Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының мамандары есімдері елімізге белгілі қаламгерлердің шығармашылық мұрасын насихаттауға арналған шараларды оқу орындарында өткізуді жалғастыруда. Бұл жолғы кеш “Алтайдың ақиығы” атанған Оралхан Бөкей шығармашылығына арналды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде өткен кездесуде студенттерге жазушының өмірі мен шығармашылығы жайлы айтылып, жастар сүйікті жазушылары туралы толғаныстарын білдірді. Жиналғандарға көшпелі кітап көрмесі таныстырылды.
Биыл Оралхан Бөкейдің дүниеге келгеніне 80 жыл толып отыр. Қаламгер Алтай өңіріндегі Шыңғыстай ауылында туған. Алғашында аудандық газетке мақалалар жазып жүрген жасты белгілі қаламгер Шерхан Мұртаза байқап, шығармашылық жолының жаңа арнаға түсуіне себепші болады.
“Менің повестерімдегі, әңгімелерімдегі барлық сюжеттер туған жер туралы естеліктер, жастық шақтағы болған оқиғалармен байланысты. Менің жерлестерім – мінездері бір қалыпты, адал және жүректері ашық адамдар. Әйтеуір, не жазсам да өз заманымды, сол заманда табан ет, маңдай терін жұмсап жүрген қарапайым еңбек адамдарын тілге тиек етуге тырыстым”, – деген Оралхан Бөкей бала күнінен жазушы болуды армандап, Қатонқарағайдың көрікті мекен, тұмса табиғатқа кенде емес екенін сөзбен суреттеді.
Қаламгердің әр жылдары “Үркер”, “Қайдасың қасқа құлыным”, “Мұзтау”, “Ән салады шағылдар”, “Сайтан көпір”, “Крик” деп аталатын кітаптары жарық көрді.
– Біз университет қабырғасында Оралхан Бөкейдің бірқатар шығармаларын оқыдық. Оның туындылары өзінің ерекше тілімен, жазу стилімен, қилы оқиғаларымен жастар қауымына жақсы таныс. Маған суреткер жазушының “Атау кере” повесі ұнайды. Бұл туындыда Алтайдың түрлі мінезді тұрғындарының тағдыры баяндалады, – дейді университет студенті Аяулым Орақбай.
Шара барысында өзге жастар да пікірлерін білдіріп, әсерлі әңгіме өрбітті. Кездесу соңында университет оқытушысы Жазира Көкбас қаламгер шығармаларының көркемдігі мен өзектілігі жайлы айтты.
Дана АРМАНОВА,
Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкері.