«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Алғашқы баспалдақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тайынша ауданындағы Чкалов елді мекенінде 2013 жылдың 30 тамызынан бастап “Дебют” шахмат-дойбы клубы жұмыс істейді. Он жылдың ішінде 150-ге жуық баланы зияткерлік ойынға тәрбиелеген клуб Сепен Көпеев пен Орынбай Сейітов есімді азаматтардың ұйытқы болуымен ашылған.

“Дебют” сөзі француз тілінде бастау деген мағынаны білдіреді. Шахмат ойынындағы жүрістер фигураларды шабуыл жасауға ыңғайлы орналастырудан басталады. Орынбай Сейітовтің айтуынша, дебюттің испандық, италиялық, Каро-Кан, Алехин қорғанысы және тағы басқа сан алуан түрлері бар. Сондықтан бұл клубты болашақ чемпиондардың жеңіске деген алғашқы баспалдағы болсын деген ниетпен “Дебют” деп атаған екен.

– Біздің ауылда кинотеатр, Мәдениет үйі жоқ. Жастар уақыттарын бос өткізбесін деген ниетпен аудан әкімінің қолдауымен шахмат-дойбы үйірмесін ашқан болатынбыз. Басында алдымызға чемпион тәрбиелеу мақсатын қойған жоқпыз. Ол маңызды да емес еді. Шыдамдылықты, салқынқандылықты, логикалық ойлауды қажет ететін ақыл-ой спорты арқылы балаларды күрделі істің күрмеу жібін тез шешуге дағдыландырғымыз келді. Шахматпен шектелмей, әлемдік интеллектуалдық ойындардың озық үлгілерімен бой теңестіре алатын, түркі халықтарының төлтума ойыны – тоғызқұмалақты да үйреніп жүрген балалар бар, – дейді Орынбай Сейілханұлы.

Уақыт өте келе клубта тәлім алған балалар аудандық, облыстық жарыстарда топ жара бастаған. Ағайынды Ердәулет, Әли және Құндыз Дондық үшеуі республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, үздік ойыншылар қатарынан көрініп жүр.

Тамыз айында клубтың 10 жылдығына орай және Конституция күніне байланысты шахмат пен дойбыдан турнир ұйымдастырылған. Интеллектуалдық жарысқа Астана, Петропавл, Көкшетау, Омбы қалалары мен Тайынша ауданындағы ауылдық округтерден 57 балғын қатысқан. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйақылар табысталған. Турнирдің жоғары деңгейде өтуіне жергілікті жерде тұратын азаматтар демеушілік жасап, көмек қолын созған.

– Кез келген адам әр қадамын аңдап, есеппен басуға дағдыланып, жан-жақты дамуы үшін зияткерлік ойындар аса қажет. Балаларымыздың шахмат пен дойбы сияқты ойындарға қызығып қатысатыны көңілімізді қуантады. Үйде телефонға телміріп отырмай, бір-бірімен ойнап, араласқан бала далада қалмайды. Осы ойын арқылы ауылымызды республикаға танытқымыз келеді, – дейді Чкалов ауылдық округінің әкімі Сәкен Сәдуақасов.

“Білегі мықты емес, жігері мықты жеңіске жетеді”, – деп спорт әлемінің абызы, атақты балуан Жақсылық Үшкемпіров айтқан қағиданы чкаловтықтар басты ұстанымдарына айналдырғандай. Ауылдық округ әкімі ынталы жасөспірімдерді қолдау мақсатында арасында өзара байқаулар ұйымдастырып, арнайы марапаттайтынын да айтты.

Клубтың тынысымен танысып, көңіліміз марқайып қалды. Ауыл балаларының салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақыттарын тиімді өткізіп жүргендеріне разы болдық. Алдағы уақытта әлемді бағындырған шахматшылар осы Чкалов ауылынан шықсын деген ниетпен жастарға сәттілік тіледік.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp