«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СҮТ САПАСЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мамлют ауданына қарасты Краснознаменное ауылы тұрғында­рының негізгі табыс көзі – төрт түлік, оның сүті. Алайда бірнеше аптадан бері кіріс жоқ. Шикізат қа­былдау­шы­лар сапаның нашарлаға­нын алға тартып, сатып алуды қойған. Бұған қараша халық қа­палы.

“Маслодел” жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі өкілдерінің ай­туынша, тұрғындардан алынатын сүттің басым бөлігі талапқа сай емес. Жаңа сауылған сүтті пласт­масса шелекке құймау керек. Оның қуыс-қуысына бактериялар жина­лады. Өрістен келген сиыр желіні­нің басында түрлі вирустардың болу қаупі жоғары, сондықтан сүттің бір-екі тамшысын жерге ағызып жі­беру қажет. Ауылдықтардың осы және өзге де қарапайым тазалық шарт­тарын ескере бермеуіне бай­ланыс­ты зауыт шығынға батуда.

– Ультрапастерленген сүт әзір­леу үшін ақтың сапасы жоғары болу керек, сондай-ақ қышқылдығы тө­мен болуы шарт. Егер өнім сапасы төмен болса, біз оны кәдеге жарата алмаймыз. Бұл ауылдықтардың сау­ған сүтінен түбегейлі бас тарту де­ген сөз емес. Оны тұрақты қабылдағымыз келеді. Біз алдағы уақытта сүтті сатып алатындардың халық­пен жұмыс істегенін қалаймыз, – деді серіктестік директоры Инна Пискунова.

Краснознаменное ауылы облыс орталығына жақын болғандықтан бұл елді мекендегі тұрғындардың біразы Петропавлда жұмыс істейді. Мал шаруашылығымен айналысу­ды жөн көргендер сүт сатып күнде­рін көріп отыр.

– Тұрақты жұмыс орны болма­ғандықтан отбасымызды асырау үшін сиыр ұстаймыз. Сүттен түсетін азын аулақ ақшаға азық-түлік, тұр­мысқа қажетті өзге де заттар сатып аламыз. Серіктестіктер сүтті сатып алуды доғарса, жағдайы­мыздың қалай боларын білмеймін, – дейді ауыл тұрғыны Елена Мар­тыненко. Ол бүгінге дейін алты сиыр сауғанын, сүт саудасы тоқтағаннан кейін екеуін сою­ға мәжбүр болғанын, тұ­рақты кіріс болмағандықтан, малды қыстан алып шығу оңайға соқпай­тынын жет­кізді.

Оның сөзін өзге тұрғындар да қостады. Солардың бірі – Янина Шаль сүт өткізу тоқтаса ауылдық­тардың әлеуметтік жағдайының қиындай­тынына алаңдаушылық білдірді.

Тұрғындардың базынасын тың­даған серіктестік жанындағы зерт­хана меңгерушісі бұл мәселеге қа­тысты негізгі кемшіліктерді жіпке тіз­гендей айтып берді.

– Тұрғындардың санитарлық та­лаптарға баса мән бергендері маңызды. Сүт сауылатын әрі құйылатын шелек пен сиырдың желіні таза болғаны жөн. Малдың жасы мен денсаулығына да көп нәрсе бай­ланысты. Егер жануар ауырса, ол сапалы сүт бермейді. Мұны ха­лық бір кісідей білсе дейміз. Тұрғындар негізгі ережелерден хабар­дар бол­са әрі жауапкершілік таныт­са, сүт қабылдауға әрдайым дайын­быз, – дейді Елена Ахметжанова.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орын­басары Талғат Наурызбаев тұрғындарды сүтті сауарда тазалық шара­ларына баса мән беруге шақырды. Сонымен қа­тар мәселенің жай-жапсарын жа­қынырақ білу үшін ха­лыққа өндіріс ор­нының қаладағы зертханасында сүт сапасын тексе­руге кеңес берді.

Ұлттық статистика бюросы үстіміздегі жылғы көктем кезінде сүт­тің құны 1 жылда 30 пайызға өскенін хабарлағаны белгілі. Жазда жағдай біршама түзелгенімен, са­рапшылар сүт өнімдерінің бағасын тежеу енді қиын болатынын ай­тады. Тіпті 2025 жылдан бастап жағ­дай ушы­ғуы да мүмкін. Өйткені сол кезде Еура­зиялық экономикалық одақ елде­рінде шикі сүтті қабылдау талапта­рын реттейтін техникалық регла­мент іске қосылады. Жаңа ереже бойынша сиыр автоматпен сауы­лып, сүт бірден салқындат­қышқа құйылуы керек. Яғни қолмен ше­лекке сауылған сүтті зауыттар­дың сатып алуына тыйым салына­ды. Сиырды сауатын арнайы құ­рылғыны екінің бірі сатып ала ал­майды. Сонда тұрғындар қайтпек? Әзірге ауылдықтар тазалық мәсе­лесіне жіті көңіл бөлетіндерін жет­кізіп, тар­қасты.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Самат БАЙҒАЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp