Суық түссе тұмауға шалдыққан адамдар көбейеді. Бұл – қалыпты жағдай. Бірақ кейінгі жылдары балалар арасында қызылшаның көбеюі медицина қызметкерлерін алаңдатып отыр.
Бір кезде бұл дертке қарсы вакцина болмай, сәбилер көп шетінеген еді. Қазір вакцина бар, бірақ көптеген ата-ана оған күмәнмен қарап, балаларына еккізбейтін көрінеді. Бұл – әрине, ата-аналар тарапынан жіберіліп отырған келеңсіз жағдай, әрбір ата-ана баласының сау болуын ойлауы керек.
Қызылша – балалар арасында жылдам таралатын жұқпалы дерт. Бұл – әсіресе, тойып тамақ ішпейтін және туберкулез ауруына шалдыққандарға қауіпті. Сырқатқа шалдығу суық тию белгілері сияқты басталады. Алдымен дене қызады, тұмаудың белгілері көрінеді, одан көз қабынып, жөтел ұлғаяды. Уақыт өткен сайын ауру асқына түседі. Ауыз қабынып, ісініп, іш өтуі де мүмкін. Екі немесе үш күннен кейін ауыздың шырышты қабығында тұз түйіршігінің жартысындай кішкентай ақ дақтар көріне бастайды. Одан кейін 2 немесе 3 күн өткен соң құлақта және мойында, сосын бетте, денеде, ең соңында қол мен аяқта бөртпелер пайда болады. Денеге бөртпелер шыққаннан кейін баланың жағдайы әдетте жақсарады. Бөртпелер 5 күннің ішінде шығып болады. Кейде тері астына қанның құйылуы (қара қызылша) салдарынан шашыраңқы қара дақтар (көгерген жерлер) байқалады. Дертке шалдыққан бала төсекте жатуы керек, сұйықтықты көп ішіп, құнарлы тамақ жегені жөн. Егер қою тамақ жей алмаса, сұйық сорпа берген дұрыс. Сонымен қатар қызылшамен ауырған баланы басқа балалардан бөлек ұстаған жөн. Жас балалар ағзасының қызылша ауруына қарсы тұруы үшін олар жетіліп, ет алуы қажет. 8 айдан 14 айға дейінгі бала қызылшаға қарсы егілу керек.
Қазір өңірдегі қоймаларда қызылшаға қарсы вакцинаның толық қоры, яғни, 9 мың дозасы бар. Осы вакциналарды егу үшін облыста 91 егу бригадасы ұйымдастырылған.
Ауа райы суыққа бет алған қазанның екінші жартысынан бастап денсаулық сақтау басқармасы 93 млн. теңгеге қосымша вакцина алуға тапсырыс берді. Үкіметтің 2021 жылғы 30 наурыздағы қаулысына сәйкес қызылшаға қарсы вакцина егу 12-15 айлық бөбектер арасында міндетті түрде жүргізіледі. Сондай-ақ екінші рет 6 жасқа дейінгі балалар егіледі. 2023 жылдың 1 қарашасынан қосымша иммунизация 6-дан 11 айға дейінгі бөбектерге жасалады. Сонымен бірге денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық және басқа да қызметкерлеріне егіледі. Бүгінгі таңда 6-дан 11 айға дейін егілуге тиісті бөбектер саны – 2 465, ал медициналық және басқа да қызметкерлер саны 3 800 адам екені анықталды. Осы жылдың 9 айында қызылшаға қарсы егілуге тиісті жандардың 71,2 пайызына екпе қойылды. Соның ішінде бір жасқа дейінгі егілгендер саны – 5 398 адам, бұл – барлық бала санының 75,4 пайызы. Алты жасқа дейінгі балалардың 7 116-сына вакцина егілген, бұл – осы жастағы барлық баланың 77,6 пайызы.
Қазір облыста қызылшаға шалдыққан 4 адам стационарлық ем алып жатыр, 1 адам амбулаториялық жағдайда емделемін деп ауруханаға жатудан бас тартты. 23 адам емделіп шықты.
Әсет ЖҰМАТАЕВ,
облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.