артады. Оқушылардың да жалпы саны екі есе көбейеді. Алдағы үш жылда 1 миллионнан астам жеткін­шек студент атанады. Бұл – әрине, қуантарлық жайт. Алайда демогра­фия­ның өсу қарқыны білім беру жүйе­сіне үлкен салмақ түсіреді. Қа­зірдің өзінде мектеп тапшылығы ең өзекті мәселенің бірі болып тұр. Тәуел­сіздік жылдарында елімізде 2300-ге жуық мектеп салынды. Соның нәтижесінде төрт ауысыммен оқыту­дан арылдық. Дегенмен “үш ауысым­мен” оқу жүйесі әлі күнге дейін сақ­талған. Көптеген мектептің техника­лық жабдығы ескірген. Осы мәселе­нің бәрін жоспарлы түрде шешу қажет.

– Менің бастамаммен елімізде “Жайлы мектеп” жобасы жүзеге асы­рылып жатыр. Екі жылдың ішінде бар­лық аймақта, соның ішінде ауылдық жерлерде жүздеген білім ордасы са­лынады. Соның нәтижесінде үш ауы­сыммен оқытудан біржола құтыла­мыз. Жақында ғана мен еліміздің кәсіпкерлерімен кездесу барысында қайырымдылық ретінде облыстарда, қалаларда мектеп салу керектігі ту­ралы мәселені қозғадым. Бұл – аза­маттық жауапкершілік деген сөз. Сон­дықтан кәсіпкерлеріміз осы жұмысқа белсенді түрде кіріседі деп ойлай­мын. Бұдан бөлек, сыбайлас жем­қорлық үшін жауапқа тартылғандар­дың заңсыз тапқан табысы мектеп салуға жұмсалып жатыр. Қазірдің өзін­де 13 мектеп салынды. Жыл со­ңына дейін тағы да 33 мектеп бой көтереді. Жаңа мектептердегі білім беру деңгейі жоғары болуы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Бұл – Президент мән берген төр­тінші мәселе. Мектепте балалар өз­дерін қай жағынан да жайлы сезінуі керек. Бөгде адамдарды мектепке кіргізуге болмайды. Сондықтан білім ошақтарының бәріне дабыл қағу, бейнебақылау жүйесі орнатылады. Жақында Астана мектептерінің бірінде оқыс оқиға болды. Оқушы ауыр жа­ра­қат алды. Бұл жағдай білім ошақ­тарында қауіпсіздік талаптары толық сақталмайтынын көрсетіп отыр. Әсі­ресе көп жыл бұрын салынған ескі мектептер талапқа сай емес. Ми­нистрлік әкімдіктермен бірлесіп, мек­тептердің қауіпсіздігін толық тексеруі керек. Сондай-ақ жаңа мектептердің жобасын жасағанда бұл мәселе мұ­қият ескерілуге тиіс.

Президент атап өткендей, оқу­шылардың бір-біріне әлімжеттік, тіп­ті, зорлық көрсетуі тыйылмай отыр. Соның кесірінен олар өз-өзіне қол жұмсауға дейін барып жатыр. Бул­линг балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына және олардың жан дү­ниесіне орны толмас зиянын тигізеді, даму үдерісіне кері әсер етеді. Бала­лардың әлеуметтік ортадан шеттеп қалуына, ой-санасының бұзылуына әкеп соқтырады. Мемлекет баланың құқығы мен қауіпсіздігінің қорғалуын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ буллингке біржола тосқауыл қоюы қажет.

– Кейінгі уақытта маған зорлық-зомбылық көрген балалардың ата-аналарынан өтініштер келіп түсіп жа­тыр. Жасөспірімдердің қылмыстық психологиясы мен кейбір мұғалім­дердің немқұрайлығының құрбаны болған балалардың жай-күйі жүректі ауыртады. Мен Президент әкімшілі­гіне қылмыс жасағандарды заң жү­зін­де жазалау үшін осындай жағдай­лардың бәрін айрықша бақылауға алуды тапсырдым. Ішкі істер ми­нистрлігі, Бас прокуратура балалардың қауіпсіздігіне қатысты өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруға тиіс. Бала құқықтары жөніндегі ом­будсмен мұндай жағдайлардың бә­рін тіркеп, маған баяндауы қажет. Қатаң шара қолданамыз. Мектептерде зорлық-зомбылық жасаушыларды басқа жолмен тоқтату мүмкін емес. Білім ошақтарында қылмыстық пси­хологияның таралуы секілді келең­сіздікті түбірімен жою керек. Сондықтан осы жиынға Ішкі істер ми­нистрі мен Бас прокурордың бірінші орынбасарларын арнайы шақыр­дым. Тапсырманың орындалуын та­лап етеміз. Мен кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасаған адам­дардың жазасын қатаңдатуды тапсырдым. Бұл бастама жақын арада жүзеге асады. Барша ата-ана­ға айтарым: балаларыңыздың зорлық-зомбылық жасауына, қоғамдық тәртіпті бұзуына жол бермеңіз­дер. Әсіресе оларды мұғалімдердің алдында қорғамаңыздар. Баланың бетінен қақпаймын деп, оның теріс қылықтарына көз жұма қараудың соңы келешекте қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін, – деді Президент.

Білім сапасындағы теңсіздік жойылады

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туын­ша, тағы бір маңызды міндет – қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жою. Ауыл ба­лаларының білім алу мүмкіндігі шектеулі екені баршаға мәлім. Бұған қа­жетті құрал-жабдықтың және білікті педагогтердің тапшылығы себеп бо­лып отыр. Ауылдағы білім ошақта­рының тең жартысы – шағын мектеп­тер. Онда барлық пәннің мұғалімі бола бермейді. Бір сыныпта әртүрлі жастағы балалар оқиды. Мұның бәрі – жылдар бойы қордаланған түйткіл­дер. Оның көбі жұрттың жаппай қа­лаға көшуіне байланысты туындады.

– Ауыл мектептерін зияткерлік, сондай-ақ қоғамдық орталық ретінде дамыту маңызды. Ауыл мектебі жер­гілікті жұртты ортақ іске жұмылдырады. Осы орайда кәсіпкерлер қауы­мына да зор міндет жүктеледі. Қазір мемлекет пен бизнестің серіктестігі арқы­лы ауыл мектебін жаңғырту жұ­мыстары қолға алынды. Осы тәсілмен үш жылдың ішінде кем дегенде мың ауыл мектебін керек-жарақпен толық жабдықтау қажет. Ауыл мектептерінің кітапханаларын дамыту мә­селесіне баса мән берген жөн. Кітапханада қажетті кітаптың бәрі болуы керек. Яғни әдебиет қала және ауыл оқушыларына бірдей қол­жетімді болуға тиіс. Балаларға тең мүмкіндік беру үшін білім сапасын барлық аймақта бірдей жақсарту ке­рек. Отбасы жағдайына, өскен ортасына қарамастан, барлық баланың сапалы білім алуға қақы бар, – деді Президент.

– Білім беру үдерісін цифрлан­дыру қарқынын жеделдету маңызды. Шын мәнінде, Қазақстанда әлемнің беделді оқу орындарымен бәсеке­лесе алатын мықты мектептер бар. Бірақ ондай білім ошақтарында балаларымыздың жүзден бір бөлігі ғана оқиды. Ал цифрлық шешімдер озық педагогикалық тәжірибені тез әрі тиімді түрде кеңінен таратуға мүм­кіндік береді. Сол арқылы, тіпті, шалғай аудандардағы оқушыларды еліміздің және әлемнің үздік ұстаздары­ның материалдарымен және сабақ­тарымен қамтамасыз етуге болады. Сондықтан еліміздегі барлық ауыл мектебіне жылдамдығы жоғары ин­тернетті қолжетімді ету мәселесін шешу аса маңызды. Бұл – Үкіметтің ал­дындағы шұғыл міндет. Ауыл мек­тептерін жылдамдығы жоғары ин­тернетпен қамтамасыз ету – Цифр­лық даму министрлігіне де, облыс әкімдеріне де жүктелетін жауапкершілік. Алты айдан кейін берілген тап­сырманың орындалуын тексеремін, – деді Президент.

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, жалпы, білім беру жүйесін мүлде жаңа деңгейге шығару үшін ауқымды цифрлық трансформация жұмыстарын жүргізу керек. Ең алдымен, 2027 жылға дейін интернет желісі әлі тартылмаған мектептердің бәрін жылдамдығы жоғары интер­нетке қосу қажет. Бұл ретте олардың әрқайсысында жергілікті желі орна­ты­луға тиіс. Бұл өзекті мәселені шешуге “Қолжетімді интернет” ұлттық жобасы септігін тигізеді. Сонымен қатар барлық мектеп оқушысына сапа­лы оқыту контенті бар озық цифрлық платформалардың, соның ішінде электронды оқулықтардың қол жетімділігін қамтамасыз ету ма­ңызды. Бұл ретте барлық материал салалық сараптамадан мұқият өткі­зілуі керек.

– Осы орайда мен қайырымды­лықпен айналысатын азаматтарды, ең алдымен, ауыл мектептеріне кө­мектесуге шақырамын. Мұғалімдер­ді негізгі цифрлық құралдарды қолдана білуге үйрету маңызды. Әрбір ұстаз тек өз пәнін жетік біліп қана қоймай, кең мүмкіндіктерге жол ашатын заманауи технологияларды да меңгеруге тиіс. Оқу үдерісінде цифрлық шешімдерді қолдану қа­лыпты жағдайға айналды. Қашықтан оқыту жүйесін белсенді түрде енгізу қажет. Дәстүрлі және онлайн фор­маттарды ұштастыру балалардың ақпаратты өз бетінше іздеу дағды­сын дамытып, мектептегі ортаға бейімделу мүмкіндіктерін сақтауға ықпал етеді. Қашықтан оқыту көпте­ген елде сәтті қолданылып келеді. Пандемия кезінде бізде де осындай тәжірибе болды. Онлайн оқыту жүйесін одан әрі дамыту үшін тиісті құқықтық негіз қалауымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туынша, оқушыларға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беру де маңызды. Мемлекеттің тірегі – адал аза­маттар. Елімізде осы қағидаға негіз­делген жаңа қоғамдық этика орнығуға тиіс. Мектеп ізгілік қағидаларын, адамзатқа ортақ құндылықтарды ба­лалардың бойына сіңіретін орталық­қа айналуы керек. Жас ұрпақ әділ, адал, үнемшіл, еңбекқор, білімпаз, отаншыл әрі жанашыр болуға ұмтылғаны абзал. Ұлттың жаңа сапасы дегеніміз – осы. Тәрбие ісінде ұлттық педагогика бастауларын да назар­дан шығармаған жөн. Балаларымыз­дың бойына қазақтың салт-дәстүрі мен құндылықтарын сіңіру аса ма­ңызды. Халқымыз қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Қадір-қасиет, абырой, парыз секілді ұғымдарға атүсті қарамаған. Яғни төл мәдениетіміз де жастар тәрбие­сінде маңызды рөл атқарады. Еңбекқорлықты дәріптеу үшін балаларды жастайынан еңбекке баулу қажет.

– Мен қоғамда жиі талқыланатын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида бар­лық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін ба­рады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепіл­дік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу ке­рек. Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Хал­қымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сана­ны арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз. Білім беру сала­сының алдында ауқымды міндет тұр. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру. Әрбір бала мектептен са­палы білім алып, жақсы адам, адал азамат болып шығуы керек. Бәріміз осы маңызды мақсат жолында табанды еңбек етуіміз қажет. Ұлы Абай “Ұстаздық еткен жалықпас, үйрету­ден балаға” деген. Сіздер осы қастерлі миссияны әрдайым абыроймен атқарасыздар деп сенемін. Мем­лекет ұстаздардың мәртебесі, беделі жоғары болуына әрдайым баса мән береді, – деп аяқтады сөзін Прези­дент.

Үздік ұстаздарға құрмет

Мемлекет басшысы өз баянда­масынан кейін үздік жетістіктері және елге сіңірген айрықша еңбегі үшін бір­қатар мұғалімге “Қазақстанның ең­бек сіңірген ұстазы” құрметті атағын берді. Аталған марапат еңбек арда­гері Майра Мәмбетоваға (Алматы қаласы), Қожаберген жырау атындағы орта мектептің мұғалімі Айжан Қапезоваға (Петропавл қаласы), С.Әб­ді­жаппаров атындағы жалпы орта мектеп-интернатының мұғалімі Роза Салимоваға (Түркістан облысы), А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Сәбира Күл­пейісоваға (Қарағанды қаласы), ака­демик Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешенінің мұ­ғалімі Сәбит Ибадуллинге (Павлодар облысы), Райымбек батыр атындағы №50 “Қазғарыш” мектеп-лицейінің мұғалімі Айгүл Ержановаға (Астана қаласы), Ақтөбе облыстық мамандандырылған “Білім-инновация” лицей-интернатының мұғалімі Баян Базарғалиеваға салтанатты түрде табысталды.

Өз кезегінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру сала­сын дамытуға бағытталған бірқатар жұмысқа тоқталды.

– Биыл алғаш рет педагогтердің кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күні 5 қазанға бекітілді. Бұл мереке ең асыл, жауапты әрі маңызды маман­дық иелерін біріктіре түсері сөзсіз. Бү­гінгі таңда еліміздегі мектепке дейін­гі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру саласында 500 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Мемлекет бас­шысының қолдауымен 2019 жылы маңызды мәселелердің бірі – педагог мамандығына ерекше мәртебе беру туралы шешім қабылданды. Төрт жыл ішінде педагогтердің еңбекақы­сы екі есе өсті. Бүгінде 220 мыңдай мұғалімге тағайындалған санатта­рына қарай 50 пайызға дейін үстем­ақы төленіп отыр. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда еңбек ететін 97 мың педагогтің жалақысы тағы 30 пайызға өсті. Сонымен қатар биыл алғаш рет 90 мыңнан астам педагог білік­тілікті арттыру курстарынан өтті, – деді министр.

Сала басшысының сөзіне сүйен­сек, қазір мұғалімдерді аттестаттау үдерісі жетілдіріліп жатыр. Білім беру жүйесінің үздіксіз дамуы үшін ба­рынша жағдай жасау керек. Әрбір ұс­таздың еңбегі шәкірттерінің жетістігімен бағалануы керек. Бұл үшін мұ­ғалімдерді ұлттық платформа негі­зінде аттестаттауды автоматтан­ды­ру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол объективті әрі ашық болуға тиіс. Пе­дагогика және оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тастал­ды. Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі тек модератор мен сарапшыға ауысқан кезде ғана өз пәні бойынша баға­ланады. Еліміздің үздік мұғалімдері “Білім берудегі өзгерістің 1000 көш­басшысы” республикалық кадр ре­зервіне қабылдана алады. Ал ең мықтылары “Болашақ” бағдарлама­сы бойынша шетелдік тағылымда­ма­дан өтуге жіберіледі.

– Біз қазіргі мұғалім имиджін, халық дәріптейтін “ұстаздың орны – төр” бейнесіне дейін қайта көтеріп, жаңғыртуға міндеттіміз. Осы мақсат­та министрлік білім саласында 30 және одан да көп жыл еңбек еткен мұғалімдерді “Еңбек ардагері” меда­лімен марапаттау туралы шешім қабылдады. Алғаш рет Республика­лық педагогика қызметкерлерінің ар­дагерлер кеңесі құрылды. Мұндай ке­ңестер еліміздің әр аймағында құры­ла­ды. Осы жасалған шаралар сіз­дердің еңбектеріңізге, кәсіби шыңда­лула­рыңызға қолайлы жағдай туғы­зып, балаларымыздың білім сапа­сын арттыруына себеп болатынына бек сенімдімін. Бізге бүкіл қоғамның тәрбиелік миссиясы жүктелді. Біз, ұс­таздар, еліміздің оң имиджін наси­хаттайтын, саналы да толерантты, заманауи ұрпақ қалыптастырудың қозғаушы күшіне айналуға тиіспіз. Мектеп – жай ғана оқу орны емес, ол балаларға өмірдің ең маңызды құндылықтарын сіңіретін орын. Олар жоғары мәдениетке, отансүйгіштік­ке, еңбексүйгіштікке сусындап, өз елі­не ризашылығын түсіне білу ке­рек. Бұл үшін біз, ұстаздар, санамызды өзгертіп, даналық пен тектілік, жақ­сылық пен шығармашылық адамына айналуымыз керек, – деді Ғ.Бейсембаев.

Президент пен жиналған жұртшы­лықтың алдында сөз алған бірнеше педагог мұғалім мамандығының маңызы мен білім беру саласындағы өзекті мәселелер туралы баяндады. Атап айтқанда, Павлодар қалалық А.Байтұрсынұлы атындағы иннова­циялық типтегі орта мектеп директо­рының орынбасары Әсет Серікбаев мұғалім болу мамандық қана емес, өмір сүру салты екенін жеткізсе, Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Қара­тоғай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Фариза Мұ­қан: “Ауылдық жердегі мектеп – ауылдағы ең басты әлеуметтік орта”, – дейді. Ал А.Сейдімбек атындағы Астана қалалық №54 мектеп-лицейі директорының орынбасары Қайрат Мұқашев “Білім берудегі өзгерістер­дің 1000 көшбасшысы” кадрлық резерві жобасының маңызына тоқталса, Көкшетау қаласындағы Ж.Мусин атындағы Қазақ педагогикалық колледжінің оқытушысы Анастасия Кравченко ұстаз мәртебесі еліміздегі әр мұғалімнің кәсіби шеберлігіне бай­ланысты екенін айтты.

(“Egemen Qazaqstan”,

6 қазан 2023 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp