Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Жамбыл ауданындағы жұмыс сапарын Кладбинка ауылынан бастады. Мұнда салынып жатқан медициналық пункттің құрылысы аяқталуға жақын “Еділ-Строй-Сервис” ЖШС-ның директоры Ербол Әуелбеков нысанның биыл пайдалануға берілетінін, жобалық құны 157,3 млн. теңге тұратынын жеткізді.
Аудан орталығында 16 пәтерлі үй қалпына келтіріліп, баспана кезегін күткен тұрмысы төмен отбасыларға берілген. Бұдан бөлек, жақын арада заманауи спорттық сауықтыру кешені іске қосылмақ. Жобалық құны 152,3 млн. теңге. Аудан әкімдігі екі жылдың ішінде баспана кезегінде тұрған азаматтардың мәселесін толық шешуді жоспарлап отыр. 224 адамның 92-і – жетім балалар болса, 15-і – көп балалы аналар. Келесі жылы 80 пәтерлі екі үй бой көтеретін болады.
Өңір басшысы өнер мектебін аралады. 1960 жылдан бері істеп келе жатқан мекемеде оқу кабинеттерінің саны – алтау. 153 өрен би, вокал, домбыра, қолөнер үйірмелеріне қатысып, шығармашылық қабілеттерін шыңдап жүр.
Жамбыл ауылдық округінде орналасқан “Атамекен Агро” ЖШС егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің көлемі – 93258 гектар, оның 69702 гектары – егістік, 23556 гектары – жайылым. 1031 бас асыл тұқымды ірі қара өсірілсе, сауын сиыр – 850 бас.
Бұдан кейін Ғауез Нұрмұхамбетов “Алисарай” ЖШС-ның сүт фермасына соғып, 2024 жылы пайдалануға берілетін тауарлы-сүт фермасының құрылыс сапасын бақылады. Германиядан 492 бас сүтті бағыттағы симменталь ірі қарасы әкелінген.
Ғауез Торсанұлы Қайранкөл ауылында 586,6 шаршы метр аумақты қамтитын мәдени-демалыс орталығында болды. Мұнда ауылдық округ аппараты, полицияның тірек пункті, “Қазпошта” АҚ-ның жергілікті филиалы, кітапхана қоныс тепкен. Балалардың ойын және және демалыс бөлмелері, бильярд залы бар. Осында ауыл тұрғындарымен кездесіп, әлеуметтік-экономикалық мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
“Әлеуметтік сала нысандарын қарап шықтым. Менімен бірге денсаулық сақтау, білім беру, тағы басқа басқармалардың басшылары келіп отыр. Туындаған проблемалар болса, сауалдарға жауап беруге әзірміз”, – деді облыс әкімі.
Шалғайдағы ағайынды алаңдататын жайттың бірі – жолдардың сапасыздығы. Қалпына келтірілмегеніне он жылдан асып кеткен. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхмет жолдарды жөндеу келесі жылы басталатынын жеткізді.
Благовещенка елді мекеніндегі “Династия Агро” серіктестігі өсімдік майын өндірумен шұғылданады. серіктестік директоры Владимир Канның айтуынша, негізгі қызмет түрлері – дәнді және бұршақты-майлы дақылдар өсіру, элиталы тұқым қорын молайту, өсімдік майын экспорттау. Биыл 200 тонна өсімдік майы, 401 тонна күнжара шетелге жөнелтілген. 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, орташа айлық жалақы 175 мың теңгені құрайды.
Облыс әкімі агроқұрылым жетекшілерімен кездесіп, онда өзекті мәселелер талқыланды.
Дана ҚАЛИЕВА.