«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРЗАН НЕСИЕ – ШАРУАҒА ДЕМЕУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент “Әділетті Қазақстан­ның экономикалық бағдары” Жолда­уында нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шек­теліп қалмауымызды, осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштас­тыру қажеттігін атап көрсетті. Осы ретте алдымызға аса ауқымды міндет қойды. Cоның бірі – агроөнер­кә­сіп кешеніне нақты серпіліс жасау. Мемлекет басшысы ауыл шаруашы­лығы саласының әлеуеті зор болға­нымен, қолда бар мүмкіндіктердің әлі де толық пайдаланылмай отыр­ға­нын ашық айтты. Қазақстанның таяу арадағы стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аг­рарлық орталық десек, оған қол жет­кізудің басты жолы – өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшу. Облыста ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуге және өндірістік жылыжай шаруашы­лық­тарын дамытуға батыл бетбұрыс жасалып отыр. Бұл орайда, жүзден астам ірі тауарлы-сүт фермасы са­лынып жатқан өңір жетістіктерінің көп­ке үлгі етілуі шаруашылықтарды байыпты қолдау шаралары нақты нә­тиже беріп отырғанын айғақтайды. Бүгінде ауыл-аймақтарда орналас­қан кәсіпорындар мен фермерлерге жеңілдікті несие беруде, оны рәсім­деудің заңды құқықтарын түсіндіруде ең бірінші кезекте ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің мүддесін ескеру аса маңызды. Егін шаруашы­лығындағы маңызды реформалар, атап айтсақ, егіс түрлерін көбейту, пайда әкелетін дақылдар өсіру, өнім­ділігі жоғары жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа сұрыптарды шығарып, аудандастыру мәселелері мемлекет тарапынан көрсетілетін же­ңілдікті бағдарламалар арқылы жү­зеге асырылатыны сөзсіз. Бұл орайда кредиттік серіктестіктерге (КС) жүктелер жұмыс өте ауқымды дер едік.

Кредиттік серіктестіктер туралы заң кредиттік серіктестіктердің құ­қықтық жағдайын, қайта ұйымдас­ты­рылу және таратылу тәртібін, сон­дай-ақ қызметінің реттелуін айқын­дайды. Елімізде 2001 жылдан бастап ауыл шаруашылығы құрылымдары, оның ішінде орта және шағын бизнесті қолдау аясында мемлекеттік бюд­жет­тен қолжетімді пайызбен жеңілдетілген несиелермен қамтамасыз ету мақсатында кредиттік серіктес­тіктер құрыла бастады. Олар жауап­кершілігі шектеулі серіктестіктер ны­санында құрылтай шарты негізінде және өз жарғысына сәйкес әрекет етеді. Бір ерекшелігі, оның атауында “кредиттік серіктестік” деген сөз бо­луы тиіс, онсыз бірде-бір заңды тұл­ғаның оның қызметін атқаруға еш құ­қығы жоқ. Яғни осы әдіс арқылы қа­тысушылардың кредиттерге және басқа қаржылық, оның ішінде банктік қызмет көрсетуге деген қажеттерін олардың ақшаларын жинақтау жо­лымен және Қазақстан Республика­сының заңдарында тыйым салынба­ған басқа да көздер есебінен қана­ғаттандыруға басым бағыт беріледі. Кредиттік серіктестіктер заңды және жеке тұлға ретінде тіркелген ауыл ша­руашылығы құрылымдарының жарғы­лық капиталға ақша түрінде жарна енгізген құрылтайшыларынан құра­лады. “Есіл” кредиттік серіктестігі 2001 жылғы 10 қыркүйектен бастап жұ­мыс істеп келеді. Өз қызметін “Жауапкершілігі шектеулі және қо­сымша жауапкершілігі бар серіктес­тік­тер туралы”, “Кредиттік серіктес­тік­тер туралы”, “Азаматтық кодекс”, “Микроқаржылық қызмет туралы”, “Ұлттық банк туралы”, “Банктар мен банктік қызмет туралы” Заңдары және кре­диттік серіктестіктің жарғы­сы шеңбе­рінде жүзеге асырады. Не­гізгі мақса­ты – серіктестік қатысушы­ларының қаржыға сұраныстарын не­ғұрлым то­лық қанағаттандыру, серік­тестікті ау­дан орталықтарында дер­бес қаржы институты ретінде дамы­ту және ны­ғайту. Бүгінгі күні кредиттік серіктес­тіктер жүйесі ауылдағы шағын және орта бизнесті несиелеу­дің неғұрлым қолжетімді, ыңғайлы моделі сана­ла­ды. Ең бастысы, КС қатысушылары­ның саны үштен кем болмау керек деген талап сақталуы тиіс. Бұдан бө­лек, егер КС-тің құ­рылтай құжаттарында өзгешелік көз­делмесе, КС-тің қа­тысушылары оның міндеттеме­лері бойынша жа­уап бермейді және өз­дері енгізген мін­детті салымдар мен қосымша жарналардың құны ше­гін­де­гі кредит­тік серіктестіктің қыз­ме­­тіне байла­нысты шығындар тәуе­ке­лін өз мо­йнына алады. Міндеттеме­лер ая­сында өзіне тиесілі барлық мүлікпен жауап береді және өз қа­тысушыла­рының міндеттемелері бойынша жауапты болмайды. КС микроқаржылық қызметті жүзеге асы­ратын ком­мерциялық ұйым болып та­былады. Екінші деңгейлі банктерден айырма­шылығы, несиенің төмен пайызы, ша­руа кепілге банктер ал­майтын қо­лында бар техникасын, өн­діріс, мал ұстайтын қораларын, ас­тық сақтай­тын қоймаларын, мал ба­сын, жер учас­кесін қоя алады. Несие рәсімдеу үшін облыс орталығына ба­рудың қа­жеті жоқ, ауданда серіктес­тік қызмет­керлерінің көмегімен қысқа мерзімде рәсімдеуге болады. КС қа­тысушыла­ры кредиттік серіктестік көр­сететін қызметтерді пайдалануға, оның істе­рін басқаруға қатысуға, ор­гандарын сайлауға және сайлануға, кіріс алуға, қатысуды тоқтатуға, бух­галтерлік, өзге де құжаттармен таны­суға құқы­лы. Құрылтай шартында кредиттік серіктестікке кіру кезінде төленуге тиісті мі­ндетті салымның ең төменгі мөлше­рі, салымды салу тәр­тібі, таза кірісін, қатысушылар салған міндетті са­лымдар мен қосымша жарналар­ды ескере отырып, бөлу тәртібі, жар­ғылық капиталының мөл­шері туралы мәліметтер, қосымша жарнаны са­луы мен алып қоюының шарттары қа­растырылған. Осылай­ша қатысушы­лар­дың құқықтары мен міндеттері жете ескерілген. Мұның өзі заң та­лаптары шеңберінде жұ­мыс істеуді міндеттеп, ашықтықты, қолжетімді­лікті қамтамасыз етері сөзсіз.

Несиелік қаражатты “Аграрлық не­сие корпорациясы” АҚ арқылы алып, қажетті мөлшерде шаруаларға береміз. Кредиттік серіктестікке кіру үшін қатысушы міндетті салымның ең аз мөлшерін салады. Ұлттық ва­лю­та ақшасымен құралатын және тө­ленетін КС-тің бастапқы жарғылық капиталы қатысушылардың міндетті салымдарының сомасына тең. Әрбір қатысушының міндетті салымының кредиттік серіктестіктің жарғылық ка­питалындағы жалпы сомаға қатына­сы қатысушының жарғылық капита­лындағы үлесі болып табылады. Жар­наның ең төменгі мөлшері – 300 мың теңге, ал несие жарнадан 25 есе көп беріледі. Бұл үрдіс, әсіресе, көк­темгі егіс және күзгі егін жинау нау­қандарында тиімділігін көрсетіп отыр. Мемлекеттік “Кең дала” бағ­дарламасына қатысу арқылы қара­жат­қа тұқым, жанар-жағармай, ми­нералды тыңайтқыштар, техникаға қажетті құрал-жабдықтар алуға болады. Несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 3 пайыз. Қаражаттың мақсатты жұмсалуы, игерілуі қадағаланып отырады. Ауыл шаруа­шылығы техникасын (комбайн, трак­тор, жүк көлігі және т.б.), мал алуға (жылқы, ірі қара, қой ) және ай­налым қаражатын толтыруға “Агро­бизнес” бағдарламасы аясында жыл­дық сыйақысы 19 пайыздық мөл­шер­де несие беріледі. Мұны мемлекеттік қолдаудың тәжірибеде қалыптасқан нақты үлгісі деуге болады. Өйткені оның 6 пайызын ғана шаруа өтейді, қалған 13 пайыз субсидиялау есебінен жабылады.

“Іскер” мемлекеттік бағдарла­ма­сы арқылы жас кәсіпкерге ауыл ша­руашылығы бағытында өз кәсібін, жаңа жұмыс орнын ашуға жылдық 3,5 пайыздық мөлшерлемемен не­сие беріледі. Айналым құралдарын толықтыру мерзімі – 12 ай, негізгі құралдар сатып алу уақыты – 120 ай.

“Есіл” кредиттік серіктестігі құ­рылған кезде 14 шаруашылық қаты­суға ниет білдірсе, қазір құрамы­мызда 6 ауданнан қаржылық жағы­нан тұрақты 79 құрылтайшы бар. Кре­диттік серіктестік құрылғаннан бергі кезең аралығын­да жарғылық және жеке капитал 130 есеге, яғни, 4,6 млн. теңгеден 602,1 млн. теңгеге дейін ар­тып, “Аграрлық кредиттік корпора­ция” АҚ-ның рей­тинг жүйесінде ал­дыңғы орындамыз. Тұрақты қаржы­лық жағдай мен даму динамикасы, берешектің жоқтығы, құрылтайшы­лар мен қызметкерле­ріміздің жоғары кә­сібилігінің арқасында стандартты кредиттік порт­фель әлдеқайда мо­лайды. Олардың қатарында “Зен­ченко және К”, “Петерфельд-Агро”, “Қызылжар сүт”, “Асхат-Агро”, “Кулик Н.П.”, “Орловкий және К”, “Брушкевич” сияқты серіктестіктер бар. Бұлар “Кең дала”, “Сыбаға”, “Іскер”, “Агробизнес” бағ­дарламала­рына да белсенділікпен ат салыса­ды. Барлығына 28,4 млрд. тең­генің кре­диттік ресурстары бөлінді. Өсім­дік, мал, құс, көкөніс шаруа­шы­лықта­рын дамыту үшін 1340 жоба қаржы­лан­ды­­рылды. “Кең дала” жо­ба­сына 6,2 млрд. теңгенің 21 өтінімі түсіп, үштен бірі қанағаттан­ды­рылды.

“Есіл” КС құрылтайшыларына 280 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабы тиесілі. Оның ішінде егістік – 177 мың, жайылым – 92 мың, ша­бындық – 11 мың гектар. Мал басына келсек, ірі қара – 20 мың, жылқы – 2,8 мың, қой – 1,2 мың, құс – 200 мың бас. Қазіргі таңда өсімдік, мал, құс, көкөніс шаруашылықтарын қамти­тын 1500 жобаға 32 млрд теңге қа­растырылса, биыл бөлінгені – 5,6 млрд тенге. КС құрылтайшылары мал басын айтарлықтай көбейтіп, ма­шина-трактор паркін жаңарта алды. Жаңа өндіріс орындары, тауарлы-сүт фермалары құрылды. Сондай-ақ фермерлерге инвестициялық са­лым­дарды инвестициялау және қа­рыздар бойынша сыйақы мөлшер­лемелері түрінде мемлекеттік қол­дау көрсетіледі.

Құрылтайшылардың бастамасы бойынша КС “Агроөнеркәсіптік кешен” кредиттік серіктестер одағына кіре отырып, жүйені дамыту және ны­ғайту, заңнамалық, өзге де нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге қатысу, ұйымдастырушы­лық, ақпа­раттық-талдамалық, әдіс­темелік, құ­қық­тық көмектер беру, тәжірибе ал­масу, уәкілетті, атқарушы билік ор­гандары арқылы мемлекеттік реттеу­ді қамтамасыз ету, елдің аграрлық қаржы секторының алдына қойылған міндеттерді бірлесіп шешу мәселе­лері аясында іс-шараларды күшейту талабын қойып отырмыз.

Жолдауда атап өтілгендей, елі­міздің болашағы баянды болсын де­сек, стратегиялық міндеттер сөзсіз орындалуы тиіс.

Шынар БІЛӘЛОВА,

“Есіл” кредиттік несие серіктестігінің басқарма төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp