«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Азаматтық қоғамға – нық қадам

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Белгілі жазушы Естай Мырзах­метовтің дарынды кәсіпкер ұлы Абай бірде: “Біз дастарқан басында әдемі сөйлеп, әдемі тілек айтамыз. Ал іс жүзіне келгенде бұрау басын сын­дыратынымыз некен-саяқ. Біздікі “дас­тарқандық патриотизм” ғой”, – де­ген еді.    

Көлік апатынан тым ерте қаза тапқан текті азаматтың сол сөзі  өмір шындығына қарап айтылғандықтан да жадымызда сақталып қалды. Шы­нында да дос-жаран жиналған дас­тарқан басында көбіміз қоғамдағы көкейкесті мәселелерді көтеріп ше­шенсігенімізбен, оларды шешу үшін нақты ештеңе істемейтініміз, әсіресе қолында үлкенді-кішілі билігі бар шенеуніктердің жөнсіздіктері мен былық-шылығы жайлы күңкілдес­кенімізбен, елімізде әділдік орнату жолында білек сыбана күресуге  ба­тылымыз жетпей, бұғып жүргенді қолайлы көретініміз жасырын емес.    

Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың биыл Түркістанда болған отырысын­да: “Әділетті Қазақстанды құру – ми­нистрлер мен әкімдердің ғана мінде­ті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұ­мылуымыз керек. Ал түпкі мақсаты­мыз­ға жету үшін саяси-экономи­калық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дү­ниетанымы және өмірлік ұстанымда­ры өзгеруге тиіс. Әйтпесе басқа ре­форманың бәрі бекер. Бір сөзбен айтсақ, пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді”, – деген пайымы кімді болсын ойландыруға тиіс.

Бұл ретте Мемлекет басшысы­ның 2020 жылғы “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жол­да­уына сәйкес әзірленіп, ұзақ та кеңі­нен талқыланғаннан кейін таяуда алғаш рет қабылданған “Қоғамдық бақылау туралы” және “Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнама­лық актілеріне қоғамдық бақылау, әкім­шілік рәсімдерді жетілдіру мә­селелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң­дар­дың маңызы ерекше. Бұл норма­тивтік құқықтық актілердің мақсаты –  азаматтардың мемлекет істерін бас­қаруға белсене атсалысуына жағ­дай туғызу.

Қоғамдық бақылауға жекелеген азаматтар және діни бірлестіктерді қоспағанда, коммерциялық емес ұйымдар қатысатын болып белгілен­ді. Олар саны бес адамнан аспайтын қоғамдық бақылау тобын құра ала­ды. Бұл ел ішіндегі белсенді азамат­тардың заңнама аясында әділдік жолында бірлесе қимылдауына мүмкіндік береді. Бір айта кетерлігі, он сегіз жасқа толмаған жасөспірім­дер, алынбаған соттылығы бар және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушы­лық, экстремистік жəне террористік қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылған адамдар, сондай-ақ шетелдің қатысуымен жұмыс істейтін коммерциялық емес ұйымдар қоғамдық бақылауға қатыс­тырылмайды.

Қоғамдық бақылауға қатысушы­лар атқарушы мемлекеттік билік жəне жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, мемлекеттік мекеме­лер­дің, квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының, дербес білім беру ұйымдарының, қызметі қоғам­дық мүдделермен байланысты орта­лық жəне жергілікті атқарушы ор­гандардың функцияларын орындау­шылар болып саналатын ұйымдар­дың қызметіне бақылау жасайды. Бұл ретте Парламент депутаттары Үкімет ұсынған қоғамдық бақылау объектілерінің тізбесін кеңейтіп, республикалық бюджеттен қаржы­ландырылып отырса да бұрын бе­йінді министрліктерге бағындырыл­май, бақылаудан тыс қалдырылған автономды білім беру ұйымдары – Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев университетінің, сон­дай-ақ “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының жұмысына қоғамдық бақылау орнату туралы нормалар енгізгенін айтқан жөн. Ал режімдік объектілер санатына жатқызылған мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметіне қоғамдық бақылау жасал­майды. Сонымен бірге, “Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” және “Қазақстан Республикасының арнаулы мемле­кеттік органдары туралы” Заңдарға толықтыру енгізіліп,  ата-аналардың әскери бөлімдер мен оқу орында­рына барып, балаларының өмірі мен тұрмысымен танысуына жол ашы­лып отыр. Мұның өзі әскеріміз бен Ұлттық ұланда кейде шын сыры ашы­ла бермейтін суицид оқиғаларының алдын алуға ықпалын тигізеді деп үміттенеміз.

Қоғамдық бақылауға қатысушы­лар қоғамдық бақылау объектіле­рінің жазбаша келісімі бойынша олардың аумағы мен үй-жайларына баруға, қажетті ақпаратты сұрап алу­ға, бейне жəне фототүсірілім жасау­ға қақылы. Сонымен қатар қоғамдық бақылау объектілеріне қоғамдық ба­қылау барысында анықталған құқық бұзу­шылықтарға ықпал еткен себеп­терді жою жөніндегі шаралар туралы ұсынымдарды қамтитын қорытынды құжатты жіберуге, уәкілетті мемле­кеттік органға да қоғамдық бақылау нәтижесі жайлы ақпаратты жолдауға міндетті. Қорытынды құжат қоғамдық бақылау объектілерінің қарауы үшін міндетті болып саналады және онда жасалған әрбір ұсыным бойынша он жұмыс күнінен кешіктірмей уəждел­ген жауап берілуге тиіс. Егер қоғам­дық бақылау объектісі қорытынды құ­жатты қараудан бас тартса, онда қоғамдық бақылауға қатысушылар тиісті мемлекеттік органдарға ша­ғымдана алады.

Кейінгі кезде әлеуметтік желіде әртүрлі тақырыпты көтерген “пети­ция­лар” жарияланып жүр. Алайда бұл “арбаның аттың алдына шығып кеткеніндей” жағдай болып отыр. Себебі елімізде петиция туралы заң нормасы жақында ғана қабылданды әрі заңды күшіне әлі енген жоқ. Сондықтан да мыңдаған адам қол қойып, құптап жатқан ұсыныстар жазылған “петиция” белгілі дәреже­де қоғамдық пікір туғызып, билік басындағылардың назарын аударт­қанымен, ресми қарауға жататын құжат болып саналмайды. Сол се­бепті Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша Үкімет әзірлеп, Парламент қабылдаған “Қазақстан Республикасының кейбір заңнама­лық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мә­селелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” ілеспе Заң арқылы Әкімшілік рәсімдік-про­цестік кодекске петиция туралы толықтырулар енгізілді. Онда: “Пе­тиция – мемлекеттік органға, жергi­лiктi өкiлдi жəне атқарушы органға электрондық құжат нысанында жібе­рілген жəне осы кодексте белгілен­ген тəртіппен қаралатын ұжымдық хабар, үн қосу немесе ұсыныс” деп көрсетілген. Осы орайда бір еске­рер­лік жайт, конституциялық құры­лысқа, қоғамдық тəртіпке, халықтың денсаулығы мен имандылығына нұқсан келтіруі мүмкін мəселелер, еліміздің бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, ел Президенті жеті жыл мерзімге сайланады жəне бір адам бір реттен артық Мемлекет басшысы болып сайлана алмайды деген ережені өзгерту, республиканың əкімшілік-аумақтық құрылысы мен мемлекет­тік шекарасы, сот төрелігін жүзеге асыру, прокуратура органдарының заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауы, құқық қорғау қызметі, күзетілетін адамдар мен объекті­лердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық және азаматтық заң­нама, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік жəне қоғамдық тəртіпті сақтау, Пре­зиденттің, Парламент Палаталары мен Үкіметтің қарауына жататын адам­дарды лауазымынан босату, халықаралық шарттардан туын­дайтын міндеттемелерді орындау мəселелері, сайлау жəне республи­калық референдум туралы заңна­мада реттелетін мəселелер, мемле­кеттік рəміздер, мемлекеттік тілдің мəртебесі, мемлекеттік органдардың құзыретін, өкілеттіктерін, функция­лары мен міндеттерін өзгерту, тө­тенше жағдай жəне төтенше ахуал режімдерінің қолданылуы аясында қабылданатын шешімдердің күшін жою туралы мəселелер петицияның нысанасы бола алмайды.

Петицияны интернет-ресурста еркін қолжетімді етіп орналастыру үшін он жұмыс күні ішінде электрон­дық нысанда жəне жиырма жұмыс күні ішінде жазбаша түрде кемінде елу азаматтың петицияға қосылуы қажет. Олар мұны интернет-ресурс­та электрондық цифрлық қолтаңба арқылы немесе жазбаша түрде куəландыра отырып жүзеге асыра­ды. Петиция интернет-ресурста еркін қолжетімді етіп орналастырыл­ған кезден бастап, алты ай ішінде оған өзге азаматтардың қосылуына болады. Қосылудың қорытындысы бойынша Үкіметтің құзыретіне жа­татын мəселелер бойынша оны қол­дауға Қазақстан азаматтарының ке­мінде елу мың даусына ие болған петиция қолдау тапқан болып есеп­теледі. Аталған кодекске енгі­зілген толықтыруларда облыстардың, рес­публикалық маңызы бар қалалар мен астананың, аудандардың, об­лыс­тық маңызы бар қалалардың жер­гілікті өкілді және атқарушы орган­дарының, аудандық маңызы бар қа­ла­лар мен ауыл əкімдері аппарат­тарының құзыретіне жататын мəсе­ле­лерге қатысты петициялар бойын­ша да тиісінше талаптар айқын­далған.

Заңнамада белгіленген тəртіп­пен берілген петиция міндетті түрде қаралуға жатады. Оны қарау кезінде орталық мемлекеттік орган құрамы­на мүдделі мемлекеттік органдар­дың өкілдерін, Парламент пен мəс­лихаттардың депутаттарын, арыз иесін, сондай-ақ қоғамдық бірлестік­терді қоса отырып, жеке комиссияны немесе жұмыс тобын құруға, пети­цияға қатысты келіп түскен пікір­лерді, экономикалық, əлеуметтік, статистикалық жəне өзге де ақпарат­ты талдауға, заңнамаға өзгеріс енгізу талап етілген жағдайда халықара­лық тəжірибені зерделеуге міндетті.  Петицияны қарау нəтижелері бойын­ша орталық мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы, жергiлiктi өкiлдi органның төрағасы петицияны толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы және петицияны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды. Мұндай шешім арыз иесінің жəне петицияға қосылған Қа­зақстан азаматтарының қабылдан­ған шешімге шағым жасау құқықтары бар екендігі түсіндіріле отырып, олардың дəлелдерін жоққа шығара­тын немесе растайтын нақты факті­лерді қамтуға тиіс. Петицияны қарау нəтижелері бойынша орталық мем­ле­кеттік немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы, жергi­лiктi өкiлдi органның төрағасы ресми түрде хабарлама жасауға міндетті.

Түйіндей айтқанда, келесі жыл­дың сәуір айында күшіне енетін қо­ғамдық бақылау туралы заңнама – елімізді одан әрі демократияланды­рып, мықты азаматтық қоғам құруға бағытталған маңызды қадам. Ал бұрын-соңды болмаған әрі кең ау­қым­да қолға алынатын қоғамдық ба­қылау “дастарқандық патриотизм­нің” орнына шынайы патриотизмді қалыптастыруға жол ашып, халық билігінің қуатты құралына айналуға тиіс.

 Кәрібай МҰСЫРМАН,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp