Достық үйінде облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен облыс орталығының көрнекті ақпаратын “Қазақстан Республикасындағы тіл туралы” Заң талаптарына сәйкестендіру, мемлекеттік тілде ресімделген жарнама мәтіндеріндегі қателерді жою, сонымен қатар “Сауатты жарнама – тіл абыройы” байқауының жеңімпаздарын марапаттау мақсатында іс-шара өтті.
Шараға қатысқан облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің, кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының, кәсіпкерлер палатасының, жарнама агенттіктері мен баспа қызметтерін көрсететін кәсіпорындар, аударма бюроларының өкілдері мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында қандай жұмыстар атқарып жатқандарын тілге тиек етті.
“Сауатты жарнама – тіл абыройы” атты байқау осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Биыл облыстық кезеңге заңды тұлғалар арасында “Неоновый завод”, “Аль-фа”, “AL-KI” ЖШС, “Триарт”, “ЖК Крамаруха” жарнама агенттіктері қатысып,1-орынды “Крамаруха” жеке кәсіпкерлігі, 2-орынды “ТРИАРТ” жарнама компаниясы, 3-орынды “Неоновый завод” және “Альфа” жарнама агенттіктері еншіледі.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.