Цифрландыру саласында еліміз көрші мемлекеттермен ғана емес, Еуропаның бірқатар елімен лайықты бәсекелес болып отыр. 2022 жылы “IMD” цифрлық бəсекеге қабілеттіліктің əлемдік рейтингінде еліміз 63 мемлекеттің арасында 36-орынды иеленді. ТМД жəне Орталық Азия елдерінен рейтингке Қазақстан ғана еніп отыр.
Сонымен қатар біздің ел Еуропа мен Азияның бірқатар елінен алда тұр. Мысалы, Португалия, Италия, Мажарстан, Хорватия, Үндістан, Польша, Румыния, Бразилия, Түркия бізден кейін орналасқан. Мұндай баға цифрландыру саласындағы елдің жоғары даму дəрежесін халықаралық институтта растап отырғанын көрсетеді. “IMD World Digital Competitiveness Ranking” рейтингі таңдалған 63 елдің бизнестегі, үкіметтегі жəне жалпы қоғамдағы экономикалық өзгерістердің негізгі факторы ретінде цифрлы технологияларды енгізу жəне пайдалану қабілеті мен дайындығын сараптайды. Зерттеуге сəйкес “WDC” рейтинг əдістемесі цифрлы бəсекеге қабілеттілікті үш негізгі фактор – білім, технология, мемлекеттің болашаққа дайындығы бойынша анықтайды.
Ал рейтинг бойынша цифрландыру саласындағы ең дамыған елдер қатарына Дания, АҚШ, Швеция, Сингапур, Швейцария, Нидерланды, Финляндия, Оңтүстік Корея, Гонконг, Канада кіреді. Кейінгі жылдары елімізде цифрландыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Үкімет цифрлық экономиканың дамуын жеделдетіп, өнеркəсіптің барлық саласына заманауи технологияларды белсенді түрде енгізіп жатыр. Мəселен, құрылыс саласын алайық. Бұл сала – цифрландыру қиын салалардың бірі. Алайда бұдан шет қалып жатқан біз жоқпыз. Айталық, бір ғана “BI Group” компаниясының өзі айтарлықтай нəтиже көрсетті. Құрылыс компаниясы прогрессивті стандарттарды енгізе отырып, жылжымайтын мүлік пен құрылыс саласындағы өнімдер мен қызметтердің сапасын арттырудың қозғаушы күшіне айналды. Көптеген қызмет “big App” мобильді қолданбасында қолжетімді. Қолданба компания клиенттеріне жылжымайтын мүлікті іздеуден бастап, тұрудың жайлылығын арттыруға дейінгі онлайн қызметтерді ұсынады. Сондай-ақ сатылымдар мен жарнамалардың басталғаны туралы, тұрғын үйлер туралы жəне тағы да басқа ақпараттар беретін жаңалықтар лентасы бар. Бұған қоса қажетті құжаттар өтінім бөлімінде қолжетімді. Тұрғын үй мен пəтер қызметтеріне өтінім беру, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу, онлайн дауыс беру, тұрғын үй шығыстары туралы есептердің бəрі онлайн.
Цифрландыруды қолданысқа кеңінен енгізген саланың бірі – банк секторы. Бұл – елдегі ең озық əрі барынша цифрландырылған саланың бірі. Ірі банктер цифрлы платформаларды, онлайн-банкингті жəне мобильді қосымшаларды белсенді түрде енгізіп жатыр. Бұл қаржы операцияларын мүмкіндігінше қолжетімді əрі клиенттерге ыңғайлы етеді. “SimilarWeb” порталының мəліметінше, “HalykBank”, “Kaspi.kz”, “B-Bank” (“Береке” банкі) қосымшалары еліміздегі үздік банк қосымшалары саналады.
Электронды үкіметіміз де цифрландырудың игілігін жалпақ жұртқа ұсынып отыр. Электронды үкімет – ақпараттық технологиялар көмегімен мемлекет пен азаматтар арасындағы, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өзара əрекеттестікті қамтамасыз ететін бірыңғай платформа. Елімізде “egov” электронды үкіметі қарқынды дамып келеді. Оның көмегімен азаматтар мемлекеттік қызметтерді онлайн ала алады. 2022 жылы Қазақстан БҰҰ мониторингіне енгізілген 193 елдің арасында электронды үкіметтің даму деңгейі бойынша 28-орынды иеленді. Бұл – ТМД мен Орталық Азия елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Жеткізу қызметі де цифрлық жолға түсті. Елімізде кейінгі жылдары қарқынды дамыған салалардың бірі – дəл осы жеткізу қызметі екені даусыз. Оның дамуына біріншіден, кəсіпорындардың технологиялық жабдықталуы мен цифрлық мүмкіндіктерінің артуы, екіншіден, пандемия кезіндегі онлайн жеткізу сұранысының жоғарылауы себеп болды. Сондай-ақ бұл қызмет мыңдаған жұмыс орнын құру арқылы жұмыспен қамтуға оң əсер етті.
Әсет ҚАНАФИН.