Облысымыздағы Есіл, Мамлют және Тимирязев аудандарының әкімдерін сайлау үстіміздегі жылдың 5 қарашасына тағайындалғаны белгілі. Кандидаттарды ұсыну мерзімі 5 қазанда аяқталды.
Үш сайлау округі бойынша 12 кандидат, оның ішінде алтауы саяси партиядан (“AMANAT” партиясы – 3, ҚХП – 3) және алтауы – өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылды.
Облыстық сайлау комиссиясының хабарлауынша, 12 кандидаттың біреуі – әйел. Кандидаттардың орташа жасы – 50. Ең жас кандидат 32 -де, ең егдесі – 61 жаста.
Ұсынылған кандидаттардың оны – мемлекеттік қызметші, екеуі – бюджеттік мекемелердің қызметкері. Бес кандидаттың заңгерлік, үшеуінің экономикалық, екеуінің ауылшаруашылығы және педагогикалық білімі бар. 11 кандидаттың талапқа сәйкестігі анықталды, бір кандидат мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкес келмеді.
Кандидаттарды тіркеу 10 қазанда аяқталады. Тіркеудің қорытындысы сайлау комиссияларының ресми интернет-парақшасында жарияланады.
2023 жылғы 1 шілдедегі ақпарат бойынша аталған үш аудандағы 113 елді мекенде 36 мыңнан астам сайлаушы бар. Жалпы тұрғындардың саны – 48403 адам.
Бұл сайлау кампаниясында облыстық сайлау комиссиясы, 3 аудандық аумақтық сайлау комиссиясы мен 84 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Учаскелік сайлау комиссияларының 440 мүшесі бар.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.