Өңіріміздің тарихынан сыр шертетін асыл жәдігерлері, киелі орындары, археологиялық қазбалары, қоршаған ортасы, тұрмыс-тіршілігіне байланысты құралдары топтастырылған мәдениет ордасының бірі – музей. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ашылғанына бір ғасырға жуықтаса да, алғашқы іргетасы қаланып, ашылған жылдардағы тарихы көмескілеу, күңгірттеу. Ол уақыттан бері қарайғы сарғайып кеткен құжаттарды салыстырып, зерттеп, зерделеп, жинақтап, жас ұрпаққа ұсынуымыз азаматтық міндетіміз болып саналады.
Қазақстанның солтүстік аймағында, дәлірек айтқанда Ақмола губерниясында Қазақстанды зерттеу қоғамының Петропавлдағы жергілікті ұйымы – 1922 жылғы екінші желтоқсанда құрылған болатын. “Жергілікті өлкені зерттеу қоғамы басқармасының мәжілісі” деп аталған жиынға басқарма мүшелері ретінде: Александров, Ұзақбай Құлымбетов, Мұхамедов, Бірмұхамед Айбасов, Сиддиков, Жанғозин, Жұмағали Тілеулин, Ғалиолла Ғалымжанов қатысқан.
Мәжілісті Жұмағали Тілеулин ашып басқарды, Айтқожин (ол кездері Айтқожин губерниялық “Бостандық туы” газеті редакторының орынбасары – З.Т.) хатшылық етті. Мәжілісте қаралған мәселелерді санамалап көрсетсек, артық болмас:
Музейдің қазақ бөліміне қою үшін қазақтың киіз үйін сатып алуға губерниялық атқару комитетінен 300 сом сұрау;
Жергілікті қазақ қызметкерлерінің барлығын Қазақстанды зерттеу қоғамына мүшелікке тарту. Олардың әрқайсысын музейдегі қазақ тұрмысы бөлімін толықтыруға міндеттеу;
Жергілікті жерлерден қазақ тарихы мен тұрмысына байланысты ақпарат материалдарын жіберіп тұратын тұрақты тілшілер топтарын ұйымдастыру. Бұл жұмысқа негізінен ауыл мұғалімдерін шақыру.
Халқымыздың тарихын түгендеуге, мүкәммәлін бүтіндеуге атсалысу әрбір саналы қазақ азаматының міндеті болып саналды. Сонымен “1923 жылдың 22 қыркүйегі күні Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі құрылды” деп бағамдауға болады. Себебі музейдің алғашқы директоры Иван Прокопьевич Дьячковқа тиесілі құжаттардың бірінде “ол музей құрылған күннен бастап жұмыс істейді” деп жазылған. Арнайы орта білімі бар болғандықтан 1908 жылдан бері мұғалімдік қызмет атқарған. Орынбасары болып Орехов Борис Иванович тағайындалады.
“Музейдің алғашқы мекенжайы: Петропавл қаласы, Керуен көшесі, 12 үй. Қазақстанды зерттеу қоғамы Ақмола губерниялық бөліміне қарайтын болған”. 1926 жылғы қарашаның бірі күні толтырылған бұл құжатта жоғарыда аталған Қазақстанды зерттеу қоғамының Ақмола губерниялық бөлімі басқармасының мүшелері арасында “Бостандық туы” газетінің редакторы Жанұзақ Жәнібеков, губерниялық сот төрағасының орынбасары Ғалымжановтың есімдері кездеседі. Қоғамның алдына Қазақстанның тарихын, этнографиясын, әдебиетін, мәдениетін зерттеу, ел ішіндегі тарихи-мәдени мұраларды жинау міндеттері қойылған.
Облыстық музей 1924 жылғы 1 қаңтардан бастап ашылған. Уақытша жұмыс тәртібі мынадай: мереке күндері, аптаның сәрсенбі, бейсенбі және жұма күндері сағат 12-ден кешкі 5-ке дейін ашық болған.
Бір ай шамасы өткеннен кейін музей басқармасы Петропавл қалалық кеңесі атқару комитетіне хат жолдап, мәдениет ордасын ғимаратты жалдау ақысын төлеуден босатуды сұрайды.
1924 жылғы 6 сәуірде өлкетанушылар басқармасының төрағасы қызметіне Александров, орынбасарлығына Тілеулин және хатшылыққа Дьячков бекітіледі. Кейінірек, басқарма құрамына Мурзин, Ревзон және Береза қосылады.
Арада бір ғасыр өткеннен кейін облыстық өлкетану музейіндегі жәдігерлерді көріп, таңдай қағамыз. Ежелгі тарихтан сыр шертетін ескерткіштерді сақтап, ұрпақтарға жеткізген жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Көне көмбелерден алынған заттардың бүгінгі ұрпақ үшін ғылыми мәні өлшеусіз.
Басқарма мүшесі Мурзин 1924 жылғы жазда өткен бір мәжілісте мынадай мәселе көтеріпті:
“Алдымыздағы маусым айының ортасынан бастап губерниядағы (Көкшетау жақтағы) алтын іздеушілер моңғол дәуірінен қалған үйінділерді (қорғандарды айтса керек. – З.Т.) қаза бастайды. Олардан қола және тас құралдар, заттар шығады. Сондықтан кеніштерді қазу кезінде табылуы мүмкін археологиялық заттардың маңызын ескеріп, сол жаққа музей меңгерушісін жіберейік. Бірақ қоғамның кассасында небәрі алпыс сом ақша бар. Ол ештеңеге жетпейді. Демек жергілікті шаруашылық бөлімі біздің өкілімізді кеніштерге тегін алып баратын болсын”, – делінген оның жазбасында.
Хаттамада Жұмағали Тілеулиннің хабарламасы да жазылған. “Ауылдан хабар алып отырмын. Біреулер бітімі өзгеше адамның бас сүйегін тауыпты. Соның анық-қанығына жетуіміз керек”, – деп жазған Алаш ардақтысы.
Енді ғана аяғын қаз-қаз басқан музей ұжымында тағы да қаражат тапшылығы сөз болады. Сондықтан Тілеулинге тапсырма беріледі: “Тілеулин жолдас бұл хабарды сол болыстық атқару комитеті арқылы тексеріп, басқармаға хабарлайтын болсын”. Хаттамаға Ж.Тілеулин өзі қол қояды.
1924 жылғы 14 қарашада қазақтың ұлттық тұрмысына байланысты заттар мен мүліктер жинап әкеп тапсырғаны үшін басқарма мүшесі, әрі заң қызметкері Ғалымжановқа алғыс жарияланады. Сатып алатын ақша болмай тұрғандықтан, былтыр шешілмеген киіз үй мәселесі қайта көтеріледі.
Құжаттарға қарап отырсаңыз, сол 1925 жылдың өзінде-ақ осы өңірдегі көне қорғандар қазыла бастаған. Сәби баланың аңқау ісіндей ғой, әйтпесе, белгілі бір ғылыми бағдарлама болмай, маман археолог қатыспай қазылған қорғаннан не алынды, не қалды, қазір оны кім біліп жатыр?
Қазақ автономиясының бес жылдығына орай, 1925 жылы “Біздің өлке”, “Петропавл бұрын және қазір” деген анықтамалық кітаптар шығару мәселесін көтеріп, қолға алған да осы зерттеу қоғамының мүшелері екен.
1916 жылғы көтерілістің он жылдығына байланысты тарихи материалдарды (көтеріліске қатысушылардың естеліктері, өлең-жырлар, құрал-саймандар) жинау, жүйелеу, бастыру жөнінде комиссия құрылып, оны басқару Жанұзақ Жәнібековке тапсырылған. Осылардың ішінен біраз шығармалар іріктеліп, кезінде “Бостандық туына” басылған, бірқатар материал тіркеліп, архивке өткізіліпті. Жәнібековтің музейге ауылдан жинап әкеп, бірнеше жез және күміс теңгелер тапсырғаны туралы да мағлұмат сақталған.
1926 жылғы 15 қыркүйекте “Степняк” алтын кенішінен зілдің (мамонттың) сүйегі табылып, музейге жеткізілген. Оған қоса археологиялық құны қымбат басқа да заттар әкелінген. Оларды қазу және жеткізу ақысы төленген. “Мамонттың сүйегін тапқан Көкшетау оязының Капитоновка ауылының шаруасы” екені көрсетілген. Қазақстанды зерттеу қоғамы губерниялық бөлімінің күшімен 1926-27 жылдары губерниядағы қорғандардың паспорт сипаттамалары жасалған, бірақ аяқталмапты. Олар да бүгінде архив сөресінде тұр.
“Болғанбаев (Хайретдин) пен Тілеулин (Жұмағали) Кенесары қозғалысына байланысты құжаттарды зерттеп жатыр. Омбыдан уақытша пайдалану үшін Қазақстанның шығыс өңірінің тарихына, мәдениеті мен тұрмысына қатысты өте-мөте бағалы материалдар әкелдік. Осы жолмен қазақ даласындағы 1827-40 жылдардағы саяси оқиғаларды (Кенесары қозғалысы) баяндайтын құжаттар алдық…”, – деп жазылған дерек те бар.
Бұл жазбадан сол кездегі мамандардың Кенесары Қасымұлының орыс отаршылығына қарсы соғысын зерттеу қажеттігіне баса назар аударғанын аңғаруға болады. Әттең, большевиктердің сол кездегі зұлым саясаты, тарих дөңгелегін кері айналдырып жіберген ғой. Қазіргі жастар мұны білуі керек. Бізде мұндай материалдардың сырына үңілген кім бар? Әлде 1929 жылы басталған қуғын-сүргінде құрып кетті ме? Не болмаса сол кездегі астана Қызылордадан біреу біліп, сұратып алды ма? – деген сұрақтар мазалайды. Хайретдин мен Жұмағалидың өздері ұсталды, сотталды, атылды. Ал құжатттар облыстық мұрағатта жоқ. Омбы архивінің жағдайын да білеміз. Онда Кенесары көтерілісіне байланысты біраз құжат бар, бірақ анау айтқандай толық емес. Бары жарияланды. Үзік-үзік, кейбіреулері біріне-бірі қарама-қайшы. Яғни Кенесары қозғалысының сипаты мен тарихын толық ашып көрсетпейді.
Қазақстанды зерттеу қоғамының Петропавл бөлімшесінің басқармасы Қосшығұловтың хабарламасын тыңдапты. Ол 1916 жылдың оқиғаларына байланысты музейге бірнеше мәрте көп зат әкеліп тапсырған. Сол еңбегі үшін Қосшығұлов қоғамның құрметті мүшесі болып сайланған. Оған қолына елу сом сыйақы беріліп, отыз сомы кейін жіберілетін болған. Ол кезде адамдардың аты жазыла қоймайды, көбінесе большевиктік салтпен фамилиясы ғана аталады. Сонда бұл Қосшығұловтардың қайсысы болды екен? Сол сияқты аты көрсетілмеген Нөгербеков деген азамат та “қымбат экспонаттар әкеліп тапсырғаны үшін” қоғамның толық мүшесі болып сайланған.
Қазақ тұрмысы мен тарихынан хабар беретін әрбір ақпарат, музей экспонаты қазіргі ұрпақ үшін аса қымбат. Талай аумалы-төкпелі заман өтті. Ел тарихына салақ қарау салтымыз болды. Енді ес жиып, ағаларымыздың бастап кеткен ісін жалғастырып, өлке тарихын жасауға ат салысайық. Бұл – әрбір саналы азаматтың міндеті болуы тиіс.
Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі.