Петропавл қаласының тұрғындары үшін мемлекеттік органдармен байланысқа шығудың жаңа ыңғайлы құралы пайда болды. Танымал “Telegram” мессенджерінде облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының “t.me/sko_narkohelp_bot” атауымен жаңа боты өз жұмысын бастады. Бот арқылы есірткі жасырушылар мен граффитін салушылар, оны сатумен айналысатын интернет-дүкендерге сілтемелер туралы полицияға анонимді түрде хабарлауға болады. “Start” батырмасы арқылы жаңа хабарлама жіберіледі. Сондай-ақ осы хабарламаға құқық бұзушылықтың фото және бейнежазбасын қосып жіберу мүмкіндігі бар.
Ботты құруға “Қазақстанның болашағы үшін” жастар қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысты, “Еуразия” республикалық қоры қаржы бөлді. Бұдан бөлек, желідегі қолданушылар боттағы басты мәзірде психотроптық заттарды қолданудың салдарымен, есірткінің заңсыз айналымы үшін көзделген қылмыстық жауапкершілікпен таныса алады.
Әсет ҚАНАФИН.