Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Ұлттық ұлан академиясында болды. Бүгінде әскери оқу орнында 800-ге жуық курсант білім алып жатыр. Оларға 100-ден аса білікті маман сабақ береді. Нысанды аралау барысында өңір жетекшісіне әскери білім ордасында жасалған жағдай мен бүгінгі ахуал баяндалды.
Академия жалпы ауданы 9,8 гектар жерді алып жатыр. Оның ішінде оқу корпусы, техникалық зона, автотұрақ сияқты бөлімдер бар. Мұндағы төрт батальонның әрқайсысының штатында 220 адамнан қызмет етеді. Бұдан бөлек курсанттарға арнайы техниканы басқаруды үйрететін зертханалық корпус жұмыс істейді. Ал академияның атыс алаңы осыдан 4 жыл бұрын салынған. Заманауи қондырғылармен жабдықталған алаңда курсанттар мергендіктерін шыңдайды.
Облыс әкімі әскери академияның асханасына да бас сұқты. Онда да білім алушыларға лайықты жағдай жасалған.
– Асханаға биыл күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Курсанттар үш стандартқа бөлінеді. Жалпы әскери, курсанттық және емделіп жатқан курсанттар. Ем-дом қабылдап жатқан сарбаздардың ас мәзірі басқаша құрылады, – дейді академияның азық-түлік қызметінің бастығы Асқар Юсупов.
Асханадағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғанмен аталған аумақты абаттандыру жұмыстары созылып кеткен. Даладағы жұмыстарды маңғыстаулық “Оңдасын” серіктестігі өз жауапкершілігіне алған. Облыс әкімі құрылысты кестеден кешіктірген мердігерге жұмысты жетелдету керек екенін айтты.
Бұдан кейін Ғауез Нұрмұхамбетов облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментке барды. Департамент мамандары жұмыс істейтін ғимараттың терезелері ескі, ішкі бөлмелердің де жағдайы мәз емес. Кездесу барысында ғимаратты күрделі жөндеу жұмыстары көптен бері кешіктіріліп жатқаны айтылды. Жобалық-сметалық құжаттамасы 2021 жылы жасалып қойған. Облыс әкімі аталған мәселені шешуге көмек көрсететінін айтып, уәдесін берді.
Сонымен қатар кездесу барысында жастарды әскерге шақыру жайы да сөз болды.
– Жылына мыңға жуық жас әскерге шақыртылады. Облыстық медициналық комиссиядан 5 мыңға жуық жас өтеді. Бозбалалардың арасында көздің нашар көруі мен жалпақ-табандылық жиі кездеседі, – дейді департамент басшысының орынбасары Марат Каримов.
Гүлден СИМБАЕВА.