Қазақстанда бір отбасы темекі өнімдеріне жылына 12 мың теңгеден астам қаражат жұмсайды екен. “EnergyProm” деректері бойынша жыл басынан бері елімізде жалпы құны 11,6 млрд. теңге болатын темекі, сигарет, папирос және басқа да осыған ұқсас бұйымдар өндірілген.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,3 пайызға аз. Бірақ 2023 жылдың жеті айында жергілікті компаниялар темекі түрлеріне деген сұранысты 58,7 пайыздың орнына 76,3 пайызға қамтамасыз еткен. Импорттың үлесі 23,7 пайызды құрайды, яғни, елге 3,1 млрд. теңгенің темекі бұйымдары әкелінген. Экспортқа 2,8 млрд. темекі өнімдері жөнелтілген. Ішкі нарықта сату бір жылда 23,4 пайызға болмаса 10,2 млрд. теңгеге қысқарған.
Ал осы жылдың екінші тоқсанында темекі өнімдеріне үй шаруашылықтарының шығыстары бір жылда 12,2 пайызға өскен. Темекіні ең көп шегетін өңір – Солтүстік Қазақстан облысы. Әр отбасы темекі өнімдеріне орта есеппен 23 мың теңге жұмсаған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,3 пайызға артық. Үштікке Ақмола (22,7 мың теңге) және Қарағанды (20,8 мың теңге) облыстары кіреді.
Маңғыстау облысының тұрғындары темекі өнімдеріне жылына орта есеппен 3,5 мың теңге ғана жұмсаған.
Диас АЯҒАН,
“Soltustik Qazaqstan”.