«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАҒА ҮМІТ АРТАМЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кез келген мемлекеттің беделі, абыройы – оның спорттағы жетістіктерімен тығыз байланысты. Кейде футболдағы қол жеткізген табыстармен есептелетінін қазіргі ақпараттар легінен-ақ анық аңғара аламыз. Иә, елімізде әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрі әлі биік тұғырға көтерілген жоқ. Дегенмен соңғы уақытта ұлттық құрама көз сүйсіндіріп жүргені де жасырын емес.

Биыл ел құрамасы Ұлттар ли­гасында өз тобында бірінші орынға қол жеткізіп, үлкен сенсация жа­сады. Бұл – аяқдопшыларымыз­дың бағындырған алғашқы белесі еді. Кейін де футболшылар аянып қалмады. “Еуро-2024” турнирінің іріктеу кезеңі басталысымен FIFA рейтингінде өзінен жоғары тұрған командалармен терезесі тең ойын өрнегін көрсетті. Осылайша Маго­мед Адиевтің шәкірттері қайсар мі­нез танытып, жеңіске деген ұмты­лыстарын жасыл алаңда дәлелдей бастады.

Ал енді “Еуро-2024” турнирінің ірік­теу кезеңіндегі кездесулерге тоқталсақ. Алғашқы ойынды отан­дас­тарымыз өз алаңында өткізді. Бұл матчта ұлттық құрамаға Слове­ния қарсылас атанды. Бұл ко­ман­да Еуропаның үздігі болмаға­ны­мен, әлемдік рейтингте 59-шы орында, Қазақстан болса 107-ші са­тыға жайғасқан еді. Бұл ресми ақ­па­раттан-ақ кімнің фаворит екенін көруге болды. Дегенмен жанкүйерлердің күткені жеңіс еді. Өкінішке қарай, бірінші турда ұлттық құра­маға жеңіс бұйырмады. Қонақтар 1:2 есебімен ұтты.

Қазақстан мен Словения ара­сын­дағы матчтан соң ұлттық құра­ма­мыз FIFA рейтингінде бұдан да жоғары орынға жайғасқан азулы Да­нияға қарсы ойнады. Каспер Юль­манның шәкірттері қазақ фут­бол­шыларын ойсырата ұтамыз де­ген сеніммен келгені анық. Шынын­да да, даниялықтардың сапында Еу­ро­паның үздік клубтарында өнер көр­сететін аяқдопшылар аз емес. Олардың арасында Каспер Шмейхель, Симон Кьер, Пьер-Эмиль Хей­бьерг пен Расмус Хейлун сынды мық­­тылар бар. Қуанышымызға орай, команданың капитаны Крис­тиан Эриксен елордаға келе алма­ды. Бұны біздің жанкүйерлер жақ­сылыққа жорығаны жасырын емес.

Бұл кездесудің алғашқы минут­тарынан бастап даниялықтар допқа иелік ету көрсеткіші бойынша алда келе жатты. Есепті де бірінші болып ашты. Кейін тағы бір нәтиже­лі соққы жасады. Үзіліске екі құрама 0:2 есебімен тарқасты. Жанкүйер­ле­ріміздің дені жеңістен үміттерін үзгендей көрінгені рас. Бірақ футболшыларымыздың салы суға кеткен жоқ. Магомед Адиевтің шәкірттері миллиондаған футбол сүйер қауымның таңдайын қақтырды. Кам­бэк жасап 3:2 есебімен тарихи жеңіске қол жеткізді.

Бұл ойыннан соң дүниежүзінің баспасөз құралдары Қазақстан фут­болы жайлы ақпарат тарата бас­тады. Бірі Данияны жеңгенімізді кез­дейсоқ нәтиже ретінде қабылдаса, екіншілері бұл Қазақстан футболы­ның дамып келе жатқанының көр­сеткіші деп бағалады. Қайткенмен де, құрамамыз қажетті үш ұпайды еншіледі. Аутсайдер қатарында болған Қазақстан бірден топтың көшбасшысына айналды.

Футболшыларымыз келесі ойын­да да жолдарынан жаңылған жоқ, жеңісті жорықты әрмен қарай жалғастырды. Қонақта Сан-Мари­но командасын 0:3 есебімен қапы қалдырды. Кейін топтың та­ғы бір үздігі болуға лайықты Сол­түстік Ирландияны жеңді. Абат Айым­­бетовтің ойынның соңғы мину­тында соққан голы елімізге абырой әкелді.

– Солтүстік Ирландияға қарсы өткізген бірінші ойында мен коман­даласымды алмастырдым. Есеп 0:0 еді. Магомед Адиев маған сол қат­палда қарсыластардың шабуыл­да­рын тоқтату туралы тапсырма берді. Басты міндетім осы еді. Сәті түскенде допты тартып алып, алға қарай Абат Айымбетовке пас бердім. Ол жеке шеберлігінің ар­қасында гол соғып, құрамаға жеңіс сыйлады, – деп “Қызылжар” футбол клубының капитаны әрі ұлттық құрама ойыншысы Еркін Тапалов сол кездесуді еске алған еді.

Бірақ бұл қуаныш ұзаққа бар­мады. Өз алаңында Финляндиядан жеңіліс тапқан соң, ұлттық құрама ойыншыларын сынағандар да та­былды. Қазақстан өз алаңында бір гол соға алмай, 0:1 есебімен же­ңілгені белгілі. Финляндияға қарсы ойындағы сәтсіздіктен кейін жан­күйерлердің көңілін көтеру керек еді. Яғни Солтүстік Ирландияны тағы бір мәрте ұту қажет. Қуаны­шымызға орай, тағы да бір гол айыр­машылығымен қажетті үш ұпайды еншіледік.

Германияда өтетін Еуропа чем­пионатына жолдама аламыз ба де­ген үміт оты қайта тұтанды. Сон­дық­тан Данияға қарсы ойында тым болмағанда тең ойнау туралы тап­сырма берілді. Алайда мықтының аты мықты, 3:1 есебімен даниялық­тар­ өз алаңында басым түсті. Бірақ жанкүйерлер қатты сөккен жоқ, себебі отандастарымыз қорғанысқа жамбастап жатып алған жоқ, жақсы ойын өрнегін көрсетті.

– Дания құрамасындағы әр ойыншы – әлем футболының жұл­дызы. Олар өз клубтарында көш­басшы. Бірінші кез­де­суде шынын­да да сенсация бол­ды. Біздің фут­болшылар жан­күйерлерге сыйлық жасады. Дания өз алаңындағы ойында жинақы ойнады. Біз де өз ко­мандамыздың дең­гейін көре ал­дық, – дейді кезінде ұлт­тық құрама жейдесін киген, қазір “Қызыл­жар­ды” баптайтын Әли Әлиев.

Финляндияға қарсы өткізген бі­рінші ойында жеңілген футбол­шы­ларымыз енді қалайда есе қайтару­ға тырысты. Бірақ алғашқы минуттан финдер шабуылға көшті. Ойынның 28-минутында финляндиялық Роберт Тэйлор есеп ашып кетті. Неге екені белгісіз қазақстандық футболшылар бірінші кезеңде та­разы басын теңестіруге ұмтылған да жоқ. Ойын сылбыр көрінді.

Алайда екінші таймда қос құ­рама алма-кезек шабуылға шықты. Ойынның 76-минутында финлян­диялық қорғаушылар айып ала­ңында қолмен ойнап, төреші пенальти белгіледі. Он бір метрлікті Бақтиер Зайнутдинов мүлтіксіз орындап, таразы басын теңестірді. Осылайша “Бешикташ” клубының ойыншысы көзге түсті. Ал 89-минутта ол бұрыштан әуелетіп бе­ріл­ген пасты екінші голға айнал­дырды.

– Бұрыштан допты ойынға қо­су­ға мүмкіндік берілгенде жаныма Исламбек Қуат келіп, сен алдыңғы штанга жаққа шық. Сол жерде тұр деді. Мен сол аймаққа барып, пас берілгенін күттім. Рамазан Оразов­тың әуелеткен добы маған тура келіп, мен оны қақпаға бағытта­дым. Гол соққаныма қуанышты­мын, – деп Бақтиер Зайнутдинов ойыннан кейін пікір білдірді. Ол ұлттық құрама жейдесіндегі 14 го­лын соғып, сұрмергендер көшін бастады. Бұған дейін 13 гол соққан Руслан Балтиевті екінші сатыға жылжытты.

“Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына жолдама ала алады ма?” деген сұрақтың жауабы әлі белгісіз. Өйткені, бұл топтағы құра­малар арасындағы тартыс әлі аяқ­талған жоқ. Кімнің оза шабатынын дөп басып айту қиын. Тәжірибелі Данияның өзі құрлықтық додаға бара алмай қалуы әбден мүмкін. Алдағы екі тур барлығын шешеді.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp