Қазіргі кезде алимент төлеуден жалтарып жүрген ерлерден бөлек, әйелдердің де саны артып барады. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми дерегі бойынша Қазақстанда алимент төлемегені үшін 1 618 адам іздестіріліп жатыр. Оның 142-сі – әйел.
Еститін құлаққа түрпідей тисе де, елімізде отбасынан безіп, бала-шағасын қараусыз тастап кетіп жатқан әйелдер саны күн санап артуда. Ресми мәліметке сенсек, 142 ана өз баласы үшін алимент төлемей, бой жасырып жүр. Бұл – тек ресми мәлімет. Ұл-қызын бағудан бас тартып, отбасынан кетіп қалған әйел туралы айтуды ар санап, үнсіз отырған ер адамдар аз емесі анық. Бұған дейін тек ер адамға қатысты айтылатын алимент төлеу міндеті әйелге де заңмен жүктелетінін біреу білсе, біреу білмес. Заңға сәйкес, бала-шағасын бағып-қағудан бас тартып, оларды тастап кететін әйелге де алимент төлеу міндеті жүктеледі. Жұбайлар ажырасқанда бала шешесімен қалса – әкесі, ал әкесімен қалса – шешесі алимент төлеуге тиіс.
Қазақстанда алимент төлеуге міндеттелген келіншектердің басым бөлігі ішкілікке салынғандар болса, тағы бір бөлігі отбасын орта жолдан тастап, басқамен отау құрғандар құрайды екен. Тоғыз ай жүрегінің астында сақтап, дүниеге әкелген баласынан бас тарту кез келген ананың қолынан келе бермесі анық. Бірі шарасыздықтан, енді бірі мәжбүрліктен өз перзентінен алыстайтыны сөзсіз. Десек те балалы болғанына қарамай, сезімнің жетегіне еріп, “бақытымды енді таптым”, – деп басқамен отау құрып, бірінші отбасын тастап кететін әйелдердің де аз болмай тұрғаны өкінішті.
Жауапты мекемелер жариялаған статистикаға сүйенсек, ер-азамат болсын, әйел болсын, алименттен қашып, іздеуде жүргендердің көбі – 31-40 жас аралығындағылар.
Әйелдердің алимент төлемеуі бойынша заңға бағынбаудың ең көп бөлігі Алматы, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелген.
Әділет министрі Азамат Есқараев әйелдерден алиментті өндіріп алу мәселесі өте күрделі екенін айтты. “Рас, әйелдердің алимент төлемеу мәселесі бар. Ол көптеген қиындыққа әкеп соғады. Алимент төлемеу салдарынан бала-шаға тиісті деңгейде азық-түлікпен, басқа да керек-жарақпен қамтамасыз етілмейді, олардың жағдайы нашар, уақытында тамағы болмайды әрі киімі бүтін емес. Осылайша әлеуметтік мәселе туындайды”, – дейді ол. Қазіргі кезде Қазақстанда алимент бойынша қарыз 7 млрд. теңгеге жеткен.
Біздің өңіріміз бойынша биыл алимент төлемеу бойынша 21 құқық бұзушылық тіркелген. “Өңірімізде алимент төлеуден қашып жүрген 170 адамның үштен бір бөлігі – әйелдер. Борышын өтемей жүргендердің барлығы жұмыссыз, тұрмысы төмен деп айта алмаймыз. Кейбірі табысын жасырса, енді бірі ресми тіркеліп жұмыс істемейді. Биыл қаңтар айында 300 миллионға жуық алимент бойынша қарыз сомасының жартысын өндіріп алдық”, – дейді облыс прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттар.
“Әйел адамның өз баласынан безіп, алимент төлемей қашып жүруі – ұлттығымызға сын. Қазақ баласын тастау былай тұрсын, өзгенің баласын бауырына басқан халық еді. Мұншалықты безбүйректік, мұншалықты қатыгездік қасиет қайдан, кімнен жұқты бізге?” – деген зейнеткер Әмірбек Оспанов бұл проблеманың бір ұшы отбасылық құндылықтардың құлдырап бара жатқанына тірелетінін айтады. “Біз атадан балаға жалғасып келген тәрбие атты тамырымыздан ажырап қалдық. Жаһандану заманы деп әр дүниенің соңынан қуумен келеміз. Алайда әр ұлттың өзіне тән қасиеті мен ұстанымы болатынын ұмытып барамыз. Соның салдарынан отбасылық құндылық сақталмайтын жағдайға жеттік. Қызды болашақ ана деп, ұлды отбасының тірегі деп өсіретін принциптер жойылып барады. Енді міне, өз баласынан бас тартқаны аздай, тиесілі алиментін төлемейтін қыз-келіншектің саны көбейіп келеді”, – дейді ол.
Бауыр еті баласын жаутаңдатып тастап кететін әйелдің әрекетіне психикалық тұрғыдан үңіліп саралауды ұсынған психолог Айдар Наушабеков: “Меніңше, баласынан безу әйелдің дұрыс отбасында тәрбие алмауымен тікелей байланысты. Бала күнінде ата-анасының жылуын толық сезіне алмағандар көбіне осындай қадамға барып жатады. Анасын іздеп, көз жасы құрғамайтын баласын ойлап, жүрегі селт етпеу – тек психикасында проблемасы бар әйелге тән құбылыс дер едім”, – дейді.
Аты-жөнін өзгертіп беруді өтінген келіншек өзінің не себептен отбасын тастап кеткенін айтып, барлығына әйелді кінәламауды сұрады. “25 жасымда өзім қалаған адаммен бас қосып, отбасын құрдық. Алғашқы жылдары бәрі жақсы еді. Екі баламыз дүниеге келген соң олардың киімін, тамағын бүтіндеу үшін күн-түн демей жұмыс істедім. Жұбайым әр жұмыстың басын бір шалып, тұрақты табыс таппады. Айлар бойы үйде жататын. Екі мекеменің еденін жуып, шаршап-шалдығып үйге келемін де, үйдің шаруасымен айналысамын”, – деген Айман 10 жылға жуық отбасының бүкіл ауыртпалығын жалғыз арқалағанын айтады. Тұрмысы төмен отбасынан шыққан Айманды жарының туыстары да түртпектеп күн көрсетпеген. “Жолдасымның туыстары мені кедейдің қызы деп тұқыртып, әбден езіп тастады. Онсыз да жалғыз өзім үш бірдей адамды асырап, зорығып жүргенде жұмыссыз жатқан жұбайым түрлі сылтаумен қол көтеретінді шығарды. Ұрыс-жанжалымыз көбейіп, араға ағайын-туыс араласып, соңы ажырасуға келіп тірелді. Олар екі баланы бермейтінін кесіп айтты. Міне, осылайша “безбүйрек ана” атандым. Екі балама ақшалай көмектескім келеді-ақ”, – дейді ол. Алайда тапқан-таянғаны өзіне әрең жететін ол үйсіз әркімнің есігінде қаңғып жүргенін алға тартады. “Отбасын тастап кетті деген әйелдің бәрі шалқып күн кешіп, ұл-қызын ойламай жүр дегенмен келіспеймін. Әсіресе біздің қазақ келіншектерінің баласын тастап кетуіне салмақты себеп болуы әбден мүмкін”, – дейді ол.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.