Петропавлда қыркүйек пен қазан айлары аралығында педагогтар арасында өткен “Педагогикалық панорамалар идеясы” облыстық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Дәстүрлі байқаудың биылғы ерекшелігі функционалды сауаттылықты дамыту бағытын көздеген.
– Біз мұғалімдердің 12 бағыт бойынша ұсынған жұмыстарын іріктедік. Бұл байқау арқылы ұстаздардың озық тәжірибесін, біліктілігін жас мамандарға үлгі етуді ойладық. Ұстаздардың жинаған тәжірибелері мен өз пәндеріне деген сүйіспеншіліктері бізді қуантты, – дейді “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” акционерлік қоғамы облыстық филиалының аға оқытушысы Гүлзат Әлжанова.
Облыстық байқауға қатысуға 225 мұғалім өтінім беріпті. Олардың жартысына жуығы – қала мектептерінің мұғалімдері. Отыз мұғалім – 3-ші, 21-і – 2-ші, ал 12-сі 1-ші орынды жеңіп алды.
– Конкурсқа жекелеген ұстаздардың еңбектері, командалық жұмыстар да қабылданды. Олар әр түрлі бағытты қамтыды. Биылғы конкурс біз үшін үлкен тәжірибе болды. Білімімізді арттырдық, – дейді Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әсел Исина.
Жеңіске жетіп, марапат алған ұстаздардың қуанышында шек жоқ. Олар бірнеше ай бойғы еңбектерінің бағаланғандарына дән риза. Байқаудың жеңімпаздары елордада өтетін республикалық сайысқа қатысады.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.