Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Достық үйінде Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының қызметімен танысып, этномәдени бірлестік және құрылымдық бөлімше жетекшілерімен кездесті.
Ашық диалог түрінде өткен кездесу барысында Ғауез Торсанұлы ассамблея өкілдерін Рухани келісім күнімен, сондай-ақ алда кең көлемде атап өтілетін Республика күні жалпыұлттық мерекесімен құттықтады. Бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдері арасында достық пен өзара түсінік, келісімді нығайтудағы этномәдени бірлестіктер мен құрылымдық бөлімшелердің маңызын атап өтті, оң тәжірибелерді қалыптастыру, насихаттау мәселелері талқыға салынды.
Солтүстікқазақстандықтар арасында келісім мен бірлікті нығайтуда облысымыздың этноорталықтарына үлкен міндеттер жүктелген. Жергілікті ассамблея мүшелері әртүрлі этностардың дәстүрін, тілін және мәдениетін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді.
“Биыл бюджет есебінен ассамблея ғимараты күрделі жөндеуден өтті, акт залы мен этноорталықтардың кабинеттері жаңартылды. Материалдық-техникалық база елеулі түрде нығайды. Алдағы уақытта да облыстық ассамблеяға қажетті қолдау атқарушы органдар тарапынан жүйелі түрде көрсетілетін болады”, – деді кездесуде Ғауез Торсанұлы.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.