«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Үй ішінен үй тіккісі келген

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қалалық соты (судья Алмас Жұмағазин) “Еңбекшілер халық кеңесі” деп аталған астыртын сепаратистер тобына қатысты қылмыстық істі қарап, бірнеше сот отырысын өткізді.

Қылмыстық кодекстің 179 және 180-баптарының 2-тармақтары бойынша (адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, не қоғамдық бірлестік лидері жасаған, не бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған, не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражат пайдаланыла отырып жасалған дәл сол әрекеттер) күдікке іліккен 19 адамның төртеуі сепаратизмді насихаттау ісіне байланысты айыптау орындығында отыр. Олар: 48 жастағы автослесарь Вячеслав Зудерман (ол өзінің анкеталық мәліметтерін бұқаралық ақпарат құралдарында атай беруге рұқсат берген топтағы жалғыз адам), 42 жастағы Елена Б, 52 жастағы Мәдина К. және 37 жастағы Ольга Б. Соңғысы – үйқамақта.

Оқырмандарға түсінікті болу үшін қоғамда үлкен дүрбелең тудырып, ел ішін алатайдай бүлдіре жаздаған “атышулы” оқиғаға толығырақ тоқтала кетейік. 19 наурызда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне қарасты колледждегі жиналысқа қатысушылар Қазақстан мемлекетін мойындамайтын, оның тәуелсіздігін жоққа шығаратын декларация қабылдап, Петропавл еңбекшілерінің дербес халық кеңесін құратындарын мәлімдейді. Жиынның бейнежазбалары әлеуметтік желілерде таралып, оның соңы көпшіліктің ашу-ызасына ұласады. Жергілікті тұрғындар мен Парламент Мәжілісінің жекелеген депутаттары бұл әрекетті заңға, мемлекет тұтастығына қарсылық ретінде бағалап, тиісті орындарға өз наразылықтарын жіберіп, қатаң жаза қолдануды талап етеді. Мәселен, “Ақ жол” партиясының мүшесі Қазыбек Иса арнайы депутаттық сауал жолдаса, осы саяси ұйымның солтүстікқазақстандық өкілі Евгений Кинцель этностарды бірлікке, “біз бәріміз қазақпыз” деген сөзді үлгі етуге, өскемендік халық қалаулысы Надежда Шушаникова мемлекеттік мекемелердегі жиналыстар мен шараларды тек қазақ тілінде өткізуге, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін шетелдік телеарналар мен сайттарды, басылымдарды шұғыл түрде жабуға шақырады.

Наурыздың аяғында ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаменті мен прокуратура ведомствоаралық тергеу тобы құрылғанын, істің бақылауға алынғанын,  сепаратизм фактісі бойынша  тергеудің басталғанын, 20-шы сәуірде топтың үш мүшесі ұсталып, қамауға алынғанын хабарлады. 

Айыптау актісіне сәйкес, В. Зудерман Қазақстан Республикасының мемлекеттік қауіпсіздігі мен тұтастығына және бірлігіне сына қағуды қылмыстық жолмен жүзеге асыруды күні бұрын ойластырып, өз ұстанымы мен көзқарасын жұртшылық арасында белсенді насихаттай бастаған. Ол қолдаушыларды алдын ала іздестіріп, өз жағына тартып отырған. Мақсаттарының бірі “Халықтық кеңестерді” басқа елдерде де қалпына келтіру болған. Қолданыстағы конституциялық құрылымды, мемлекеттік органдар мен заңнамаларды мойындамай, Қазақстанды тәуелсіз мемлекет емес, әлдеқандай бір корпорацияға теліген. Олар “Народный дозор. Петропавловск”, “Народный совет. Петропавловск” деген атаулары бар чаттар арқылы жұмыстарын жандандырыпты. “Өз құқықтарын қорғау” деген ортақ идеяға Петропавл қаласының тұрғындары Елена Б., Мәдина К., Ольга Б. және басқалары қосылған. Олардың көзқарастары бойынша Қазақстанның Кеңес одағының құрамынан шығуы заңсыз.

19 наурызда өткен жиналыста    В.Зудерман қатысушыларды “Еңбекшілер халық кеңесінің” декларациясымен таныстырған. Онда Қазақстан Республикасы жай ғана корпорация түрінде көрсетіліпті. Мемлекеттік қызметкерлерді құрылтайшылар мен агенттер деп атап,  сенімсіздік білдірілген. Өздерін Қазақстан Республикасынан тәуелсіз, территориялық тұрғыдан дербес санаған.

Саясаттанушылар мен басқа да мамандардың қатысуымен жүргізілген  психологиялық-филологиялық сот сараптамасының тұжырымы негізінде “Халық кеңесінің” декларациясы мен басқа да құжаттарында сепаратизм мен мемлекет қауіпсіздігін бүлдіруді насихаттау сарыны бар екені анықталды. Сарапшылар бұл материалдар елдегі қоғамдық-экономикалық және саяси жағдайды тұрақсыздандыру мен сепаратистік көңіл күйдің артуына жол ашатын, саяси және әлеуметтік тәуекелге алып баратын қауіпті құбылыс ретінде бағалады.

“Вячеслав Зудерман, Елена Б., Мәдина К., Ольга Б. еліміздің конституциялық құрылымына қарсы және мемлекет қауіпсіздігін бүлдіретін әрекеттерге бару арқылы ауыр қылмыс жасады. Қылмыстық кодексте бұл баптардың әрбірі бойынша сотталушыға бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған”, – деді сот процесінде айыптаушы тарап.

В.Зудерман сондай-ақ үйінде заңсыз қару ұстағаны үшін де қылмыстық жазаға тартылып отыр.

Сөз арасында мына жайттарға тоқталмай кетуге болмайды. Оның бірі – қалалық соттың үкімі бойынша жазда Т. есімді әйелдің “сепаратизм бабы” бойынша кінәлі ретінде танылып, бас бостандығынан айырылуы. Ол әпкесімен бірге “Chat-Roulette” бейнечаты арқылы белгісіз ер адаммен сөйлесіп, сепаратизм белгілері бар сөздер айтқан. “Әлемдегі қай президентті өз еліңіздің басшысы ретінде көргіңіз келеді?” деген сұраққа “Путин” деп жауап берген. “Біздің Петропавл мен Солтүстік Қазақстан облысын Қырым секілді алып қалыңдар”, – деп “жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықтының” керін келтірген. Бүйректен сирақ шығарушылардың  бірі – ботаникалық бақ өкілінің Татарстан президентіне жазған хаты. Оған белгілі әлеуметтанушы Ғалым Байтоқ: “Хат мазмұнына қарасақ, Петропавлдағы ботаникалық бақ татар диаспорасының ғана интеллектуалдық әрі зияткерлік меншігі сияқты. Ол бақты Татарстанға көшіруді сұрап отыр. Мұны қалай түсінуге болады? Қазақстанда бір ғана ұлт бар. Диаспора деген сөзді ұмыту керек, дұрысы – этникалық топ”, – деп орынды ескерту жасаса,  қалалық мәслихаттың депутаты Зәкіржан Мамлютов “ботаникалық бақ – Қазақстан Республикасының меншігі”, – деген уәж айтты.

Бұлардан шығатын қорытынды, бір шаңырақ астында өмір сүріп отырған халық арасына от тастайтын, желілерде желдей ескен осындай іс-әрекеттерге үнсіз қарауға болмайды. Дер кезінде құқықтық баға беріліп, қатаң шара қолданылып отырса, өзгелерге сабақ болары анық. “Е, қойшы соларды, айтады да қояды” дегендей жайбарақаттық пен немқұрайлылыққа салынсақ, бүгінгідей геосаяси қиын кезеңде мемлекет тұтастығы мен ұлт бірлігіне қатер төндірушілер есіріп кетуі әбден мүмкін.

“Ойнақтаған от басар” деп бабаларымыз текке айтпаған. Енді олардың қолмен істегенін мойынмен көтерулеріне тура келеді. Ешқандай аяушылық болмауы тиіс.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp