«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Маусым соңы — мереке

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар ауданындағы “Құлагер” ипподромында ат спорты маусымының жабылуы өтіп, спорттық сайыс пен мерекелік шара ұйымдастырылды. Мерекелік шараны аудан тұрғындары мен өңірдегі ат спортының жанкүйерлері тамашалады. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов ұлттық спортты дамытудың барысына тоқталды.

– Қазігі уақытта елімізде ұлттық спортты өркендетуге ерекше көңіл бөлінуде. Аталған спорт түрлерімен айналысатын балалар мен жастардың қатары артуда. Облысымызда ұлттық спорт жарыстары дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Жыл өткен сайын осындай сайыстардың қатысушылары мен жанкүйерлері де көбейіп отыр. Бұл біздің өңірде ұлттық спортты дамытуға оң әсер етуде, – дейді Рүстем Құрманов.

Бүгінде өңірде 800-ден астам жасөспірім қазақ күресімен айналысады. Бұдан бөлек көкпар, аударыспақ, теңге алу, жамбы атумен шұғылданатын жастар саны аз емес.  Ал кәсіби спортшылар ұлттық және ат спорты түрлері бойынша “Арғымақ” клубында дайындықтан өтеді. Өткен маусымда аталған клубтың спортшысы Виктор Тимофеев елордадағы байрақты бәсекеде жүлделі орынға ие болып, Қырғыстанда да үздік өнер көрсетті. Қызылжарлық жанкүйерлер жергілікті шабандоздардан бұдан да үлкен жеңістер күтеді.

Спорттық шара бастала салысымен жұрттың көзіне “Елес” және “Кодекс” тұлпарларын тізгіндеген апалы-сіңлілі Анджелика мен Мария Патошкинолар түсті. Бұрымдылар ұлттық киім киіп, ат үстінде түрлі өнерлерін көрсетіп, жиналғандардың қошеметіне ие болды. Өмірде бір-біріне қолдауын аямайтын арулардың жарыс үстінде нағыз “бәсекелеске” айналғаны көрініп тұрды. Осыны сезгендей астындағы аттары да бір-бірімен тістесіп қалуға бар. Алайда шабандоздар бар дүниені ұмытып, жеңіске өршелене ұмтылып, атына қамшы баспаса, сәйгүліктер бауырын жазып шаба алмаса бәйге бәйге бола ма?

– Біз отбасында қанша жақын болғанымызбен, спорттың аты спорт. Оның талабы – жеңу. Кейде жеңіс жолында туған бауырыңа да қарсылас болуға тура келеді. “Кодекс” 6 жаста, ал “Елес” екінші жыл бәйгеге қатысып келеді. Ат спортында сәйгүлік те шабандоз да көп дайындықтан өту керек. Жеңіске жету жолында тұлпарым екеуіміз серіктес іспеттіміз. Арамызда әлдебір жақындық бар, – дейді Анжелика.

Маусымның жабылуына орай “Құлагер” ипподромында бәйге ұйымдастырылып, жүйріктердің бауыры жазылды. Шабандоздар 1600, 2400, 7000, 10000, 15000 метрлік қашықтықтарда сайысқа түсті. Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар мен ақшалай жүлделер табысталды.

Ат спорты сайысымен қатар бұл күні ипподром аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге ауданның 15 ауылдық округінен өнімдер әкелінді. Жұртшылық төмен бағамен ет, сүт, бал өнімдерімен қатар жемшөп сатып алып жатты. Жәрмеңке сөрелеріне 60 тонна пішендеме, 40 орама шөп, 90 орама сабан, жарты тонна сүт пен қара мал еті, 100 келі қой мен құс еті, 10 мың жұмыртқа, 600 келі ұн, жарты тонна бал қойылды. Жәрмеңкеге өз өнімдерін әкелген шаруашылықтардан бөлек өз үйіндегі бау-бақша өнімдерін, ет-сүтін әкелген қарапайым тұрғындар да болды.

– Жәрмеңкеге ерте келіп, өзіме керектің бәрін алып үлгердім. Арзан бағамен ет, сүт, жұмыртқа сатып алдым. Мұндай жәрмеңке аудан орталығында көктем, күз айларында жиі өтіп тұрады. Сатушылар жергілікті өндірушілер болғандықтан сапасына еш күмәнданбаймыз. Тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ететін шаруашылықтардың тұрақты тұтынушысымын. Өз үйімізде де бақшамыз бар. Қысқа қажетті көкеністі содан жинап аламыз, – дейді тұтынушы Таңат Ағыбаев.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp