Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясының “Өнер” орталығында V-ші облыстық “Сайра домбыра” атты байқау өтті. Бұл жобаны әнші, Петропавл қаласының құрметті азаматы Дәмеш Құрманкина екі жылда бір рет өткізіп келеді.
“Сайысты өткізудегі басты мақсат дарынды жастарды тауып, олардың талаптарын ұштау. Биыл жерлесіміз, ақын, сазгер, әнші, халқымыздың маңдайына біткен жарық жұлдызы Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Биылғы байқауды асыл тұлғаның мерейтойына орайластырдық”, – дейді Дәмеш Сапарқызы.
Байқауда аудандардан және қала мектептерінен жиналған дәстүрлі ән орындауға қабілетті 29 жас әнші өнер көрсетті. Үміткерлерден домбыра немесе сырнай аспабының сүйемелдеуімен 2 ән орындау талап етілді. Қатысушылар кіші және үлкен топқа бөлінді. Үлкен топта өнер көрсеткен Өмірұзақ Еркеш (Петропавл қаласы) бас бәйгені қанжығасына байласа, кіші топтан Ақжар ауданынан келген үміткер Мансұр Екпешұлы топ жарды. Байқауға қатысқан барлық оқушылар және олардың ұстаздары диплом және Алғыс хаттармен марапатталды.
Аманжол ЗАҒЫПАР,
“Soltüstık Qazaqstan”.