«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПОШТАНЫҢ ҚЫЗМЕТ АЯСЫ КЕҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақпараттық технология дамыған бүгінгідей жаhандану үдерісінде жұртшылыққа сан-салалы қызмет түрлерін көрсететін байырғы байланыс мекемесіне сұраныс артпаса,  кеміген емес. Биыл “Қазпошта” АҚ-ның құрылғанына 30 жыл толып отыр. Жыл өткен сайын пошта қызметінің сапасына қойылатын талаптың да күшейе түскенін байқауға болады. “Tikelei bailanys” айдарының бүгінгі қонағы – “Қазпошта” АҚ облыстық филиалының директоры Нұркен Рүстем газет оқырмандары тарапынан қойылған сұрақтарға  толыққанды жауап беріп,  проблемалық мәселелер төңірегінде  ойын айтты.

Ерден ИМАҚОВ,

Петропавл қаласының

тұрғыны:

– Бұрынғы кезде пошта қыз­метінің маңызы зор еді. Алыс­тағы ағайынмен хат-хабар алма­сып, сәлемдеме жөнелту үшін осы мекеменің табалдырығын тоз­дырушы едік. Технология да­мыған қазіргі заманда поштаға анда-санда ғана бас сұғатын болдық. Осы ретте қазір пошта қандай қызмет түрлерін көр­се­тетінін білгім келеді.

– Қазір пошта тек газет-журналдар таратумен, сәлемдемелер мен хат-хабарлар қабылдап, жөнелту­мен ғана шектеліп қалмайды. Са­намаласақ, саусақ жетпес. Де­генмен бастыларына тоқтала ке­тейін. Олар: төлемдерді қабылдау, ақша аудару сервисі, есептік-кассалық қызмет көрсету, жәрдем­ақы, зейнетақы беру, интернет-банкинг, интернет-эквайринг, жеке және заңды тұлғалар үшін қызмет көрсету, “Pos mobile” арқылы төлем жасау, тағысын тағылар. Страте­гиялық жоспары аясында жаңарту, трансформациялау іс-шаралары жүзеге асырылып, нәтижесінде қызмет аясы кеңеюмен қатар за­манауи түрлерімен толық­ты. Мәсе­лен агенттік қызметтер кеңінен қол­данылады. Лотереялық билеттерді, темір жол билеттерін сатып алып, автосақтандыру мен жазатайым оқиғалардан сақтан­дыру полис­терін рәсімдеу тетіктері бар. Сондай-ақ бірыңғай жинақ­таушы зейнетақы қорының қызмет­терін пайдалану, ұялы байланыс опе­раторларының SIM-карталары мен роутерлерін сатып алу бойын­ша қызметтер көрсетіледі. Егде тартқан және мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы жағдайлар жасалады. Атап айтатын болсақ, жасы 80-нен асқан қарттарға, бірін­ші топтағы мүгедектерге зейнетақы мен әлеу­меттік төлемдер үйлеріне тегін апа­рылады. Бизнес өкілдері есепшот ашып, есептік-кассалық қызметтің тиімді тарифтерін пай­далана ала­ды.

Сәбит ҚАБДЕНҰЛЫ,

Айыртау ауданының

тұрғыны:           

– Пошта жөнелтілімдерін уа­қытынан кешіктірмеу, дер кезінде тапсыру қалай жүзеге асыры­лады?

– Облыс аумағында 149 байла­ныс бөлімшесі болса, 97-сі – ауыл­дық жерде. Барлығында пост-терминал қойылған. Бұдан бөлек, 27 жылжы­малы қосын құрылған. 1200-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Істің ұтымды ұйымдас­тырылуына материалдық-техникалық базаның тиісті деңгейде жарақ­тандырылуының ықпалы зор. Пош­та тасымалымен айналысатын 87 көліктің 9-ы жаңартылған, GPS құ­рылғыларымен жабдықталған. Пайдаланғанына жиырма жылдан ас­қан бір ғана көлік бар.

Шәріп ЕРДЕНОВ,

Петропавл қаласының

тұрғыны:

– Шалғайдағы елді мекендер­ді айтпағанда облыс орталы­ғында хат-хабарлардың, мерзім­ді басылымдардың кешіктірілу фактілері кездесіп қалады. Осын­­­дай олқылықтарды жою­дың, болдырмаудың қандай ал­ғышарттары ойластырылған?

 – Петропавл қаласы бойынша 8 пошта бөлімшесі бар. Қызметкер­лердің саны – 282. Иә, бұрындары сенбі күндері ғимараттардың есігіне қара құлып ілініп, көпшілік газет-журналдың жеткізілмейтініне реніш білдіріп жататын. Осы­дан екі жарым жыл бұрын фи­лиалға басшы болып келгенімде облыс бойынша 288 штат бос тұр екен. Оның басты себебі жалақының мардымсызды­ғына келіп тірелетін. Алғашқы нақты шешімді игерілмей жатқан ішкі мүмкіндіктердің есебінен, яғни басы артық құрылымдарды қысқарту, біріктіру, қосу арқылы еңбекақыны көтеруден бастадым. Сенбі жұмыс кестесіне қосылды. Қазір арыз-шағымдар әлдеқайда азайды. Бұрын хат Алматыға 8 күнде жетсе, енді электрондық қыз­меттің көмегімен екі күнге дейін қысқарды. Басқа елге жіберу үшін Post.kz сайтында тіркеуден өтіп, қыз­мет берушімен шарт жасасу жеткі­лікті. Осындай жаңашыл­дық­тар аз емес. Ұсыныс-пікірлер ин­тернет жүйесі арқылы қадағаланып оты­рады.

Ерлік МӘДЕНОВ,

Қызылжар ауданының

тұрғыны:

– Бүгінгідей ғаламтор, әлеу­мет­тік желілер заманында жұрт­шы­лықтың газет-журналды жаздыртып алу құлшынысы азайды деген пікірлермен келісесіз бе?

– Мен бұл пікірмен келіспеймін. Сөзім иланымды болу үшін статис­ти­калық деректер келтірейін. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бо­йынша өңір бойынша жазылған барлық басылымдардың саны – 655747 дана, оның ішінде республи­ка­лық – 146467, шетелдік – 48039, жер­гілікті – 461181. Облыстық “Sol­tustik Qazaqstan” газетінің тәжірибе­сін алайық. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында 10006 данаға жуықтады. Өте жақсы көрсеткіш! Демек қалың оқырманымыздың қатары сиремейді деген сөз.

Сөз арасында 2024 жылдың бі­рінші жартыжылдығына мерзімді баспасөзге жазылу науқаны 9 қа­зан­нан 27 желтоқсанға дейін жал­ғасатынын айта кеткен жөн. Дүние­жүзілік пошта күніне орай жақында өткізілген “Газетке жазылып, сый­лық ұтып ал” акциясы оқырмандар­дың белсенділігін байқатты. Алғаш болып жазылғандарға естелік сыйлықтар берілді. Алда газетті ең көп жаздыртқан пошта қызмет­керлерін материалдық жағынан көтермелеудің жолдарын ойлас­тыратын боламыз.

 Қайрош БАТТАЛХАНОВ,

Ғабит Мүсірепов атындағы

ауданның тұрғыны:

– Бүгінгі таңда тұрғындар та­рапынан қызмет көрсету са­ла­сына талап күшейді. Себебі жаңа­шылдық күнделікті өмірімізге кеулеп еніп жатыр. Сондықтан пошта қызметінің сапасын жақ­сартуға бағытталған тағы қандай жаңа бастамалар бар?

– Электрондық коммерция және қызмет түрлерін цифрландыру мақ­сатында бірқатар инновациялық жо­ба­лар енгізілді. Төлем карталарын шығару үшін өзіміздің процессингтік орта­лық іске қосылды. Қазақстанда тұңғыш рет дрондармен хат-хабарлар, сәлемдемелер жеткізіле баста­ды. Озық технологиялармен жаб­дықталған цифрлық кеңсе ашылды. Пошташылар жұмысының тиімділігін арттыратын “MobilePostman” жаңа сервисі пайдалануға берілді. Пошта қызметінің жаңа сипатқа көшкенін ауылдықтар да сезініп отыр.

Самат КӘКЕНҰЛЫ,

 Есіл ауданының тұрғыны:

– Ауылдағы ағайын үшін пош­та қызметі аса қажет. Қарттары­мыздың зейнетақысын уақтылы алуы пошташыларға байланыс­ты. Алайда біздің ауданда пошта қатынасы нашар екенін айтпасқа амал жоқ. Аудандық пошта қыз­метінің жұмысы қашан дұрыс­талады?

– Осындай сынды жиі болмаса да аракідік естіп қаламыз. Бұл ауданда пошта бай­ланысы тора­бының жұмысы жақсы жолға қо­йылған. Автокөлік қозғалы­сы кес­теге сәйкес реттеліп, елді мекен­дерге аптасына – 2 рет, ауыл­дық пошта байланысы бөлімшелеріне 3 рет жеткізіледі.

Гүлназ ЕРМЕКҚЫЗЫ,

Петропавл қаласының

тұрғыны:

– Интернет арқылы тапсырыс берген тауарым ұшты-күйлі жоға­лып кетті. Сатқан тарап та, тасы­малдаушы да кінәсін мойнына алар емес. Не істеуге болады?

– Пошта жөнелтілімі мекен-жайға жетпеген және бақыланбаған жағдайда жөнелтушімен тікелей бай­ланысып, арадағы шартқа бол­маса пайдалану ережелеріне сәй­кес қаражатты қайтаруды талап ету керек. Егер пошта бөлімшесінен мекенжайға жетпесе, Пушкин көшесі №61 бойынша орналасқан фи­лиалға хабарласқан жөн.

Досым ЕРТІЛЕК,

Мамлют ауданының

тұрғыны:

–Талай жылдан бері пошта­шылардың еңбекақысы мардым­сыз екені айтылып жүр. Айлығы шайлығына жетпесе, қызметін тиянақты атқаруға құлшыныс болмасы анық. Пошташылардың еңбекақысын көтеру жоспарда бар ма?

– 2022 жылдың 1 ақпанынан бас­тап 1138, 2023 жылдың 1 қаңтарынан 1039 қызметкердің жалақы­сы өсті. 454 пошташының жала­қысы екі есеге үстемеленді. Олар­дың лауазымдық еңбекақысына қоса жылына екі рет жазғы және қысқы аяқ киім сатып алу, жол жүру билеттерін беру немесе ақшалай өтемақы түрінде есеп айырысу, айлық, тоқсандық, жылдық сыйақы, біржолғы ынталан­дыру, кәсіби ше­берлігі үшін жала­қыға қосымша үстемақы, әлеуметтік себет сияқты бірқатар ынталандыру төлемдері қарастырылған. Келесі жылы жалақы тағы көбейтілмек.

Садық ЕРПЕЛЕСОВ,

Аққайың ауданының

тұрғыны:

– Зейнетақымды пошта арқы­лы аламын. Оның түсуінің бол­жамды мерзімін білсем де, уа­қыты кейде бұзылып жатады. Ақшаның есепшотқа түскенін қа­лай білуге болады?

– Әр клиенттің SMS хабарла­маға қосылу мүмкіндігі бар. Сон­дай-ақ Post.kz мобильді қосымшасы арқылы да есепшот қозғалысын бақылауға болады.

Бейбіт ИГІЛІКОВ,

Мағжан Жұмабаев

ауданының тұрғыны:

– Поштаның логистикалық және қаржылық агенттік қыз­меттері жайлы толық білгім келеді?

– Жоғарыда тоқталғанымдай, поштаның қызмет аясы әлдеқайда кең. Валюталық айырбастау опера­ция­лары, ақша аударымдары, ин­тернет эквайринг, бюджетке төлемдерді қабылдау, заңды тұлғаларға есептік кассалық қызмет көрсету, EMC жөнелтімдерін қабылдау, беру, гибридті пошта қызметтері, ірі га­баритті сәлемдемелер жіберу қыз­меті бар. Сонымен қатар халықара­лық пошта жөнелтілімдері мен коммерциялық жүктерді кедендік рә­сімдеу, кредиттер мен депозиттерді рәсімдеу, электрондық әмиян­дарды сәйкестендіру, ұялы опера­тор­лардың тауарларын сату, бірінші кредиттік бюроның есептері, бро­керлік қызметтер, яғни акцияларды сатып алу, сату, тағы басқа түрлерін көрсетеміз.

Хасен ЕРЕЖЕПОВ,

Қызылжар ауданының

тұрғыны:

– Пошта қызметін уақыт тала­бына сай жаңашылдықпен ұйым­дастырудың тағы қандай жолдары қолға алынбақ?

– Почтаматтар желісін дамыту үшін жабдықтарды кешенді жаң­ғырту көзделген. Мұның өзі қызмет сапасын жақсартуға игі әсерін тигізері сөзсіз. Біз облыс бойынша барлық зейнетақы мөл­шерінің 40 пайыздан астамын та­быстаймыз. Енді ауылдық жерлерді жүз пайыз қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Тимирязев ауданынан басқа жер­лерде банкоматтар қойылған. “Қаз­пошта” арқылы ел ішін­де және өзге мемлекетке қаржы аударымдарын жасаудың оңтайлы жолдары бар. Мәселен жеке жедел аударым желісінің (“Salem, tenge!”) артық­шылығы көп. Ол арқылы онлайн-режімде қалаған соманы аудара аласыз. Медициналық тұр­ғыдан сақ­тандырылмаған азамат­тар МӘМС қорына төлем жасап, “Уақытша сақтандырылған” мәр­тебесін ала алады. Бұл өз кезегінде емдеу мекемесінің қабыл­дауына мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, бірыңғай жиынтық төлем, мемлекеттік әлеу­меттік сақтандыру қорларына ауда­рымдар жасай алады. Несиені төлеу, банктерде шоттарды толықтыру секілді опера­циялар жүр­гізіледі. “Пошталық” депозитті пайдалану арқылы жеке қаржыны сақтап, көбейту мүмкіндігі мол. “Отбасы банк” АҚ-да шот ашып, баспаналы бола алады.

Еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті, “Мемлекеттік әлеу­меттік сақтандыру қоры”, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масы, басқа да құзырлы мекеме­лер­мен бірлесіп, әлеуметтік кодекс­тің негізгі бағыттарын түсіндіруге, жұртшылық арасында ақпараттық-насихаттық шараларды жүргізуге белсене араласамыз. Әсіресе зей­нетақы, әлеуметтік және міндетті сақтандыру жүйелері, отбасының цифрлық картасына қатысты пошта тарапынан көрсетілетін жеңілдік­терге басым бағыт берілді.

Жанар САҒЫНДЫҚОВА,

Ақжар ауданының тұрғыны:

–“Қазпоштаның” ресми сай­тына кіріп, пошта жөнелтілімі туралы мәлімет алайын деп тре­кинг нөмірін терсең, қате терілді деген жауап аласың. 1499 нөмі­ріне хабарлассаң да, кедергілерге тап боласың. Құзырлы органдарға қалай шағымдануға болады?

– Пошта жөнелтілімі жайлы ақ­па­рат алу үшін Post.kz сайтына кіріп, штрих пошталық идентифи­каторды (SHPI) теру қажет. Сoны­мен бірге сайттан бір облыстық филиалдан екіншісіне жіберудің бақылау мерзімін, қалалардың пош­та индексін білу қиын емес.

Азамат ТАЛЖІГІТОВ,

Жамбыл ауданының

тұрғыны:

– Әр ұжымның қалыптасқан дәстүрі болады. Сол дәстүр арқылы ұжым ішінде ауызбіршілік орнап, айрандай ұйыған үлкен отбасына айналады. “Қазпошта” сияқты үлкен акционерлік қоғам­да ұжымды біріктірер дәстүрлі шаралар бары анық. Әсіресе ұжымды саламатты өмір салты­на тәрбиелейтін спорттық шара­лар өткізіліп тұратынын естідім. Сол жайында айтып берсеңіз.

– Поштаның 30 жыл­дығына орай филиал басшылығы және бастауыш кәсіподақ ұйымы­ның ұйымдастыруымен “Березка” жазғы лагерь базасында спартаки­ада өткізгеніміз рас. Оған байланыс саласының командалары жазғы спорттың жеті түрінен (футбол, волейбол, гір спорты, турникке тар­тылу, үстел теннисі, дартс, орнынан ұзындыққа секіру) қатысып, сынға түсті. Ондағы мақсат жақсы дағды­ларға бейімделу, дене шынықтыру, спорттық шеберлікті жетілдіру болды. “Ең бастысы – жеңіс емес, қатысу!” басты ұранға айналды. Командалық және жеке­лей бірін­шіліктерде көп ұпай жинап, жеңіске жеткендерге бағалы сый­лықтар мен грамоталар табыс етілді. Табиғат аясында көңілді дем алу ұжымдық рухты нығайтады.

 Дайындаған:

 Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp