Петропавл қаласының 41 жастағы тұрғыны “102” пультіне үйді жөндеу кезінде мылтық тауып алғанын хабарлаған. Мекенжайға келген учаскелік полиция инспекторына әйел мұндай жағдайларда қалай әрекет ету керектігін білмейтіні туралы айтқан. Бұл үй оған екі жыл бұрын қайтыс болған әкесінен мұраға қалған екен. Жиналған мылтық фортепиано корпусының қақпағының астында жатқан, патрондары болмаған. Тексеру нәтижесі көрсеткендей, “ТОЗ-БМ” 16 калибрлі мылтығы есепке алынбаған қару болып шықты. Полицияға мылтық туралы хабарлаған әйел қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке де тартылмайды.
Жалпы жыл басынан бері облыс полицейлері 120-дан астам тіркелмеген қару тәркіледі. 838 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Әсет ҚАНАФИН.