«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРАҒАШТАҒЫ ҚУАНЫШ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Тайынша ауданындағы Қарағаш ауылында болып, “Астық STEM” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жақында іске қосылған сүт фермасының жұмысын көрді. Өңір экономикасы үшін маңызды жобаны жүзеге асыруға 1,1 млрд. теңге инвестиция тартылды. Жаңа ферма жылына 3,2 мың тонна сүт өндірмек. Кәсіпорынның ашылғанына ауыл тұрғындары дән риза. 30 тұрақты жұмыс орны пайда болған.

Жұмысын егіншіліктен бастаған “Астық-STEM” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мал шаруашылығын 2016 жылдан бастап дамытып келеді. Бүгінде кәсіпорынның Тайынша ауданында екі заманауи сүт фермасы бар. Соның бірі жақында Қарағаш ауылында пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта кешендегі ірі қара саны 400-ден асқан.

“Алдағы уақытта бір сиырдан тәулігіне 30 литрге дейін сүт сауу жоспарда бар. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Сүт фермасы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Шығарылған өнім жергілікті дүкендерге жеткізіледі. Біздің өнім Ақмола облысында да сұранысқа ие. Алайда фермада жұмыс істейтін маман тапшы. Қазіргі уақытта бізге малшылар мен ветеринар керек. Мал төлдеп жатыр, яғни тәулік бойы кезекшілік ету керек. Сондықтан біз жұмысшылар санын көбейтуді көздеп отырмыз. Оларға еңбекақы тұрақты төленеді”, – дейді серіктестік құрылтайшысы Елубай Оқасов.

Жалпы өңірде қазіргі уақытта 13 сүт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 6 заманауи  ферма іске қосылады.

“Жаңа фермалардың іске қосылуы ауылдарда тұрақты жұмыс орындарын ашуға,  сүт өндіру көлемін ұлғайтуға және сүт зауыттарының жүктемесін көбейтуге мүмкіндік береді”, – деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp