Мақтаныш үшін айтқалы отырған жоқпын, журналистика саласында 52 жыл қызмет істеген кезеңде менің де алдымнан талай жас өтті. Солардың арасында бірден оза шауып, төске ұрғандар да болды, үйірінен адасқан қаздай қайда келгенін түсіне алмай тәжірибесі толысып, пісіп-жетілгенше газеттің ауыр да күрделі қызметінің ғажабынан гөрі азабын көбірек тартқандар да кездесті. Осындай сәттерде менің ойыма көп жыл қатар жүріп, бірге қызмет істеген Мәлік Мұқанов оралушы еді.
Әскери борышымды өтеп келгеннен кейін, 1971 жылдың 20 желтоқсанында өңірдегі қазақ тіліндегі жалғыз басылым – “Ленин туы” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan”) газетіне қызметке қабылдандым. Арада жарты айдай уақыт өткеннен соң қарашаңырақтың табалдырығынан Мәлік Мұқанов деген жігіт аттады. Оның да әскерден оралған беті екен. Көп ұзамай қатарымызға Мереке Тұралин қосылды. Мереке ағамыздың жөні бөлек, ол – сегіз жылдық мектепті басқарған, облыстық радиода қызмет істеген, журналистикадан хабары бар адам. Мәлік те менен ересектеу, әскерге шақырылғанға дейін өзінің туған ауылы Есіл (бұрынғы Ленин) ауданындағы Амангелдіде ме екен, қазақ мектебінде орыс тілінен сабақ берген көрінеді. Бірақ журналистика саласында істемеген.
Сол кездегі газеттің бас редакторы Уәп Әшімұлы Рақымжановтың көрегендігіне таңғаламын. Газет қызметінің жілігін шағып, майын ішкен, екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері – Уара Нұрсейітов, Рәшид Бәдірленов, Мұхаметғали Нұрғожин, олардың ізін басып келе жатқан орта буын өкілдері – Сұлтан Темірханов, Сабыр Сауытбаев, Бақыт Мұстафин, Серік Қасенов, Тұрысбек Кәдіров, Әмір Қожахметов, Мұрат Нұрмұқанов, Амандық Жантеміров өз ісінің нағыз майталмандары еді. Редакцияның сол құрамындағы соңғы буынның өзі де мықты болатын. Амандық Әбжанов, Болат Қожахметов, Күлбағила Өмірбековалардың алғашқы қиындықтарды еңсеріп, сенімді жұмыс істеп жатқан кезі. Өзіммен №2 қазақ-мектеп интернатында бірге оқыған Шашубай Малдыбаевты да осында кездестірдім. Оның да Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетін тамамдап, қызметке орналасқанына 4-5 айдай болып қалыпты. Солардың қатарына біз де қосылдық. Уәп Әшімұлы, сірә, шығармашылық ұжымда сабақтастықтың сақталуына көп көңіл бөлген-ау деп ойлаймын.
Хош, сонымен редакциядағы қарбалас күндер басталып кетті. Кілең ығай мен сығай! “Солардың арасында жұтылып кетпесек жарайды ғой?!” Көңілде үміттен гөрі күмән басым. Өйткені менің білгенімнен білмейтінім көп еді. Қайтсем осы ұжымда тұрақтап қаламын деп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым. Уақытпен санаспай жұмыс істеймін, жатпай-тұрмай аға әріптестерімнің жазғандарын оқимын. Солардың ішінде Мәлік Мұқановтың мақалалары өзгешелеу көрінеді. Кешікпей оның есімі лездемелерде атала басталды. Лездеме демекші, ол кезде газеттің жаңа сандарын талдау өте қызу өтетін. Кезекшілер де, жиынға қатысушылар да өздеріне ұнаған материалдарды атай отырып, бір қайнауы ішінде деген мақалаларды сынаудан жасқанбайтын. Оған ренжігендер де болған шығар, бірақ сол кезде сын және өзара сын шығармашылық ұжымдағы қалыпты жағдай болатын. Өз басым мақтауға да, даттауға да ілікпегеніме қуанып жүрдім. Тікелей бастығым Мұқаметғали Нұрғожин, мені қайраған түрі ме екен, лездемедегі әңгімені бөлімде жалғастырып: “Осы жігіттің аяқалысы жақсы, тақырып таңдай біледі екен, сөз саптауы да жаман емес, түбі бірдеңе шығады”, – деп Мәлікті мақтай жөнеледі. Мақтаса мақтағандай, Мәлік жұмысын бірден үйіріп әкетті. Ол хат бөлімінде істегендіктен, газет оқырмандарының жер-жерден келіп жататын шағымдарымен көп жұмыс істеді. Кей материалдарды “Редакцияға хат” деген айдармен үзбей беріп тұрса, кейбір шағымдарды егжей-тегжейлі тексеріп, “Бір хаттың ізімен” айдарымен кесек-кесек мақалалар жаза бастады. Осылай ол қалың оқырманға тез танылды. Осыдан кейін тіпті кейбіреулер конверттің сыртына “Ленин туы”, Мәлік Мұқановқа деп жазатын болды. Осындай жансебіл еңбегінің нәтижесінде кешікпей ол хат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
Мәлік Жақыпұлы өлең, әңгіме де жазады екен. Алайда өлеңдерін газетке көп ұсынбайтын. Ал әңгіме, новеллалары өзіміздің газетте, сол кездегі республиканың беделді басылымдарының бірі “Мәдениет және тұрмыс” (қазіргі “Парасат”) журналында да жарияланып тұрды. Бұл астанадан шалғайда қызмет істеп жүрген жергілікті жас қаламгер үшін үлкен жетістік еді.
Қанаттас әріптесімнің осындай жетістіктері біздің де етек-жеңді жинап, ширақ жұмыс істеуімізге, тынбай ізденуімізге оң ықпал еткені анық еді. Ол кезде бәсекелестіктің күшті болғаны сондай, не жазсаң, соның бәрі газетке шыға бермейтін. Бірақ тауымыз шағылып көрген жоқ, өңдейміз, қайта жазамыз, әйтеуір іске жаратамыз, дегенімізге жетеміз.
Бірде Мәлік екеуімізді бас редактор шақырып алып: “Қызметтеріңе ризамын, тек жұмыс-жұмыс деп оқуды ұмытып кетпеңдер, қазір, жас кездеріңде білім алғандарың дұрыс”, – деді. Бұл – өзіміздің де ойымызда жүрген мәселе еді. Бірден келісе кеттік. Сол кезде біраз әріптестеріміз Алматыдағы С.М.Киров атындағы университеттің журналистика факультетінде сырттай оқып жатқанды. “Біз де сонда барайық”, – дедік. Уәп Әшімұлы: “Алматыны қайтесіңдер, журналистиканы бір адамдай меңгеріп қалдыңдар (екеуіміз де бөлім меңгерушісі едік), осы өзіміздің институтқа түсіңдер, мұнда да жақсы білім алуға болады”, – деді. Бастығымыздың, жанашыр ағамыздың сөзін жерге тастаған жоқпыз, құжаттарымызды институттың тарих бөліміне тапсырып, сол жылы екеуіміз де оқуға түстік. Бірге оқыдық, Мәлік мұнда да көптің бірі болып отырып қалған жоқ. Орыс мектебінде оқыды ма екен әлде орыс арасында өсті ме, әйтеуір орысша суырылып тұр. Кейбір мәселелерде оқытушылардың өздерімен сөз жарыстырып, бой бермей кетеді.
Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында бұрын үш ұйықтасақ, түсімізге кірмейтін талай оқиғалар болды ғой. Партиядан билік кете бастады. Көп мәселені кеңестер шешетін болды. Ал ондағы қаракөздердің саны саусақпен санарлықтай ғана. Оның ұлтымыз үшін зардабы облыстық кеңестің төрағасын баламалы негізде сайлау барысында байқалып қалды. Додаға түскен төрт үміткердің үшеуі қазақ еді. Қазақ болғанда да елдің алдында жүрген, үлкен басқару мектебінен өткен, белгілі де беделді азаматтар болатын. Өкінішке қарай, сол кездегі облыстық кеңестің депутаттары “ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын” дегенге салып, партия, кеңес органдарының қызметінен хабары жоқ Параскевич деген біреуді төрге оздырып жіберді. Осы жай үлкендер жағын да ойландырған болуы керек. Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының облыстық бөлімшесінің бір жиынында Ніл Болатбаев, Қосыл Омаров, Мәжікен Ғаббасов бастаған бір топ ағаларымыз 1994 жылдың 7-наурызында жергілікті өкілді органдардың сайлауы болатынын айтып, “осы саяси науқаннан жастар – сендер де шет қалмаңдар, депутаттық мандат үшін күресіңдер, ұлт мүддесін сендер қорғамасаңдар, кім қорғайды?!” деп мәселені төтесінен қойды. Және “Қазақ тілі” қоғамының атынан түсіңдер деп шегелеп айтты. Ақыры, бір топ азаматты “Қазақ тілі” қоғамы облыстық мәслихаттың депутаттығына кандидат етіп ұсынды. Мәлік Мұқанов – Ленин, Сабыр Сеңкібаев – Жамбыл, мен Сергеев ауданынан түстік. Бұл – өзі оңай шешілетін мәселе емес еді. Біріншіден, қай округте болмасын, дауыс беретіндердің көпшілігі басқа этностардың өкілдері, қарсыластарымыз да осал емес, бір-бір қызметтің тұтқасын ұстап жүрген елге танымал азаматтар. Мәселен, Сабыр депутаттық мандатқа кеңшар партия ұйымының хатшысымен таласса, Мәліктің қарсыласы сол кезде ауданда ғана емес, облыста дүркіреп тұрған “Ульянов” кеңшарының директоры Шкодин болды. Ал мен дауысқа түскен №20-шы Марьевка сайлау округінде төрт кандидат тіркелдік. Билік те бізді қолдай қойған жоқ, неше түрлі айла-шарғы жасап, аяғымыздан шалуға тырысты. Ақыры не керек, қыстың көзі қырауда ауыл-ауылды аралап, тұрғындармен кездесіп, шапқылап жүріп депутаттыққа да өттік.
Ол бір кеңес заманындағы игіліктердің көзден бұл-бұл ұшқан, қысқа жіп күрмеуге келмей жатқан қиын кез болатын. Сессия сайын бір шешімге келе алмай қызыл шеке боламыз да жатамыз. “Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақтың” нағыз өзі. Бізден гөрі көргені, көңілге түйгені мол ғой деп Мәлік Жақыпұлын алға саламыз. Ол мәселені тереңнен қозғап, буырқанып сөйлейді. Сондай сәттерде қарсыластарымыз жұмған ауыздарын аша алмай қалушы еді. Осылай жер-су атауларына байланысты көптеген мәселелер оң шешімін тапты, Сергеев, Ленин, Совет сияқты аудандар қазақша атала бастады.
Жетпіс жылдан астам уақыт бойы аяғымызды матап, тынысымызды тарылтқан кеңестік жүйенің темір құрсауынан біржола босанғымыз, бодандықтың қамытын мәңгілікке сыпырып тастағымыз келеді ғой, баяғы. Оған басқалар көне қойсын ба, қылышын жалаңдатып казактар шықты, Борис Супрунюк сияқты басбұзарлардың қолтығына су бүркушілер көбейді. Қазақстанның тәуелсіздігіне қарсы сөз айтудан қаймықпайтын газеттер шыға бастады. Күнде айтыс-тартыс, тіпті, кейде облыстық мәслихат сессиясының күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша шешім қабылдауға бір күн жетпей келесі күні де жиналып жүрдік.
Тоқсаныншы жылдардың бас кезіндегі берекесіздіктердің салдарынан Қазақстан да жартастың шетіне таяп қалған еді. Бір сөзбен айтқанда, Кеңес өкіметі орнықтырған тұтас қоғам бөлініп-жарылудың аз-ақ алдында тұрды. Солшылдар, оңшылдар, неше түрлі ұлтшылдар – бәрі де айтыс-тартыстың көрігін қыздырып, қайтсе де өз сөздерін өткізуге тырысты.
Сан алуан этностардың өкілдері тұратын өңірімізде шиеленісті жағдайлар мен тұрақсыздық тудыруға әрекеттенгендер де, бұл ретте ұлтаралық факторларды пайдаланғысы келетіндер де көп болды. Әлі есімде, бір күні казактар қазіргі облыстық мәслихат үйінің алдындағы алаңға толып кетті. Алдын ала дайындалған екен, қолдарында дауыс зорайтқыштары бар, белдеріне қылыш байлап, әлем-жәлем киініп алған, ауыздарына не келсе, соны айтып жатыр. “Інге тығылған тышқандай отырамыз ба, барайық” деген соң, Мәлікке еріп біз де келген едік. Мұндайды кім көрген, жағамызды ұстағандай болдық. “Мыналары сұмдық қой, “әй” дейтін әже, “қой” дейтін қожа қайда?” дейміз бірімізге біріміз қарап. “Әне!” – деді Мәлік мәслихат үйіне қарсы орналасқан бұрынғы қалалық кеңесті нұсқап. Жалт қарастық. Қалалық атқару комитетінің төрағасы бар, бір топ шенеунік сыртқа шығып, халықпен сөйлесуге бата алмай терезенің ар жағынан сығалап тұр екен. Олардан қайыр болмайтынын түсінген Мәлік топты киіп-жарып рұқсатсыз жиынды ұйымдастырушыларға жетті де қолдарындағы дауыс зорайтқышты жұлып алып, оларға мұндай текетірестің аяғы жақсылыққа апарып соқтырмайтынын түсіндіре бастады. Негізі ол қызуқанды, аздап тентектігі бар жігіт сияқты көрінетін. Жоқ. Есті тентек екен. Өзеурегендердің бәрін сабасына түсірді. Мұнымен де шектелген жоқ, кейін еліміздің егемендігі тақырыбына орыс тілінде бірнеше мақала жазып, қалалық, облыстық, республикалық басылымдарда жариялады. Әйтеуір ол тәуелсіздік тағдыры таразы басына түскен сол алмағайып кезеңде ұлт мүддесін қорғау жолындағы күрестің бел ортасында жүрді. Қайраткерлігімен жарқырай көрінді.
Мәлік Жақыпұлы қаламгер ретінде де өр биіктерді бағындырды десек, артық айтқандық болмайды. Республикалық “Халық кеңесі”, “Егемен Қазақстан” газеттерінде қызмет істеді. Аянған жоқ. Істің тетігін таба алмай жай да қиын жайды одан сайын күрделендіріп отырған бос белбеу басшыларды да аяған жоқ, сын мақалаларды қарша боратты, халықтың сөзін сөйледі. Бұл оның нағыз кәсіби қаламгер деңгейіне көтерілген кезі еді.
Мен бұл мақаланы Мәкеңді көз көргендер ұмытпасын, болашақ ұрпақ біліп жүрсін деген мақсатпен жазып отырмын. Жоғарыда айтылған сөздердің оның шын бейнесін ашпайтынын, “ол қандай адам еді?” деген сауалға жан-жақты, толық жауап бере алмайтынын ішім сезеді. Он жеті жыл бір шатырдың астында бірге қызмет істеп, одан тыс уақытта да аралас-құралас болған әріптесім Мәлік Мұқановқа қатысты есте қалған кейбір жайларды жаңғырта отырып, оны кейбіреулер сияқты асыра мақтап, дара еді, дана еді дегім келмейді. Ол да өзіміз сияқты қарапайым ғұмыр кешті. Кім кемшіліктен ада, құламаса да сүрінген, күйкі тіршіліктен шаршап кететін кездері де болды. Мінезі ауыр еді. Көп күлмейтін, ашылып сөйлемейтін.
Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханов жазғандай, “Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден”. Міне, Мәлік Мұқановтың өмір жолына, шығармашылық, қоғамдық қызметіне осы тұрғыдан қарайтын болсақ, оның табиғи, туа біткен қасиеттерін маңдай термен, тынымсыз ізденістерімен байыта түскенін айтуымыз керек. Ол көп білетін, соған қарамай, әсіресе, жұрттың бәрінің қолына түсе бермейтін сирек басылымдарды көп оқитын. Ерік-жігері мол, табанды, қайсар еді, батыл еді. Содан да шығар, жағымпаздарды, намыссыздарды, мансапқорларды, екі жүзді адамдарды жек көретін. Және оны ешкімнен жасырмайтын.
Абай: “Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ”, – дейді. Осы ұлағатты мен білетін Мәлік Мұқановтың да жүрегіне түйіп өскені анық.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.