«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ГАЗЕТТІҢ ТІРЕГІ — ОҚЫРМАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қазпошта” акционерлік қоғамы облыстық филиалын­да кезек­ті мерзімді баспасөзге жазылу науқанына арналған ак­ция өтті.

Мамандар мұндай шараны ұйымдастыруды дәстүрге айнал­дырған. Бұл күні оқырмандар өз­де­рінің сүйікті газет-журналдарына жа­зылып, редакция өкілдеріне сауал­дарын қойып, жылы лебіздерін ар­нап, мәре-сәре болып қалды.

Алаштың ардақты перзенті Ах­мет Байтұрсынұлы: “Газет – халық­тың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қан­дай керек болса, ха­лыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қа­сында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр се­кілді”, – деп айтып кеткен болатын. Арада қанша жыл өтсе де ардақты тұлғаның бұл сөзі өзек­тілігін жойған емес. Кітап, газет, жур­нал оқудың пайдалы тұстарының орасан екенін көзі қарақты, көкірегі ояу оқырман жақсы біледі.

Адамзаттың өміріне технология­лық жетістіктер дендеп енуде.  “Айшылық алыс жерлерден жыл­дам хабар алғызатын” алуан түрлі құралдар пайда болды. Ғаламтор ресурстарының өмірімізге дендеп енуі дәстүрлі БАҚ-ты ығыстырып, газеттің жойылуына әкеліп соқты­рады деген даурықпа әңгімені тудырғаны жалған емес.

Бір кездері телеарналардың дамуына байланысты газеттің болашағына күмәнмен қарағандар да аз болмаған. Алайда әлемдік газет өндірісінің тәжірибесі ақпарат құралының қандай да бір жаңа түрі ойлап табылғанына қарамастан, олардың жүрегі дамылсыз соға беретінін, қоғаммен бірге қозғалыста өмір сүретінін дәлелдеп отыр. Біз бұған акция барысында тағы бір мәрте куә болдық.

Келушілерге шараның мән-маңызы жайлы баяндаған “Қазпошта” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Нұркен Рүстем оқырмандар мен редакция қызметкерлерін баспасөзге жазылу күнімен және 9 қазан –  Дүниежүзілік пошта күнімен құттықтады.  Біріккен Ұлттар Ұйымы ауқымында атап өтілетін бұл күн 1969 жылы пошташылардың Токиода өткен конгресінде ресми бекітілген. Ал қазақтың тәуелсіз пошта қызметі 1993 жылы құрылған. Яғни ресми түрде мемлекеттік мәртебеге ие болған “Қазпошта” қызметіне биыл 30  жыл толды.

– “Қазпоштаның” 30 жылдық мерейтойы – әрбір қазақстандықтың мейрамы. Өйткені ел тұрғындарының басым бөлігі пошта қызметін пайдаланады. Бүгін мерзімді баспасөзге жазылу науқанының басталғанын да айтып өткім келеді. Елімізде, өңірімізде атқарылып жатқан игі жұмыстарды халыққа, тұрғындарды алаңдатқан мәселелерді билікке жеткізуді мақсат тұтқан алтын көпір –  жергілікті газеттердің оқырмандары көбейе берсін, – деп  Нұркен Иманбекұлы жүрекжарды лебізін білдірді.

“Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ербақыт Амантайұлы “Дала уалаяты”, “Түркістан уалаяты”, “Қазақ” газеттері мен “Айқап” журналының тарихтың сарғайған беттерінде тасқа басылған ескерткіштей сақталғанын айта келіп, қоғамда газеттің маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

– Поштаның мерейтойымен қатар келген баспасөзге жазылу науқанының басталғаны баршамызға құтты болсын. Жергілікті “Soltüstık Qazaqstan”, “Qyzyljar nūry”, “Молодежная – Жастар”, “Северный Казахстан” газеттерінің таралымы газет жанашырларының арқасында көбейетінін әрқайсысымыз есімізден шығармауымыз керек. Қай заманды алып қарасақ та, теледидар көрген адамды газет-журнал, кітап оқыған жандардың басқаратынын уақыттың өзі дәлелдеп келеді, – деді ол.

Іс-шара барысында әнші Ілияс Қадырбай ән шырқап, газетке алғашқылардың бірі болып жазылғандарға сыйлықтар табысталды. Акцияға ғасырдан астам тарихы бар, негізін Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов сынды арыстар қалаған облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газеті жанашырларының да қатысқанын айта кеткеніміз жөн. Солардың бірі – облысымыздың құрметті азаматы Тілек Әбдірахманов. 

– Облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газеті – менің досым, сырласым. Бір нөмірін оқымаған кезім жоқ десем қателеспеген болармын. Небір талқыдан өтіп барып, оқырманға ұсынылатын басылымның әр бетіндегі мақала мазмұнды, мағыналы. Маған жас журналистердің ғұмырларын өңіріміздің дамуына арнаған еңбек ерлері жайлы жазған мақалалары қатты ұнайды. “Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ” тілшілердің еңбегі мақтауға лайық, – деді еңбек ардагері.

Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылының тұрғыны Дүйсенбай Құрмашев тарихи деректерге толы танымдық материалдарды оқығанды жақсы көреді. Ол ауылдардың тарихы төңірегінде жазылған туындыларды “Soltüstık Qazaqstan” газетінінен табатынын айтты.  

Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншісі Асхат Тауышев облыстық басылымға алғашқылардың бірі болып жазылды.

– Газет – жас буын өкілдерін тәрбиелейтін әдістемелік құрал. Мағжан ақын іргетасын қалаған басылымның тұрақты оқырманына айналуды мақсат тұтып отырмын, – дейді ол.

Самрат ҚҰСКЕНОВ, 

  “Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Самат БАЙҒАЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp