«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ел намысын қорғағандар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ХІХ жазғы Азия ойындарында ұлттық құрама са­пында жеті жерлесіміз өнер көрсетіп, қоржынға төрт жүлде салды. Ел мерейін үстем еткен сол­түстікқазақстандықтарды облыс әкімі Ғауез Нұрмұхам­бетов құттықтап, сый-сияпат көрсетті.

Облыстық әкімдіктегі салтанат­ты жиынға спорт саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлер, ар­дагер­лер, Азия ойындарының жүл­дегер­лері мен олардың жеке бап­керлері қатысты. Шарада бірінші бо­лып сөз алған Ғауез Торсанұлы спортшылардың жетістіктеріне тоқ­талып, оларға алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.

– Азия ойындарында ұлттық құ­ра­ма сапында жеті жерлесіміз өнер көрсетті. Биылғы додада солтүстік­қа­зақстандықтар бокс, веложарыс, велотрек пен волейболдан бақтарын сы­нады. Қуанышымызға орай, үш ат­летіміз төрт бірдей жүлделі орынға ие болды. Велошабандоздар Алек­сей Луценко мен Артем За­харов жақ­сы нәтижелерге қол жет­кізді. Бұл жарыста Алексейдің мәрт­тігін көрдік. Мәре сызығына жақын­да­ған тұстағы оның әрекеті барша спорт­сүйер қауымды сүйсінтті. Сон­дай-ақ облыс тарихында тұң­ғыш рет бокс­шы қызымыз Наталья Богда­но­ва қола ме­даль еншіледі. Олар бұл жет­кен жетістіктерімен тоқтап қал­май, Парижге жолдама алып, көк байра­ғымызды сонда жел­бірететі­ніне се­нім­дімін, – деді облыс әкімі.

Ел намысын қорғаған Азиа­да жүлдегерлері мен олардың жат­тықтырушыларына ақ­ша­лай сый­лықтар табысталды. Азия ойындарының алтын және кү­міс медаль ие­гері атанған Алек­сей Луценкоға 1,5 млн. тең­ге берілсе, оның жеке бап­кері Виктор Потаповқа 500 мың тең­ге табысталды.

– Азиададағы алғашқы жеңіс­­тен соң топтық жарыс күтіп тұрды. Ев­гений Федоров екеуі­міз суырылып алға шығып, көш бастадық. Дмитрий Груздев пен Глеб Брусенский соңы­мыздан еріп, өзге қарсыластардың қар­қы­нын басып отырды. Мәре сы­зығына бір шақырым қалғанда же­ңісті Евгенийге беремін деп шештім. Ол өткен жылы жастар арасында әлем чемпионы атан­ған, ересектер арасында да алтын жүлдеден үмітті еді. Мен оның жолын кеспей, бірін­ші орынды сыйладым. Сый-құрмет көрсеткен облыс бас­шылығына алғыс білдіремін, – деді Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы Алексей Лу­ценко.

Азия ойындарында қола жүлде­гер атанған жерлестері­міз де сыйқұрметсіз қалған жоқ. Велотректе үшін­ші сатыға жайғасқан Артем За­харовқа 750 мың, жеке бапкері Сергей Дан­никерге 500 мың теңгенің сертификаты табысталды. Бокс­тан өңір тарихында тұңғыш рет Азиада­ның қола жүлдесін еншілеген Наталья Богданова­ға 750 мың және жаттықты­рушысы Дастан Қабденов­ке 500 мың теңге берілді.

– Облыс басшылығы тара­пынан әрқашан қолдау көрсе­тіледі. Біз өңір абыройын қор­ғауға барымызды салдық. Нә­тижесінде шәкіртім Наталья Богданова қола жүлдегер атан­ды. Алдағы мақсат – Парижде өтетін Олимпиада ойындарына жолдама ұтып алу. Әйелдер арасындағы әлем чемпионатында топ жаруға ты­рысамыз, – деді білікті бапкер Дастан Қаб­денов.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp