Петропавлдағы 6637 әскери бөлімнің 16 сарбазы білім грантына ие болды.
Конкурстық іріктеуге республикадан 2022 жылғы көктем және күз мезгілдерінде Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылған 17 253 сарбаз қатысты. Үміткерлер туралы деректер Қорғаныс министрлігінің сайтында жарияланып, араларынан ең үздік нәтижеге жеткендері іріктеліп алынды.
Қорғаныс министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылған бағдарлама аясында сарбаздың әскерге келген күннен бастап қызмет атқару кезіндегі бағалары, әскери дайындығы басты өлшем ретінде бағаланып, ұпай қойылды. Рейтинг автоматты жүйемен есептелді. Бұдан бөлек, әскери өмірдегі саламатты дағдылар, түрлі іс-шараларға белсенділікпен қатысуы да ескерілді. Кейін қорытындысы шығарылып, соған орай білім гранты табысталды. Әскери қызметтен кейін сарбаз екі жыл ішінде ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түсуге құқылы. Өзі таңдаған оқу орнындағы әскери кафедраға емтихансыз қабылданады.
Білім серификатына ие болғандардың бірі – Бекзат Аманжол. Ол Алматы қаласынан келіп, осында азаматтық борышын адал атқарып жүр. 10 ай ішінде 692 ұпай жинап, университет грантын жеңіп алды.
“Грант жеңіп алғаныма өте қуаныштымын. Елге оралған соң Атырау қаласындағы С.Өтепов атындағы мұнай және газ университетінің инженер мамандығына құжаттарымды тапсырмақпын. Колледжді бағдарламашы мамандығы бойынша бітірген дипломым бар”, – дейді ол.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.