С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында “Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін насихаттау” жөнінде республикалық екі күндік лекторий өтті. Бұл жиынға КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов қатысты.
Өнер майталманы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтаудың маңыздылығы туралы ойларымен бөлісіп, қазақстандықтардың әл-ауқатының негізі болып табылатын бірлік пен еңбекті бағалауға шақырды.
Бұл шараға Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының өкілдері, еліміздің еңбек сіңірген өлкетанушысы, Ұлан-Батыр қаласындағы Шыңғысхан атындағы дүниежүзілік академияның құрметті академигі, “Халық үміті” республикалық қоғамдық бірлестігінің” жетекші ғылыми қызметкері Г.Ж.Табулдин, “Ассамблея жастары” республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, “Дарын” сыйлығының иегері Т.Г.Жұмырбаев қатысты.
Кездесуде Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Ұлытау” этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Николай Вербовский марапатталды. Ол – Шәкәрім Құдайбердіұлының мерейтойына арналған бейнероликтер байқау-челленджінің жеңімпазы.
Іс-шара ары қарай М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті “Қазақстан халқы ассамблеясы” кафедрасында жалғасты. Қонақтар университет студенттеріне мазмұнды дәріс оқып, сұрақтарына жауап берді.
Сондай-ақ қонақтар Қызылжар ауданының этномәдени орталықтарына барды. Іс-шараға қатысушылар аудандық мектеп мұражайының экспонаттарымен және этномәдени бірлестіктер белсенділері дайындаған қолданбалы өнер бұйымдарымен танысты. Жиын соңында “Amanat” партиясының өкілдерімен кездесіп, қоғамдық келісім мен этносаралық бірліктің қазақстандық моделін нығайту мәселелері талқыланды.
Камила СҮЛЕЙМЕНОВА,
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы журналистер клубының мүшесі.