“Абылай хан резиденциясы” музей кешенінде “Теңге – тәуелсіздік келбеті” деген атаумен Ұлттық валюта күніне арналған жылжымалы көрме ашылды. Шараға қатысқан Ұлттық банктің облыстық филиалының мамандары мен еңбек ардагерлері төл теңгеміздің тарихына жан-жақты тоқталды.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернияз Сұлтан Ұлттық валютаны енгізу ел экономикасының қалыптасуының алғышарты екенін айта келіп, теңгенің шығуымен Қазақстанның тәуелсіздігі де нығая түскенін жеткізді.
Ұлттық банктің облыстық филиалының директоры Диас Мэлс жиналғандарды төл ақшамызды дайындау жұмыстарымен таныстыра келіп: “1993 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шығып, 15 қараша күні теңге ресми айналымға енді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау сол жылдың 15 қарашасы таңғы 8:00-де басталып, 20 қараша күні 20:00-де аяқталған еді. 1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2,5,10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты. 2006 жылы 15 қарашада 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттар жаңа дизайнда жарық көрді”, – деді.
Көрме сөрелеріндегі банкноттар мен монеталар тамашалаушылардың қызығушылығын тудырды. Жасалу жолын, дизайнын сұраған жандар аз болмады. Сауалдардың барлығына музей мамандары жауап берді.
– Кез келген тәуелсіз мемлекеттің ұлттық валютасы болуы керек. Өйткені бізді халықаралық қауымдастық төл валютамыз арқылы танып біледі. Менде Қазақстанның 1993 жылы басып шығарылған теңгелері бар. 1, 3, 5, 10 теңгелерді көзімнің қарашығындай сақтап келемін. Әйгілі хандарымыз бен жырауларымыздың бейнелері жаныма ыстық, – деді М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті Ерлан Бекен.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.