«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕЛЕР ФОРУМЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда “Мен сенің өміріңнің жалғасымын” атты облыстық әкелер форумы өтті. Тәрбиелік мәні зор іс-шарада отбасындағы әкенің рөлі, саналы ата-ана мәдениетін қалыптастырудағы психологиялық-педагогикалық қолдау жайы кеңінен сөз болды.

Облыста алғаш ұйымдастырылған республикалық форумға зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, ардагерлер, сондай-ақ облыстың түкпір-түкпірінен келген 200-ден астам белсенді әке қатысты. Еркін форматтағы әкелер форумы пленарлық және сессиялық отырыстардан тұрды. Шараның өтуіне 16 филиалы және 247 сарапшысы, 130-мың мүшесі бар “Сенімен болашақ” республикалық қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды.

“Біз, әкелер, балаларымызды оқытып, тоқытудамыз. Киіндіру, тамақтандыру, барлық қажеттіліктерін өтеу де бізге жүктелген. Шыны керек, осы шаруаларды атқарған кей әкелер өз балаларының алдындағы парыздарын орындап жүрмін деп ойлайды. Бүгінгінің баласы әкенің мейіріміне, қамқорлығына мұқтаж. Әкесінің өзіне көңіл аударып, әңгімелескенін қалайды. Ұлы Абай айтпақшы, егер бала ата-анадан мейірім көрмесе құрбысына, одан мейірім болмаса ұстазына, одан қайыр болмаса көшеге барады. Қоғамда осы олқылық түзелсе деп ойлаймыз”, – дейді “Сенімен болашақ” республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, идея авторы Нұркен Асанов.

Форум барысында психологтар әкелермен кездесіп, баламен қалай сөйлесу қажеттігі жөнінде тренингтер өткізді. Мамандар бала өміріндегі әкенің рөлі жайында ақыл-кеңес берді. Қоғамдық бірлестік мамандары ата-аналарға арналған тәрбие құралы ретінде Алаш зиялыларының еңбектерін қайта басып шығарып, көпшілік назарына көрме ұсынды. Көрме сөресіне бала тәрбиесіне, педагогика, психологияға қатысты тың туындылар қойылды. Сондай-ақ форумға қатысушылар қайта басылып шыққан Мағжан Жұмабаевтың “Педагогика” кітабымен, Жүсіпбек Аймауытовтың “Тәрбиеге жетекші”, Міржақып Дулатовтың “Оян, қазақ!” туындыларымен, Ахмет Байтұрсыновтың “Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін” атты еңбегімен танысты. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 5 томдық еңбегі де қайта шығарылып, 100 мектеп, 100 кітапханаға, 100 университетке бірлестік тарапынан тегін таратылған.

“Қазақтың болашағы үшін бар ғұмырларын сарп еткен асылдардың өмір жолдары – өнегенің қайнар бұлағы. Жүсіпбек Аймауытовтың “Тәрбиеге жетекші” кітабы 100 жылдан кейін қайта жарық көріп, 2000 данасы таратылды. Жалпы бүгінде бірлестік тарапынан 8 кітап басып шығарылды, 4 симпозиум өткізілді”, – дейді осы қоғамдық ұйымның Астанадағы филиалының басшысы Шерхан Жұмабекұлы.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp