«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қызылшадан екпе қорғайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Суық түссе тұмауға шалдыққан адамдар көбейеді. Бұл – қалыпты жағдай. Бірақ кейінгі жылдары балалар арасында қызылшаның көбеюі медицина қызметкерле­рін алаңдатып отыр.

Бір кезде бұл дертке қарсы вак­цина болмай, сәбилер көп ше­тінеген еді. Қазір вакцина бар, бі­рақ көптеген ата-ана оған күмәнмен қарап, бала­ларына еккізбейтін көрінеді. Бұл – әрине, ата-аналар тарапынан жібе­ріліп отырған ке­леңсіз жағдай, әрбір ата-ана ба­ласының сау болуын ойлауы керек.

Қызылша – балалар арасында жылдам таралатын жұқпалы дерт. Бұл – әсіресе, тойып тамақ ішпейтін және туберкулез ауруына шалдық­қандарға қауіпті. Сырқатқа шалдығу суық тию бел­гілері сияқты баста­лады. Алдымен де­не қызады, тұ­маудың белгілері көрінеді, одан көз қабынып, жөтел ұлғаяды. Уақыт өткен сайын ауру асқына түседі. Ауыз қабынып, ісініп, іш өтуі де мүмкін. Екі немесе үш күннен кейін ауыздың шырышты қабығында тұз түйіршігінің жарты­сындай кішкентай ақ дақтар көріне бас­тайды. Одан кейін 2 немесе 3 күн өткен соң құлақта және мойында, сосын бетте, денеде, ең со­ңында қол мен аяқта бөртпелер пай­да болады. Денеге бөртпелер шық­қаннан кейін баланың жағдайы әдетте жақса­рады. Бөртпелер 5 күннің ішінде шығып болады. Кейде тері астына қанның құйылуы (қара қызылша) салдарынан шашыраңқы қара дақ­тар (көгерген жерлер) бай­қалады. Дертке шалдыққан бала төсекте жатуы керек, сұйықтықты көп ішіп, құнарлы тамақ жегені жөн. Егер қою тамақ жей алмаса, сұйық сорпа берген дұрыс. Сонымен қатар қы­зылшамен ауырған баланы басқа балалардан бөлек ұстаған жөн. Жас бала­лар ағзасының қызылша ау­руы­на қарсы тұ­руы үшін олар жетіліп, ет алуы қажет. 8 айдан 14 айға дейінгі бала қызыл­шаға қарсы егілу керек.

Қазір өңірдегі қоймаларда қы­зылшаға қарсы вакцинаның толық қоры, яғни, 9 мың дозасы бар. Осы вакциналар­ды егу үшін облыста 91 егу бригадасы ұйым­дастырылған.

Ауа райы суыққа бет алған қа­занның екінші жартысынан бастап денсаулық сақтау басқармасы 93 млн. теңгеге қо­сымша вакцина алу­ға тапсырыс берді. Үкіметтің 2021 жылғы 30 наурыздағы қаулысына сәйкес қызылшаға қарсы вакцина егу 12-15 айлық бөбектер арасында міндетті түрде жүргізіледі. Сондай-ақ екінші рет 6 жасқа дейінгі балалар егіледі. 2023 жыл­дың 1 қа­рашасы­нан қосымша им­мунизация 6-дан 11 айға де­йінгі бөбектерге жасалады. Соны­мен бірге денсаулық сақтау ұйым­дарының медициналық және басқа да қызметкерлеріне егіледі. Бүгінгі таңда 6-дан 11 айға дейін егілуге тиісті бөбектер саны – 2 465, ал меди­циналық және басқа да қызмет­керлер саны 3 800 адам екені анық­талды. Осы жылдың 9 айында қы­зылшаға қарсы егілуге тиісті жан­дардың 71,2 пайызына екпе қойыл­ды. Соның ішінде бір жасқа дейінгі егілгендер саны – 5 398 адам, бұл – барлық бала санының 75,4 пайызы. Алты жасқа дейінгі балалардың 7 116-сына вакцина егілген, бұл – осы жастағы барлық баланың 77,6 пайызы.

Қазір облыста қызылшаға шал­дыққан 4 адам стационарлық ем алып жатыр, 1 адам амбулатория­лық жағдайда емделемін деп ау­руханаға жатудан бас тартты. 23 адам емделіп шықты.

Әсет ЖҰМАТАЕВ,

облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp