Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Тимирязев ауданындағы жұмыс сапарын “Атамекен Агро Тимирязево” ЖШС-дан бастады. Мұнда майлы дақылдарды жинау барысымен танысып, агроқұрылым жетекшілерімен кездесті.
Серіктестік директоры Иван Самошкин жұмыстың жайын баяндады. Ауыл шаруашылығы егістігінің жалпы көлемі – 51730 гектар, оның 24765 гектары – дәнді дақылдар. Күзгі егін орағына 37 комбайн, 57 трактор, 21 тіркемелі “КамАЗ” жүк көлігі тартылған. Бұдан бөлек, 1273 бас ірі қара өсіріледі. 249 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген.
– Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын бағдарламаларға қатыса отырып, әлеуметтік салаға аса көңіл бөлу қажет. Биылғы жыл оңай соққан жоқ, сонда да халыққа көмектесудің, қолдау көрсетудің барлық мүмкіндіктерін ойластыру керек. Экономикалық мәселелер тиімді шешілсе, әл-ауқат та жақсарады, тұрмыс сапасы да артады, – деген облыс әкімі тимирязевтіктерді егін жинау науқанының аяқталуымен құттықтады.
Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Рамазанов өңір басшысын орталық қазандықтың жай-күйі туралы хабардар етті.
Ол арқылы 7 көппәтерлі тұрғын үй, 12 бюджеттік мекемені жылытады. Жылу трассасының ұзындығы 3,2 шақырым, апаттық учаскелер қалпына келтірілген. Келесі жылы модульдік қазандық салынса, жылытылатын аумақ екі есеге дейін артады.
Ғауез Торсанұлы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына қазандыққа қаражат бөлу мәселесін бақылауда ұстауды тапсырды.
Тұрғындар кездесуде 1974 жылы пайдалануға берілген аудандық аурухана ғимаратына қатысты проблемаларды айтты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісовтің сөзіне қарағанда, нысан ескі, бірінші, үшінші қабаттарды, жертөлені қосалқы блокты, стационардың бірінші қабатын күрделі жөндеу қажет. Жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамаға беріліпті.
Облыс әкімі ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту қажеттігін, барлық айтылған мәселелер аяқсыз қалмауын міндеттеді.
Әсем ТАСМАҒАНБЕТОВА,
“Нива” газетінің редакторы.
Тимирязев ауданы.