«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қорғаныс саласына қолдау қажет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Ғауез Нұр­мұ­хам­бетов Ұлттық ұлан ака­демиясында болды. Бүгінде әс­кери оқу орнында 800-ге жуық кур­сант білім алып жатыр. Оларға 100-ден аса білікті ма­ман сабақ береді. Нысанды ара­лау барысында өңір жетекші­сіне әскери білім ордасында жа­салған жағдай мен бүгінгі ахуал баяндалды.

Академия жалпы ауданы 9,8 гек­тар жерді алып жатыр. Оның ішінде оқу корпусы, техникалық зона, авто­тұрақ сияқты бөлімдер бар. Мұнда­ғы төрт батальонның әрқайсысының штатында 220 адамнан қызмет етеді. Бұ­дан бөлек курсанттарға арнайы техника­ны басқаруды үйрететін зертханалық корпус жұмыс істейді. Ал ака­демия­ның атыс алаңы осыдан 4 жыл бұрын салынған. Заманауи қон­дыр­ғылар­мен жабдықталған алаңда курсанттар мерген­діктерін шыңдайды.

Облыс әкімі әскери академия­ның асханасына да бас сұқты. Онда да білім алушыларға лайықты жағ­дай жасалған.

– Асханаға биыл күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Курсанттар үш стандартқа бөлінеді. Жалпы әскери, курсанттық және емделіп жатқан кур­санттар. Ем-дом қабылдап жатқан сарбаздардың ас мәзірі басқаша құ­рылады, – дейді академияның азық-түлік қызметінің бастығы Асқар Юсу­пов.

Асханадағы күрделі жөндеу жұ­мыс­тары аяқталғанмен аталған ау­мақты абаттандыру жұмыстары созылып кеткен. Даладағы жұмыстарды маңғыстаулық “Оңдасын” серік­тес­тігі өз жауапкершілігіне алған. Облыс әкімі құрылысты кестеден кешіктірген мердігерге жұмысты же­телдету керек екенін айтты.

Бұдан кейін Ғауез Нұрмұхамбетов облыстық қорғаныс істері жө­ніндегі департаментке барды. Де­пар­тамент мамандары жұмыс іс­тейтін ғимараттың терезелері ескі,  ішкі бөлмелердің де жағдайы мәз емес. Кездесу ба­рысында ғимаратты күрделі жөндеу жұмыстары көптен бері кешіктіріліп жатқаны айтылды. Жоба­лық-сметалық құжаттамасы 2021 жылы жасалып қойған. Облыс әкімі аталған мәселені шешуге көмек көр­сететінін айтып, уәдесін берді.

Сонымен қатар кездесу барысында жастарды әскерге шақыру жайы да сөз болды.

– Жылына мыңға жуық жас әс­керге шақыртылады. Облыстық ме­ди­циналық комиссиядан 5 мыңға жуық жас өтеді. Бозбалалардың арасын­да көздің нашар көруі мен жалпақ-табандылық жиі кездеседі, – дейді департамент басшысының орынба­сары Марат Каримов.

Гүлден СИМБАЕВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp