2005 жылы қабылданған заң бойынша әр жұмыс беруші жұмыскерлерді сақтандыруға міндетті. Сақтандыру қызметкерлердің еңбек міндеттерін орындауы кезіндегі жазатайым оқиғалардан сақтайды. Бұл заң 17 жылдан бері қолданылып келе жатқанына қарамастан, әлі де міндетті сақтандыру шартын жасамайтын компаниялар бар.
Сақтандыру – бұл ЖШС, ЖК және басқа заңды тұлғалардың өз жұмыскерлерін соңғы еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыру шартын жасасуы.
Еңбек кодексінің 182-бабы 2-тармағының 14) тармақшасына сәйкес сақтандырудың бұл түрі міндетті болып табылады және сақтандыру қызметкердің еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиға болған жағдайда ғана қолданылады. Жазатайым оқиғаға байланысты шығыстар төлемдер түрінде белгіленген сомада не жұмсалған шығыстар сомасында өтеледі.
Жазатайым оқиға дегеніміз – адамның еркіне қайшы келетін, денсаулыққа зиян келтіруге, мертігуге немесе өлімге әкеп соққан ағзаға сыртқы механикалық, электрлік, химиялық, термиялық немесе басқа да әсер ету нәтижесінде пайда болған кенеттен орын алған оқиға. Міндетті сақтандыру шартын жасасудан жалтару әкімшілік құқық бұзушылыққа әкеп соғады. Осы құқық бұзушылық үшін кәсіпкерлік субъектісіне 1 000 АЕК дейін (2023 жылы – 3 450 000 теңге) айыппұл салынады.
Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру – еңбек (қызметтік) мiндеттерiн атқарған кезде өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрілген қызметкердің мүліктік мүдделерін қорғау мақсатында, жұмыс берушілерге аннуитеттік сақтандыру шартын жасасу қажет.
Азат КӨШЕРБАЕВ,
облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы еңбек қауіпсіздігін бақылау және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы.