Біздің өңірімізде айтыс өнеріне ден қойып жүрген оқушылар аз емес. Солардың денінің аудандарда шоғырланғаны қуантады. Облыс орталығында “Туған жерім – мақтанышым” деген атаумен өткен оқушылар айтысына қатысқан 30 талапкер жырдың отын маздатып, жиналғандарды шуақты шумақтарымен сүйсінтті.
Сөз додасына барлық аудандар мен Петропавл қаласынан іріктелген оқушылардың қатысқанын айта кеткен жөн. Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар мектебінің ұстаздары қазан айының басында аудан-ауылдарды аралап, домбыра тартуға әуес, өлең жазуға құштар талапты балаларға облыстық оқушылар айтысына қатысуға жолдама берген болатын. Бұл игі бастама облыстық білім басқармасының қолдауымен “Төрт тоқсан – төрт өнер” ұлттық мәдени-ағартушылық жобасы аясында ұйымдастырылды.
Жыр бәйгесі шамамен 5 сағатқа жалғасып, үміткерлер көрермендерді өнерлерімен тәнтті етті. Жас дарындар туған ауылдарын, олардың әсем табиғатын, Қызылжардан шыққан ұлы тұлғаларды жырға қосты. Нәтижесінде аламанның бас жүлдесін Аққайың ауданындағы Дайындық ауылынан келген Бекарыс Әділжан жеңіп алды. 1-ші орын Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы Серік Мәдинаға, 2-ші орын қызылжарлық Сұлтан Жарқынұлы мен аққайыңдық Сезім Жомартқа, 3-ші орын тайыншалық Қайрат Әбілмансұр, петропавлдық Дүйсен Ернар және қызылжарлық Қажымұрат Нұртөреге бұйырды.
Қожаберген жырау, Игібай Әлібаев, Мағжан Жұмабаев атындағы арнайы жүлделер уәлихановтық Мерей Балташқа, Жамбыл ауданынан келген Мөлдір Сәрсенге, Тимирязев ауданының мектеп оқушысы Өтеген Аңсарға табыс етілді. “AMANAT” партиясы облыстық филиалының өкілі Роза Шәкенова жан-жануарлар айтысының үлгісін көрсеткен Тайынша ауданындағы Красная поляна мектебінің оқушылары Виктор Вагнер мен Валерий Ботановқа және оларды даярлаған ұстаздары Аягөз Белгібаеваға Алғыс хат пен сый-сияпат табыс етті. Талапкерлердің барлығына “Балдәурен” және “Бөбек” лагерьлеріне жолдама, ақшалай сыйлықтар берілді.
Алаштың ардақты перзенті Мағжан Жұмабаев бір өлеңінде: “Жас қырандар – балапан, Жайып қанат ұмтылған”, – деп жырлапты. Болашақта айтыс ақыны болуды армандап жүрген өрендердің талаптарына қуанып, бәсі бұдан да биік бәсекелерде асықтарының алшысынан түсуін тіледік.
Аманжол ЗАҒЫПАР,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Самат БАЙҒАЗЫ.