Облыстық мәслихаттың кезектен тыс жетінші сессиясында бірнеше мәселе қаралды.
Депутаттар 2023 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау, білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесіне толықтырулар енгізу, кейбір әкімшілік-аумақтық бірліктердің атын өзгерту, бюджет қаражаты есебінен ауылдық жерлерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмыс істеуге жіберілген медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсету туралы мәселелері бойынша талқылау ұйымдастырды.
Петропавл қаласындағы №24 мектепке осы білім ошағын 12 жыл басқарған “Білім беру саласының үздігі”, мақтаулы педагог Мәті Құсайыновтың есімін беру, Айыртау ауданындағы Карасевка елді мекенін – Қамсақты, Воскресеновканы – Баянтай, Шал ақын ауданындағы Крвощеково ауылдық округі мен елді мекенін Арай деп өзгерту туралы ұсыныстар бір ауыздан қолдау тапты.
Бұдан бөлек, тексеру комиссиясының, көші-қон процестерін реттеу қағидалары бекітілді, кадрлық өзгерістерге байланысты кейбір комиссиялардың дербес құрамдарына өзгерістер енгізілді.
Қайрат САДЫҚОВ,
облыстық мәслихаттың баспасөз хатшысы.