Ақпараттық технология дамыған бүгінгідей жаhандану үдерісінде жұртшылыққа сан-салалы қызмет түрлерін көрсететін байырғы байланыс мекемесіне сұраныс артпаса, кеміген емес. Биыл “Қазпошта” АҚ-ның құрылғанына 30 жыл толып отыр. Жыл өткен сайын пошта қызметінің сапасына қойылатын талаптың да күшейе түскенін байқауға болады. “Tikelei bailanys” айдарының бүгінгі қонағы – “Қазпошта” АҚ облыстық филиалының директоры Нұркен Рүстем газет оқырмандары тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауап беріп, проблемалық мәселелер төңірегінде ойын айтты.
Ерден ИМАҚОВ,
Петропавл қаласының
тұрғыны:
– Бұрынғы кезде пошта қызметінің маңызы зор еді. Алыстағы ағайынмен хат-хабар алмасып, сәлемдеме жөнелту үшін осы мекеменің табалдырығын тоздырушы едік. Технология дамыған қазіргі заманда поштаға анда-санда ғана бас сұғатын болдық. Осы ретте қазір пошта қандай қызмет түрлерін көрсететінін білгім келеді.
– Қазір пошта тек газет-журналдар таратумен, сәлемдемелер мен хат-хабарлар қабылдап, жөнелтумен ғана шектеліп қалмайды. Санамаласақ, саусақ жетпес. Дегенмен бастыларына тоқтала кетейін. Олар: төлемдерді қабылдау, ақша аудару сервисі, есептік-кассалық қызмет көрсету, жәрдемақы, зейнетақы беру, интернет-банкинг, интернет-эквайринг, жеке және заңды тұлғалар үшін қызмет көрсету, “Pos mobile” арқылы төлем жасау, тағысын тағылар. Стратегиялық жоспары аясында жаңарту, трансформациялау іс-шаралары жүзеге асырылып, нәтижесінде қызмет аясы кеңеюмен қатар заманауи түрлерімен толықты. Мәселен агенттік қызметтер кеңінен қолданылады. Лотереялық билеттерді, темір жол билеттерін сатып алып, автосақтандыру мен жазатайым оқиғалардан сақтандыру полистерін рәсімдеу тетіктері бар. Сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметтерін пайдалану, ұялы байланыс операторларының SIM-карталары мен роутерлерін сатып алу бойынша қызметтер көрсетіледі. Егде тартқан және мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы жағдайлар жасалады. Атап айтатын болсақ, жасы 80-нен асқан қарттарға, бірінші топтағы мүгедектерге зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер үйлеріне тегін апарылады. Бизнес өкілдері есепшот ашып, есептік-кассалық қызметтің тиімді тарифтерін пайдалана алады.
Сәбит ҚАБДЕНҰЛЫ,
Айыртау ауданының
тұрғыны:
– Пошта жөнелтілімдерін уақытынан кешіктірмеу, дер кезінде тапсыру қалай жүзеге асырылады?
– Облыс аумағында 149 байланыс бөлімшесі болса, 97-сі – ауылдық жерде. Барлығында пост-терминал қойылған. Бұдан бөлек, 27 жылжымалы қосын құрылған. 1200-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Істің ұтымды ұйымдастырылуына материалдық-техникалық базаның тиісті деңгейде жарақтандырылуының ықпалы зор. Пошта тасымалымен айналысатын 87 көліктің 9-ы жаңартылған, GPS құрылғыларымен жабдықталған. Пайдаланғанына жиырма жылдан асқан бір ғана көлік бар.
Шәріп ЕРДЕНОВ,
Петропавл қаласының
тұрғыны:
– Шалғайдағы елді мекендерді айтпағанда облыс орталығында хат-хабарлардың, мерзімді басылымдардың кешіктірілу фактілері кездесіп қалады. Осындай олқылықтарды жоюдың, болдырмаудың қандай алғышарттары ойластырылған?
– Петропавл қаласы бойынша 8 пошта бөлімшесі бар. Қызметкерлердің саны – 282. Иә, бұрындары сенбі күндері ғимараттардың есігіне қара құлып ілініп, көпшілік газет-журналдың жеткізілмейтініне реніш білдіріп жататын. Осыдан екі жарым жыл бұрын филиалға басшы болып келгенімде облыс бойынша 288 штат бос тұр екен. Оның басты себебі жалақының мардымсыздығына келіп тірелетін. Алғашқы нақты шешімді игерілмей жатқан ішкі мүмкіндіктердің есебінен, яғни басы артық құрылымдарды қысқарту, біріктіру, қосу арқылы еңбекақыны көтеруден бастадым. Сенбі жұмыс кестесіне қосылды. Қазір арыз-шағымдар әлдеқайда азайды. Бұрын хат Алматыға 8 күнде жетсе, енді электрондық қызметтің көмегімен екі күнге дейін қысқарды. Басқа елге жіберу үшін Post.kz сайтында тіркеуден өтіп, қызмет берушімен шарт жасасу жеткілікті. Осындай жаңашылдықтар аз емес. Ұсыныс-пікірлер интернет жүйесі арқылы қадағаланып отырады.
Ерлік МӘДЕНОВ,
Қызылжар ауданының
тұрғыны:
– Бүгінгідей ғаламтор, әлеуметтік желілер заманында жұртшылықтың газет-журналды жаздыртып алу құлшынысы азайды деген пікірлермен келісесіз бе?
– Мен бұл пікірмен келіспеймін. Сөзім иланымды болу үшін статистикалық деректер келтірейін. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша өңір бойынша жазылған барлық басылымдардың саны – 655747 дана, оның ішінде республикалық – 146467, шетелдік – 48039, жергілікті – 461181. Облыстық “Soltustik Qazaqstan” газетінің тәжірибесін алайық. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында 10006 данаға жуықтады. Өте жақсы көрсеткіш! Демек қалың оқырманымыздың қатары сиремейді деген сөз.
Сөз арасында 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына мерзімді баспасөзге жазылу науқаны 9 қазаннан 27 желтоқсанға дейін жалғасатынын айта кеткен жөн. Дүниежүзілік пошта күніне орай жақында өткізілген “Газетке жазылып, сыйлық ұтып ал” акциясы оқырмандардың белсенділігін байқатты. Алғаш болып жазылғандарға естелік сыйлықтар берілді. Алда газетті ең көп жаздыртқан пошта қызметкерлерін материалдық жағынан көтермелеудің жолдарын ойластыратын боламыз.
Қайрош БАТТАЛХАНОВ,
Ғабит Мүсірепов атындағы
ауданның тұрғыны:
– Бүгінгі таңда тұрғындар тарапынан қызмет көрсету саласына талап күшейді. Себебі жаңашылдық күнделікті өмірімізге кеулеп еніп жатыр. Сондықтан пошта қызметінің сапасын жақсартуға бағытталған тағы қандай жаңа бастамалар бар?
– Электрондық коммерция және қызмет түрлерін цифрландыру мақсатында бірқатар инновациялық жобалар енгізілді. Төлем карталарын шығару үшін өзіміздің процессингтік орталық іске қосылды. Қазақстанда тұңғыш рет дрондармен хат-хабарлар, сәлемдемелер жеткізіле бастады. Озық технологиялармен жабдықталған цифрлық кеңсе ашылды. Пошташылар жұмысының тиімділігін арттыратын “MobilePostman” жаңа сервисі пайдалануға берілді. Пошта қызметінің жаңа сипатқа көшкенін ауылдықтар да сезініп отыр.
Самат КӘКЕНҰЛЫ,
Есіл ауданының тұрғыны:
– Ауылдағы ағайын үшін пошта қызметі аса қажет. Қарттарымыздың зейнетақысын уақтылы алуы пошташыларға байланысты. Алайда біздің ауданда пошта қатынасы нашар екенін айтпасқа амал жоқ. Аудандық пошта қызметінің жұмысы қашан дұрысталады?
– Осындай сынды жиі болмаса да аракідік естіп қаламыз. Бұл ауданда пошта байланысы торабының жұмысы жақсы жолға қойылған. Автокөлік қозғалысы кестеге сәйкес реттеліп, елді мекендерге аптасына – 2 рет, ауылдық пошта байланысы бөлімшелеріне 3 рет жеткізіледі.
Гүлназ ЕРМЕКҚЫЗЫ,
Петропавл қаласының
тұрғыны:
– Интернет арқылы тапсырыс берген тауарым ұшты-күйлі жоғалып кетті. Сатқан тарап та, тасымалдаушы да кінәсін мойнына алар емес. Не істеуге болады?
– Пошта жөнелтілімі мекен-жайға жетпеген және бақыланбаған жағдайда жөнелтушімен тікелей байланысып, арадағы шартқа болмаса пайдалану ережелеріне сәйкес қаражатты қайтаруды талап ету керек. Егер пошта бөлімшесінен мекенжайға жетпесе, Пушкин көшесі №61 бойынша орналасқан филиалға хабарласқан жөн.
Досым ЕРТІЛЕК,
Мамлют ауданының
тұрғыны:
–Талай жылдан бері пошташылардың еңбекақысы мардымсыз екені айтылып жүр. Айлығы шайлығына жетпесе, қызметін тиянақты атқаруға құлшыныс болмасы анық. Пошташылардың еңбекақысын көтеру жоспарда бар ма?
– 2022 жылдың 1 ақпанынан бастап 1138, 2023 жылдың 1 қаңтарынан 1039 қызметкердің жалақысы өсті. 454 пошташының жалақысы екі есеге үстемеленді. Олардың лауазымдық еңбекақысына қоса жылына екі рет жазғы және қысқы аяқ киім сатып алу, жол жүру билеттерін беру немесе ақшалай өтемақы түрінде есеп айырысу, айлық, тоқсандық, жылдық сыйақы, біржолғы ынталандыру, кәсіби шеберлігі үшін жалақыға қосымша үстемақы, әлеуметтік себет сияқты бірқатар ынталандыру төлемдері қарастырылған. Келесі жылы жалақы тағы көбейтілмек.
Садық ЕРПЕЛЕСОВ,
Аққайың ауданының
тұрғыны:
– Зейнетақымды пошта арқылы аламын. Оның түсуінің болжамды мерзімін білсем де, уақыты кейде бұзылып жатады. Ақшаның есепшотқа түскенін қалай білуге болады?
– Әр клиенттің SMS хабарламаға қосылу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ Post.kz мобильді қосымшасы арқылы да есепшот қозғалысын бақылауға болады.
Бейбіт ИГІЛІКОВ,
Мағжан Жұмабаев
ауданының тұрғыны:
– Поштаның логистикалық және қаржылық агенттік қызметтері жайлы толық білгім келеді?
– Жоғарыда тоқталғанымдай, поштаның қызмет аясы әлдеқайда кең. Валюталық айырбастау операциялары, ақша аударымдары, интернет эквайринг, бюджетке төлемдерді қабылдау, заңды тұлғаларға есептік кассалық қызмет көрсету, EMC жөнелтімдерін қабылдау, беру, гибридті пошта қызметтері, ірі габаритті сәлемдемелер жіберу қызметі бар. Сонымен қатар халықаралық пошта жөнелтілімдері мен коммерциялық жүктерді кедендік рәсімдеу, кредиттер мен депозиттерді рәсімдеу, электрондық әмияндарды сәйкестендіру, ұялы операторлардың тауарларын сату, бірінші кредиттік бюроның есептері, брокерлік қызметтер, яғни акцияларды сатып алу, сату, тағы басқа түрлерін көрсетеміз.
Хасен ЕРЕЖЕПОВ,
Қызылжар ауданының
тұрғыны:
– Пошта қызметін уақыт талабына сай жаңашылдықпен ұйымдастырудың тағы қандай жолдары қолға алынбақ?
– Почтаматтар желісін дамыту үшін жабдықтарды кешенді жаңғырту көзделген. Мұның өзі қызмет сапасын жақсартуға игі әсерін тигізері сөзсіз. Біз облыс бойынша барлық зейнетақы мөлшерінің 40 пайыздан астамын табыстаймыз. Енді ауылдық жерлерді жүз пайыз қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Тимирязев ауданынан басқа жерлерде банкоматтар қойылған. “Қазпошта” арқылы ел ішінде және өзге мемлекетке қаржы аударымдарын жасаудың оңтайлы жолдары бар. Мәселен жеке жедел аударым желісінің (“Salem, tenge!”) артықшылығы көп. Ол арқылы онлайн-режімде қалаған соманы аудара аласыз. Медициналық тұрғыдан сақтандырылмаған азаматтар МӘМС қорына төлем жасап, “Уақытша сақтандырылған” мәртебесін ала алады. Бұл өз кезегінде емдеу мекемесінің қабылдауына мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, бірыңғай жиынтық төлем, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорларына аударымдар жасай алады. Несиені төлеу, банктерде шоттарды толықтыру секілді операциялар жүргізіледі. “Пошталық” депозитті пайдалану арқылы жеке қаржыны сақтап, көбейту мүмкіндігі мол. “Отбасы банк” АҚ-да шот ашып, баспаналы бола алады.
Еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті, “Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры”, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, басқа да құзырлы мекемелермен бірлесіп, әлеуметтік кодекстің негізгі бағыттарын түсіндіруге, жұртшылық арасында ақпараттық-насихаттық шараларды жүргізуге белсене араласамыз. Әсіресе зейнетақы, әлеуметтік және міндетті сақтандыру жүйелері, отбасының цифрлық картасына қатысты пошта тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерге басым бағыт берілді.
Жанар САҒЫНДЫҚОВА,
Ақжар ауданының тұрғыны:
–“Қазпоштаның” ресми сайтына кіріп, пошта жөнелтілімі туралы мәлімет алайын деп трекинг нөмірін терсең, қате терілді деген жауап аласың. 1499 нөміріне хабарлассаң да, кедергілерге тап боласың. Құзырлы органдарға қалай шағымдануға болады?
– Пошта жөнелтілімі жайлы ақпарат алу үшін Post.kz сайтына кіріп, штрих пошталық идентификаторды (SHPI) теру қажет. Сoнымен бірге сайттан бір облыстық филиалдан екіншісіне жіберудің бақылау мерзімін, қалалардың пошта индексін білу қиын емес.
Азамат ТАЛЖІГІТОВ,
Жамбыл ауданының
тұрғыны:
– Әр ұжымның қалыптасқан дәстүрі болады. Сол дәстүр арқылы ұжым ішінде ауызбіршілік орнап, айрандай ұйыған үлкен отбасына айналады. “Қазпошта” сияқты үлкен акционерлік қоғамда ұжымды біріктірер дәстүрлі шаралар бары анық. Әсіресе ұжымды саламатты өмір салтына тәрбиелейтін спорттық шаралар өткізіліп тұратынын естідім. Сол жайында айтып берсеңіз.
– Поштаның 30 жылдығына орай филиал басшылығы және бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен “Березка” жазғы лагерь базасында спартакиада өткізгеніміз рас. Оған байланыс саласының командалары жазғы спорттың жеті түрінен (футбол, волейбол, гір спорты, турникке тартылу, үстел теннисі, дартс, орнынан ұзындыққа секіру) қатысып, сынға түсті. Ондағы мақсат жақсы дағдыларға бейімделу, дене шынықтыру, спорттық шеберлікті жетілдіру болды. “Ең бастысы – жеңіс емес, қатысу!” басты ұранға айналды. Командалық және жекелей біріншіліктерде көп ұпай жинап, жеңіске жеткендерге бағалы сыйлықтар мен грамоталар табыс етілді. Табиғат аясында көңілді дем алу ұжымдық рухты нығайтады.
Дайындаған:
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.