Қазіргі уақытта оқыту мен оқушыны тәрбиелеу мемлекеттің жалпыға міндетті білім беру стандарттарының негізі және күтілетін нәтижелердің көпдеңгейлі шарт-талаптары бағдарланған тәсілдер арқылы жүзеге асырылады.
Біздің білім ошағында сапалы білім, саналы тәрбие беру жүйесінің негізгі идеясы Абайдың “Толық адам” рухани мұрасында бейнеленген үйлесімді даму басты бағытқа алынып, тұжырымдамалық бағдарламалармен тығыз ұштастырылып отырады. Олай дейтінім, ұлы ойшылдың қара сөздерінде сол заманның қайшылықты әлеуметтік мәселелеріне қатысты ғибратты ойлары мен ақыл-кеңестері жеріне жеткізе айтылса да, әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Мәселен, “Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел, Алдыңғы толқын ағалар, артқы толқын інілер, Кезектене бөлінер, баяғыдай көрінер”, деген пайымын бүгінгі жастарға талдап, түсіндіріп беретін болсақ, саналарына ізгілік шуағы құйылған болар еді. Абай атамыз “Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез” демекші, бұл орайда ілім мен ізгілікті басты мақсат санайтын, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу жолында жауапты да күрделі мамандықты өмірлік серік еткен ұстаздың орны бөлек. Әсіресе бүгінгідей инновациялық ғылымдар дәуірінде сапалы білім қарқынды дамудың басты шартына айналып, Мемлекет басшысы атап өткендей, жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу осы күннің негізгі шартына айналып отыр.
“Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” Жолдауында Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының өзегі азаматтардың мүддесі мен сұранысы екені айрықша атап көрсетілді. Президенттің “адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз, әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз”, – деуі сапалы орта білім алу әрбір баланың мызғымас, бұлжымас құқығы екенін айқындайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы сапаға ерекше екпін түсіріп, білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру міндеттерін белгілеп берді. Мұның алдындағы Жолдауларда да білім саласына тікелей қатысты мемлекеттік тұжырымдар мен басымдықтар айқындалған болатын.
Тағы да Абайға жүгініп көрелік. “Естіген нәрсені ұмытпасқа төрт түрлі себеп бар: көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде, я көргенде ғибратлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек”. Демек білім берудің көпсатылы деңгейін, оқу пәндері мен бағдарламаларды осы талаптармен ұштастырып, әр сабақтың мазмұнына кіріктіріп отырсақ, ұтарымыз көп. 2022-2023 жылғы оқу жылы “Балалар жылы” іс-шарасымен тұспа-тұс келіп, білімді де ойлы, зерделі де саналы, көкірегі ояу, көзі ашық шәкірт қалыптастыруға баса көңіл бөлінді. Оқу-тәрбие жоспарлары осы мақсатқа бағдарланып, мұғалімдер қауымының, мектеп әкімшілігінің, ата-аналардың ынта-ықыласы, сапа мәселесіне, түпкі нәтижеге аударылды. “Балалардың мүддесі мен мектеп және ата-аналардың өзара байланысы қандай ынтымақтастықта құрылу керек?” деген тақырыпта ұйымдастырылған ашық пікірталас тағылымға толы болды. Бір сөзбен айтқанда, “Толық адам” ілімі естіген нәрсені ұмытпауға, көңілге тоқуға жетеледі.
Тарихи құжатта бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін, әрі қолжетімді болу, сонымен бірге білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыру қажеттігі айтылды. Жасыратыны жоқ, ұлттық экономиканың бірқатар саласында тәжірибелі мамандар тапшы. Әсіресе техникалық және жұмысшы кадрлар жетіспейді. Осыған орай білім берумен мықтап айналысу талабы қойылды. Мектеп әкімшілігінің оқу-тәрбие үрдісіндегі негізгі ұстанымдары – мектеп – оқушы – ата-ана қауымдастығын жетілдіру, ата-аналарды баланы оқыту мен тәрбиелеу процесіне тартудың барлық жолдарын қарастыру, оқушылардың физиологиялық және психологиялық даму кезеңдерін басты назарда ұстау, бірлескен іс-шараларды (үйірмелер, секциялар, клубтар, тренингтер, сапарлар, т.б.) жүйелі түрде ұйымдастыру, ата-аналардың мектептегі өзін-өзі басқаруға қатысу жауапкершілігін ояту, мамандық таңдаудағы дұрыс бағыттарды көрсету, елге, жерге, еңбекке, қоршаған ортаға, үлкен мен кішіге деген құрмет сезімін қалыптастыру. Сынып жетекшілері бір апта шеңберінде өзіндік жоспар кестесімен жұмыс істеуді дәстүрге айналдырған. Дүйсенбі күні Қазақстан Республикасы Әнұранының орындалуы, сынып сағаттарының өтуі қатаң қадағаланады. Сейсенбі күні караоке бұрышында қазақша әндер шырқалады, кітапханада әдеби кітаптар көрмесі ұйымдастырылады. Сәрсенбі “Рухани-адамгершілік тәрбиесі” күні ретінде белгіленген. “Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда түзете алмайсың” деген халық нақылы бекер айтылмаған. Бейсенбі – тазалық пен күтім күні болса, жұма сыйласу мен сый-сияпат күні ретінде ерекшеленеді. Күнделікті өмірде небір тәуекел сындар мен қиындықтардың кездесетіні табиғи құбылыс. Сондықтан ұстаздарымыз оқушының бойына жастайынан мейірімділік, қайырымдылық, яғни, адамгершіліктің құнды қасиеттерін сіңіріп, өз-өзіне деген сенімділікті қалыптастыруды игі мақсат санайды. Оқушылар, аналар, қарттар үйлеріне жиі барып, қол ұшын созудан, көмек беруден тартынған емес. Бұдан бөлек, “Ата-аналар спорттық лигасы”, “Мамандық таңдау”, “Мектептегі бір күн” іс-шараларының да өнегелік тұстары көп. Мысалы, “Тағылым” сағатында 11 сынып оқушысы Арайлым Мұқышева облыстың, республиканың белгілі тұлғаларымен онлайн-сұхбаттасты. “Отбасындағы әкенің орны”, “Бақыт дегеніміз не?”, “Көшбасшылық қасиеттер”, “Әжелер ақылы” жобалары да көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Президент Үкіметтің былтырғы кеңейтілген отырысында білім саласында қордаланған мәселенің көп екенін айта келіп, адам капиталын дамыту ісіндегі білім беру саласының негізгі рөліне тоқталған болатын. Оның бірі – соңғы жылдары мектеп қабырғасында зорлық-зомбылықтың көбейіп кетуі. Толық жабдықталған мектептердің 65 пайызында (3 мың мектеп) бейнебақылау жүйесі талапқа сай еместігі, мүлдем жұмыс істемейтіні, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға, суицидтің алдын алуға, әрбір баланың құқықтарын қамтамасыз етуге арналған кешенді жоспардың, балаларды балабақшамен қамтуды түпкілікті шешудің, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттыру, жалақысын көбейту, ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайту қажеттігі аталған. Бұл өзекті жайттар биылғы Жолдауда жаңаша ауқымда өріліп, ұлт сапасын жақсартудағы маңызды рөлі паш етілді. “Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалдық түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни, буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек”, – деген Президент кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етті. Осыдан-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы өте маңызды екенін байқауға болады. Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырып отырғандықтан, оқу орындарына түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуды, бес жастан асқан балалар үшін “Келешек” атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырды. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, яғни, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы мен инвестициялық табыс қарастырылса, бұған “Ұлттық қор – балаларға жобасының қаражаты қосылса, жас ұрпақтың қалыпты білім алуына зор ықпалын тигізбек.
Мен Мемлекет басшысының республикалық педагогтар сьезінде сөйлеген сөзін зейін қоя тыңдап, Жолдауларда қойылған стратегиялық басым бағыттардың жуық арада жүзеге асатын тактикалық шешімдері ретінде қабылдадым. Шынында да, отандық білім жүйесінің үздік үрдістерін сақтау арқылы әрдайым алға, халықаралық озық әдіс-тәсілдерді меңгеруге ұмтылу бәсекеге деген қабілеттілігімізді арттырады. Еңбек десе, ерінбейтін, озық идеялардан жалықпайтын, ұлттық құндылықтарды қадірлеп-қастерлейтін, отанымыздың игілігі үшін бар ақыл-қабілетін жұмсайтын білімді де білікті ұрпақ тәрбиелей аламыз.
“Менің бастамаммен 2019 жылы “Педагог мәртебесі туралы” Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін аттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. “Болашақ” бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, біз, ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз”, – деді өз сөзінде Мемлекет басшысы. Ғалымдар 2050 жылға қарай қазіргі кәсіптердің жартысына жуығы цифрлық және техникалық жүйелер алмастыратынына болжам жасап отырғанын, сондықтан “алған дипломың өмір бойы азық болады” деген түсініктің орнын “өмір бойы оқы және үйрен” деген қағида басатынын еске салды. “Жайлы мектеп” жобасы шеңберінде ауылдық жерлерде жүздеген білім ордасы салынатыны, сөйтіп үш ауысыммен оқытудан біржола құтылатынымыз, қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігі жойылатыны, мемлекет пен бизнес серіктестігі арқылы үш жылдың ішінде бір мың ауыл мектебі керек-жарақпен толық жабдықталатыны, білім беру үдерісі жаппай цифрландырылып, 2027 жылға дейін мектептердің бәрі жылдамдығы жоғары интернетке қосылатыны келешектен үлкен үміт күттіреді.
Сәуле ТҰРСЫНОВА,
Әлихан Бөкейханов атындағы №25 жалпы білім беретін мектептің директоры.