«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЙЛАУШЫЛАР СЕНІМІН АҚТАУ — ПАРЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

5 қарашада елімізде алғаш рет аудандар мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтті. Өңіріміздегі Есіл, Мамлют және Тимирязев аудандарының тұрғындары өз таңдауларын жасады.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ең алдымен Мамлют аудандық активімен кездесіп, өңір тарихындағы алғашқы әйел әкімді таныстырды. Сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жеткен Елена Степаненкоға бірқатар міндеттер жүктеді.

Бүгінгі таңда аудан тұрғындарының саны 17,5 мың болса, 7,5 мыңдайы Мамлютка қаласында тұрады. 10 елді мекенде адамдардың саны 50-ге жетпейді. 2026 жылға таман ауылдарды орталықтандырылған ауызсумен қамту қажет. Бике ауылына дейінгі 9 шақырым жолға асфальт төселмеген. Бұл мақсат үшін жарты млрд. теңге керек.  Әр сала, әсіресе, өңдеу өнеркәсібі қарқынды қимылды талап етеді.

Ғауез Торсанұлы ауданда жұмыссыздық деңгейі әлі жоғары екенін,  оң өзгерістер халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететінін атап көрсетті.

Есіл ауданында сайлаушылардың 78,15 пайыз дауысын иеленіп, жаңадан сайланған Мереке Мұхамедияровқа қызметтік куәлік табыс етілді.

“Облыста перспективалық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл аудан да осындай жаңашылдықтардан тыс қалмауы керек. 9 айда дамудың оң серпіні байқалғанымен, атқарылатын жұмыс аз емес. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 2 пайызға азайған. Білім беру, денсаулық сақтау салаларында білікті кадрлар тапшы. Ауданішілік жолдарды жөндеу, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңарту – басты мәселелердің бірі”, – деді өңір басшысы.

Ауданда “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” жобасы аясында екі фельдшерлік акушерлік пункт тұрғызылады.

Тимирязев ауданында өткен сайлау науқанына 22 елді мекеннен 5 мыңға жуық адам қатысып, осы уақытқа дейін аудан тізгінін ұстап келген Ерлан Жаровқа үлкен сенім артылған. Өңір басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жайына баса назар аударуды, жаңа инвесторлар тартуды, әлеуметтік салаға басымдық беруді тапсырды. 9 айда екі ұн комбинатының көрсеткіші 11 пайызға төмендеген.  Сүт мүлдем өндірілмеген. 2025 жылға дейін ауызсумен қамту, жергілікті жолдарды қалпына келтіру көрсеткіштерін 95 пайызға жеткізу мақсаты қойылды.

Соңғы 5 жылда аудан жолдарын жөндеуге 4 млрд. теңге жұмсалса, биыл қарастырылған қаржы – 1 млрд. теңге. Есіл-Ақсуат бағытындағы 19 шақырым жол жөнделуде. Екі медициналық нысан салынып, 3 мектеп қалпына келтірілмек.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp